Тарих қатпарындағы шежіресі қалың аймағымыздың 85 жылдығы мен Арал ауданының құрылғанына 95 жыл толуы аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Бүгін Арал қаласында бой көтерген екі пәтерлік 50 тұрғын үйде қоныс тойы тойланды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін қос мерекемен құттықтады.

«Халықты баспанамен қамту – мемлекет үшін басым бағыттың бірі. Жыл сайын аймақта тұрғын үй көлемі артуда. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында былтыр 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 692,3 мың шаршы метр баспана табысталмақ. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Жақында Жаңақорған ауданында 50 отбасыға баспана кілті берілсе, Арал ауданында да 100 отбасы баспана қуанышына кенеледі. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Баспана тапсыру рәсімінде Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаев бата берді.

Мердігер мекеменің 4 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Жаңа үйлер қараша айында толық пайдалануға берілмек.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған