Шымкент қаласында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктерінің қатысуымен өңіраралық инвестициялық форумы өтті. Қызылорда облысының делегациясын облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов бастап барды.
Басты пленарлық мәжілісті Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ашты. Форумға Сыртқы істер министрінің Алмас Айдаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Ілияс Оспанов, ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев қатысып сөз сөйледі.
Қызылорда облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов өңірдің экономикалық дамуы және инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.
Форумның іскерлік бағдарламасына сәйкес облыс әкімдігі Германияның «Medal Vervaltungs» фирмасымен Қызылорда қаласының индустриялық паркінде фиброцемент, құрғақ құрылыс қоспаларын және пенобетон блоктарын шығаратын зауыттар салу туралы және «BSD Company» фирмасымен шыны ыдыстар шығаратын зауыт құрылысы бойынша Меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар Қызылордадағы «Орда Glass» шыны зауыты шымкенттік «Авангард» серіктестігімен шыны жеткізу туралы келісім- шартқа қол қойды.
АРАЛ ӨНІМДЕРІ КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛЫП, КӨПШІЛІККЕ ҰСЫНЫЛДЫ. Осы көрмеде химиялық, машина жасау, тамақ, жеңіл, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің 100-ден астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынды.
Олардың арасында Арал ауданы тарапынан «Аралтұз» АҚ-ның тұз өнімдері, «Aral Quartz» ЖШС-нің кварц құмы шикізаты, жеке кәсіпкер «Нысанбаев Жансеріктің» шыны талшықты пластик қайық өнімдерін және жеке кәсіпкер «Жолмахан Жұрсұлудың» шұбат өнімдері бар.
Көрменің басты мақсаты – отандық тауар өндірушілердің жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерімен кеңінен танысу, жаңа серіктестер іздеу және өзара тиімді келісімдер жасасу. Көрме отандық өндірушілерді насихаттауға бағытталған және кәсіпорындарды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және импортты алмастыратын өнімдердің ассортиментін арттыруға ынталандыру болып табылады. Іскерлік байланыстарды орнату үшін әлеуетті тұтынушылар шақырылды: мердігер компаниялар және әртүрлі саладағы жобалық ұйымдар, қонақ үй және мейрамхана бизнесінің өкілдері, сауда және дистрибьюторлық компаниялар және жергілікті атқарушы органдар.