Биыл Қызылорда облыстық сотына 85 жыл. Қызылорда облысы дербестікке қол жеткізген 1938 жылы аймақтың бас қаласында облыстық сотта өз жұмысын бастады. Сол кезеңде біздің өңір республиканың басқа аумақтары секілді дамудың алғашқы қадамдарын басты.

Сот саласында қызмет жасаған алдыңғы буын өкілдерінің айтуынша сол кезеңдері сот саласы нақты нормаланбаған, әлі де даму үстінде болған. Менің де сот қаласына алғаш аяқ басқан 2000-жылдарындағы сот саласын қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда алшақтықты байқауға болады. Осыған бірнеше мысал келтіріп көрейін.
ХХ ғасырдың басталған тұсында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Мамандандырылған соттар құрылып, еліміздегі сот жүйесі дамудың жаңа сатысына өте бастады.

Уақыт өте келе қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарау, сотта және соттан тыс татуласу, даусыз талаптар бойынша кейбір арыздардың соттан тыс баламалы әдіспен шешу нормалары (нотариаттық жазба, салық бұйрығы т.б.) қолданысқа еніп, соттың жүктемесі біршама азайғаны белгілі.

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесі заман талабына сай жаңа технологиялық мүмкіндіктерге ие болды.

Сот істері «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы басқарылатын болды. Бұл дегеніміз – кез келген сот істері немесе арыз-шағымдар, басқа да сотқа жүгінулер электронды форматта арнайы «Төрелік» бағдарламасына орналастырылады. Сонымен қатар осы бағдарлама негізінде сотқа келіп түскен талап қоюлар, істер судьяға автоматты түрде бөлінеді. Яғни істің қай судьяның өндірісіне түсетінін цифрлық бағдарлама анықтайды.

Сонымен қоса сот істерінің басым көпшілігі электронды форматта қаралуда. Осының негізінде сотта қағазбастылық біршама азайтылғанын айта кеткен жөн.

Сот жүйесін цифрландыру мұнымен тоқтамай, біршама жыл бұрын «Сот кабинеті» сервисі қолданысқа енді. Бұл бағдарлама арқылы сотқа жүгінушілер өздерінің талабын, арызын, өтінішхатын сотқа электронды форматта ұсына алады және сот кабинетінің көмегімен сот ісінің қозғалысын еркін бақылап, сот актілерімен таныса алады.
Қазіргі таңда сот отырыстарының хаттамасы қолма-қол жазылмайды. Барлық сот залдарында аудио-бейнежазба қондырғылары орналастырылып, сот отырысытары бейнежазбаға түсіп, хаттама электронды форматта түзіледі. Сот отырысына қатыспаған тұлғалар сот отырысының аудиожазбасын сұратуға, онымен танысуға құқылы.
Сондай-ақ, қазіргі таңда сот отырыстарына онлайн режимде қатысуға да мүмкіндік бар. Яғни сіз басқа қаладасыз, алайда сот отырысына қатысуға мүмкіндік болмаса, ол үшін сот отырысын кейінгі қалдыруда өтінудің қажеті жоқ. Мемлекеттің, тіпті әлемнің кез-келген бұрышынды отырып, сот отырыстарына онлайн түрде қатыса аласыз. Ол үшін сізде компьютер немесе смартфон болса жеткілікті. Аталған құрылғылар арқылы сот қызметкерлері сізді TrueConf, Zoom, Whats`app қосымшалары арқылы сот отырыстарына оп-оңай қосуға мүмкіндігі бар. Осы ретте сот отырыстарын онлайн форматта өткізіп, сот отырысы хатшысының жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшылығы Қызылорда соттарының барлық судьяларын арнайы планшетпен қамтыған. 
Осы жаңашылдықтың барлығы ең бастысы халыққа тиімді орта қалыстыру, цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады.

Осы бүгінгі жеткен жетістіктеріміз сот саласында әр кезеңде қызмет атқарған аға-апаларымыздың да еңбектері бар екенін естен шығармауымыз керек. Сот саласының өркендеуіне, халыққа тиімді қызмет көрсетуде жоғарыда аталған жетістіктерге қол жеткізуге үлесін қосқан барша жандар мен Қызылора облысы соттарының барлық судьялар корпусын, сот қызмкеткерлерін мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын.

А.Әбілқайсқызы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған