ӘСКЕРДЕН ҚАШУ ӘЛСІЗДІКТЕН ЕМЕС, ӘЛІМЖЕТТІКТЕН БЕ?

Қазіргі уақытта әскери борышын өтеуге кеткен жастардың жан тапсыруы сияқты көз аша алмас ақпарат легі лық толы. Әскер қатарындағылардың өз-өзіне қол жұмсауы, есін білмей еліне оралғандардың да есебі болмай тұр. Оған себепші кімдер? Қолданар шара қандай?

Соңғы кездері жаңалықтар бетінен жас сарбаздардың жан тапсырған, содан да олардың аналарының көздері жасқа толы бейнесін жиі көретін болдық. Жамбыл облысы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген Бекбол Мираш шалбар белдігіне асылған күйде табылған. Өзін-өзі өлімге қиюға не себеп? Түрлі өлімге себепші нұсқалар болғанымен, біреуі негізсіз болса, келесі бір нұсқаны растаушы куәгерлер де табылды. Командирі қорлап, қол жұмсап, балағаттап қарамағындағы өрендей баланы өлімге әкелгенін айтқандар болды. Сол себепті бөлім командиріне сотқа дейінгі тергеу басталған-ды. Бірақ жаға ұстатары ол емес. Соңғы деректер бойынша асылған баланың ауыз қуысы мен киімінен ер адамның шәует іздері табылды. Одан бөлек, сотты болып жатқан командирдің қорғаушысы әлдекімнің ұялы телефонынан осы оқиғаға қатысты бір емес бірнеше түрлі сексуалдық сипаттағы әрекеттер түсірілген бейнежазбалар бар екенін де айтты. Мұның бәрі бозбаланың әлімжеттікке шыдамай белбеуге асылуына әкелгенін көрсетеді.

Жыл сайын 200000-нан астам жігіт әскери борышын өтеуге шақырылғанымен, оның барлығы бірдей сарбаз атанбайды. Бұл дегеніміз жауынгерліктен жалтарушы жастардың көптігін көрсетеді. Ресми деректерге сүйенсек 2015 жылдан 2022 жылдың тамызы аралығында 100-ге жуық жауынгер ажал құшқан. Олардың көбі атылған, немесе асылып қалған. Мұндай фактілерден кейін әскерге баруға деген құштарлықтың құм болатыны анық.

Отан қорғаймын деп өлім құшқандардың санын азайту үшін қандай шара қолданылып жатыр?

Оқыс оқиғалар өршіп тұрғаны рас. Оның отын өшіру үшін Қорғаныс министрлігі жаңа жобаны қолға алған-ды. Идея авторы ҚР Қорғаныс Министрі – Руслан Жақсылықов. ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті Тәрбие жұмыс басқармасының бастығы Серік Борамбаевтың айтуынша, жобаның мақсаты – өлім-жітімді азайту, қайғылы оқиғалардың алдын алу, жауынгердің әскери борышын аман-есен өтеу үшін жағдай жасау. Айта кететін жайт, әскери борышын өтеген азаматтар ешқандай сынақ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнында тегін білім ала алады.

Біз әңгімелеп отырған оқыс оқиға қалың қауым арасында дауға айналғаннан кейін ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әлеуметтік желіде берген сұқбатында әскердегі өлім жайлы сөз қозғады. Өз сөзінде ол:

– «Расында, статистикаға қарасаңыз, әскердегі өлім-жітім қалыпты жағдай. Себебі бейбіт өмірде жігіттер одан да көбірек қайтыс болады. Апат, төбелес салдарынан жаппай көз жұмып жатыр», – деді Айгүл Төлембаева.

ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі осылай айтып тұрса, еліміздің тыныштығын қамтамасыз етем деп әскерге аттанған жастардың белгісіз себептен көз жұмғандарына көніп отыра беруіміз керек пе? Әскери биліктегілер ата- ананың наласынан қорықпайды ма?

Отан алдындағы борышын өтеуге кетер бозбаланың бағын сындыру елдің еңсесін ез етеді. Болып жатқан бұл бей-берекетсіздіктің беті қашан қайтары белгісіз. Бұл дегеніміз –онсыз да борышын өтемеуге өлердей өтініш жасап жүрген өрендердің қатарын көбейтері сөзсіз. Елінің нағыз патриотын ер жеткіземіз десек, әскердегі әлсіз ресми билікпен қатар әлі жеткендерге әлімжеттік жасап отырған “көлеңкедегі” белгісіз биліктің жолын кесу керек. Әйтпесе, “Ерім дейтін ел болмаса, Елім дейтін ер» қайдан болмақ?

Мұхаммедшах КАЮП

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған