Арал ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысып, жуырда қайта жаңғыртудан өткен «Балықшылар аллеясына» аялдады.
Аймақ басшысы Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне барып, қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкінінен қорғауға бағытталған жұмыстарды көрді.
Бүгінде Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 1,1 млн гектарына фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жөніндегі тапсырмасы өз деңгейінде жүзеге асуда. Сонымен қатар, құрғаған ұлтанға орман өсіруге басқа елдерден донорлар тарту бағытында да тиісті шаралар жалғасуда.
«Балықшылар аллеясы» Арал ауданының 95 жылдығы аясында қайта жаңғыртылған. Аумағына жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарықшамдар қойылып, шамшырақ (маяк) және шаңырақ іспетті арнайы арка орнатылды. Бұл аллея Арал қаласы тұрғындарының мерекелік шараларда бас қосатын, демалыс уақытын өткізетін саябақ болады деп жоспарлануда.