Қаламға арнау
Кез-келгеннің қолына қонбайтұғын бұл бақыт,
Ықылымнан келе жатыр дәуір даусын тыңдатып.
Жөн ұстасаң небір заңғар биіктерге ұшқаның,
Теріс ұстап білді көбі өкінішті құшқанын.
Қалам осы ел бірлігін, берекесін сақтаған,
Шын қаламгер ешқашанда ар-ожданын сатпаған.
Адасып жүр бұл күндері қасиетті қаламның,
Құдіретін қасіретке айырбастап көп қоғам.
Үстінде ақ қағаздың жорғалаған,
Қаламым, қуат берші сен де маған.
Тайпалған жүрісіңнен сен жаңылсаң,
Болдырған шабан аттай жолда қалам.
Алмасып саусағынан замандардың,
Бүгінде мұра болып маған қалдың.
Төгумен жүрек сырын өз әлінше,
Жармасып, талап қып жүр саған да әркім.
Қолында шын жақсының жарқылдай бер,
Қор болмай шимайына надандардың.
Келемін саған ғана сүйенумен,
Ішінде ала-құла адамдардың.
Бұл өлең БАҚ саласы қызметкерлері мерекесіне орай қала әкімі А.Шәменовтың қатысуымен өткен мерекеде оқылды. Құр арнау емес, өкініш пен үміт, қуанышпен қатар реніш те бар. Адами сезім. Журналист пен қаламның бүгінгі жайын Ақын осылай суреттепті…
Айта кету керек, мереке жақындаған сайын қаладағы Сыр бойы әдебиетінің үш алыбы жанынан ашылған “Қаламгерлер аллеясына” сын күшейді. Жасыратын несі бар, уақытында жоқтан бар аллея жасалды. Алайда қала тұрғындары, әлеуметтік желі белсенділері аллея сиқына қанағаттанбады. Айтылған сыннан ашылғанда “өз аллеямыз бар” деп масаттанған қаламгерлердің де қабағына кірбің түсті. Биліктегілерге де оңай болмады. “Сын түзелмей, мін түзелмейді” дегендей қоғам тарапынан айтылған орынды сынның арқасында биылғы жылы қала әкімдігі аллеяны қайта жаңғыртты. Қаржы бөлініп, қол тиген жердің жаңарып, көз тартары анық. Аллея да аллея болып қалыпты. Биылғы мерекедегі ең үлкен сый – расында да жаңарған, сәні кірген “Қаламгерлер аллеясы” болды.
Қала әкімі де аллеяны көпке көрсетіп, көзайым етіп, мақтанғысы келген болар БАҚ қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шараны осы аллеяда өткізді. Жан[1]жақтың бәрі ашық. Кіру, шығу жолы бар. Кеңістік шектелмеген, еркіндік, күй ойнап, әуен шырқалып тұр…
Мерекелік сөзді қала әкімі А.Шәменов өзі бастады. Одан кейін Жазушылар Одағының осындағы басшысы Қ.Есімсейітова сөйлеп, өлең оқыды. Күні кеше әріптестер арасынан облыстың Құрметті азаматы атағын иеленген ақын, журналист “Қоғам TV” арнасының құрылтайшысы Ш.Әбдікәрімов те құттықтау сөз сөйлеп, ол да өлең оқыды.
Ашық аспан астындағы мерекелік көңіл-күй ақындарға шабыт берді-ау, белгілі ақын Д.Аяшұлы да өлең оқыды.
Қала әкімі А.Шәменов қала тақырыбын қозғап, қала ақпаратын елге жеткізіп жүрген бір топ журналистерге велотренажер сыйға берді.
Осындай шап-шағын, әп-әдемі іс-шара өткізген қала әкімдігі мен қалалық Мәдениет пен спорт бөлімі қызметкерлеріне мың алғыс!