10216 әскери бөлімі басқармасының офицерлері Қызылорда және Арал қалаларындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімдеріндегі әрбір әскери қызметшінің кәсіби деңгейі бағаланатын 2022 оқу жылына қорытынды тексерісін аяқтады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің 10216 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы майор Зәкіржан Исаев пен қару-жарақ бөлімінің аға инженері майор Алексей Субикин бастаған комиссия бір апта бойы әскери бөлімді тексерістен өткізді.
Қорытынды сынақтың негізгі мақсаты бөлімдердің жеке құрамының жауынгерлік, жұмылдыру дайындығының нақты жай-күйі мен даярлық деңгейін айқындау, бөлімше командирлеріне оқу-жауынгерлік қызметті ұйымдастыру бойынша жұмыс нысандары мен әдістерін жетілдіруде іс-тәжірибелік көмек көрсету болып табылады.
Әскери қызметшілер тактикалық, арнайы, атыс, саптық, дене шынықтыру дайындығын, әскери топография мен медицицналық даярлық, байланыс дайындығы және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарын қамтитын жауынгерлік оқудың негізгі пәндерінен сынақтар тапсырды. Қару-жарақ пен әскери техниканың жарамдылығы да тексерілді.
– Әр оқу жылының соңында өтетін бұл қорытынды тексеру барысында бөлімшелердің үйлесімділігі, жеке құрамның жауынгерлік дағдысының деңгейі мен әзірлігінің жай-күйі айқындалады. Әсіресе, офицерлер құрамының кәсіби дайындығына ерекше назар аударылуда. Соңында кәсіби деңгейі мен үлгерімі бойынша қорытынды бағалары шығарылатын болады, – деді майор Зәкіржан Исаев.
Қорытынды сынақтарды жақсы бағаға тапсырған Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімдерінде Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру жоспарына сай жеке құрамның жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров