Өткен жылдың 5-і қарашасында алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауы өткені есімізде шығар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» деген еді. Бұл пилоттық режимдегі сайлаудан сырбойылықтар да қалыс қалмады. Яғни Сырдария және Шиелі аудандарының әкімдері сайланды.
Нәтижесінде Сырдария халқы өздеріне «ескі де жаңа» Берік Сәрменбаевты әкім ретінде сайлады. Бір жылдары қалада біршама лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып жүрген ол қаланың «күйбең тіршілігінен» шаршап, Сырдария ауданы әкімінің кеңесшісі ретінде қаладан ауданға кеткен еді. Кеткені дұрыс болыпты. Көп ұзамай аудан әкімінің орынбасары болып, артынан Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалып, күзде халықтың сайлауымен аудан әкімі болып сайланды.
Тамыры терең, тарихы кенен, қойнауы қазынаға тұнған Сырдария ауданы аймақтағы іргелі мекен. Алқабы дәнге, өрісі төрт-түлік малға толы берекелі жер. Халқының ауызбіршілігі мол, қай істе де ұйысқан ұйымшылдық таныта білетін аудан ретінде белгілі.
Өткен аптаның сәрсенбісі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне арнайы есеп берді.
Былтыр Сырдария ауданындағы барлық салада даму динамикасы сақталды. Жыл басында аудан бюджеті 9,7 млрд теңгеге бекітілсе, жыл соңында 12 млрд теңгеден асты. Аудан бюджетінің 65 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталды. Берік Әбдіғаппарұлы сонымен қатар ауданда атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттер туралы айтты.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 27,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артты. 36 043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде, күріш 23 811, жаздық бидай 1723, арпа 15, мақсары 180, күнбағыс 100 гектар және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1168 гектарды құрады. Егілген күріш дақылынан гектарына 59,8 центнерден өнім алынып, барлығы 142 390 тонна астық жиналған.
– Кейінгі жылдары аймақта су тапшылығы мәселе тудырды. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы шаруашылықтарға 37, былтыр қосымша 12 насос алынды. Үш ауылдағы каналдың 12 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Өздеріңіз білетіндей, екі жылдың көлемінде аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда 2022 жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, былтыр жер көлемі 359 гектарға дейін артып,1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинап алды. Жұмыс биыл да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Кәсіпкерлік саласын дамыту тұрақты назарда. Қазіргі кезде ауданда 2765 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жалпы былтыр мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 454 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
– Мемлекет басшысының бастамасымен халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасына қатысуда сырдариялықтар да белсенділік танытты. Өткен жылы аудан бойынша «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 234,7 млн теңгенің 23 жобасы қаржыландырылған. Аталған жоба арқылы «Бесарық» ауылында бөдене фермасы ашылды. Ферма жылына 1500 тонна құс етін өндіріп, 1 млн-нан астам жұмыртқа алуды жоспарлап отыр. Жалпы аудан облыс орталығына жақын болғандықтан, тұрғындар мал бордақылау кәсібімен айналысып, қала тұрғындарының 80 пайызын етпен қамтамасыз етуде. Биылға 2,8 млрд теңгені құрайтын 496 жобаның тізімі жасақталған. Жобалар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдарына ұсынылады,-деді Берік Сәрменбаев.
Ауданда өткен жылы құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыстар атқарылған.
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында бюджет көздерінен 796,8 млн теңгеге Тереңөзек кентінен жапсарлас 80 тұрғын үй сатып алынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Жетікөл» елді мекенінде үш бөлмелі 2 тұрғын үй құрылысына аудандық бюджеттен 30,4 млн теңге бөлініп, көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлады. Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын аудандардың жолына қиыршық тас төсеу жұмыстары биыл аяқталып, кезекте тұрған 511 азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін табыстау жоспарланып отыр, – деді аудан басшысы.
Мемлекет басшысы «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырғаны белгілі. Осы ретте, былтыр ауданда құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілген. Мәселен, жол сапасын жақсарту, ауызсу жүйелері мен электр желілерін жаңарту басты назарда. Атап өтетін жағдай, аудан орталығы табиғи газбен толық қамтамасыз етілсе, елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 330,6 млн теңгеге Қалжан ахун ауылына газ жетті. Нәтижесінде ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету 35 пайызға жетті.