Биылғы жылдың 23 қаңтарынан бастап 2022 жылдың 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру басталады.
Заңдастыру үшін автокөлікті есептен шығару қажет. Көлікті есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоюға болады. Ел ішіндегі автокөліктерді сатып алған кезде де сатып алушы оны тіркеуден шығарып, өз атына тіркеуге қояды.
Автокөліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені басқа елде тұрған көлікте әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қойса, құқықтық мәселелер болуы ықтимал.
Көліктің тіркеуде тұрғаны, не болмаса тіркеуден шыққаны туралы ақпаратты білу үшін көлік тіркеуде тұрған елге барудың қажеті жоқ. Көп жағдайда сатушылар үшін көліктің өз атында тұруы тиімсіз. Себебі сатылып кеткен автокөлік өз атында тіркеуде тұратын болса, олар салық төлеуге мәжбүр болады. Содан да бұрынғы иелері көлік сатылғаннан кейін өзі өтініш беріп, көлікті есептен шығарады.
Көліктің тіркеуден шығу фактілерін қашықтықтан тексеруге техникалық мүмкіндіктер бар. Кей жағдайда көлікті тіркеуден шығару үшін арнайы сұрау жіберуге де болады.
Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі керек. Бұл – жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен көліктерді әкелгенде міндетті түрде көлікке кедендік тазарту жүргізіледі. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ.
Ал Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеніне қарамастан, онда автомобильдер Еуразиялық экономикалық одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткен және бұл автомобильдер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналады. Осыған байланысты оларды Қазақстанда тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мөлшерлемелері бойынша кедендік баждар айырмасын қосымша төлеп, толық кедендік тазартудан өткізу қажет.
Қандай көліктер заңдастырылмайды?
• Іздеуде жүрген (қылмыстық) көліктер;
• толық кедендік тазартудан өтпеген көліктер;
• 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.
Армения көліктерін қалай заңдастыруға болады?
Қазақстанда Армениядан әкелінген автокөліктер уақытша тіркеуге алынған. Ішкі істер министрлігі бұл көліктерді Армениядағы тіркеуінен шығару туралы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл көліктерді заңдастыруға қатысты барлық мәселе шешіледі.
Елге қосалқы бөлшек ретінде енген көліктер заңдастырылады ма?
Қазір Ішкі істер министрлігі елге қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген көліктерді заңдастыру бойынша жұмсы жүргізіп жатыр. Ол үшін әр көлік иесі құжаттары мен көлігін Автоцонға (мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына – авт.) тіркеу бөліміне әкелуі керек. Сол жерде барлық құжаттар мен көліктерді тексеріліп, әр автокөлік бойынша жеке- жеке шешім шығарылатын болады.
Көлікті қалай сақтандырады?
Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерге сақтандыруды заңдастыру аяқталған күнге дейін, яғни 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ресімдей алады. Өйткені бұл көліктер Қазақстанда заңдастыруға және тіркеуге жататын мәртебеде.
2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер сақтандыру полистері арқылы сол полисте көрсетілген мерзімге дейін сақтандыруға болады. Ал мерзімі өткеннен кейін жалпы негізде тіркеуі қажет немесе оларды Қазақстаннан тыс елдерге шығару керек.
Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы, немесе арнайы Автоцонға жеке жүгіну арқылы беруге болады.
Автоцондарда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайды.
Сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері болады. Олар заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді.
Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де сол жерде болады. Олар қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді.
(Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар)