Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынатын кітапхана мен мәдениет нысандарының құрылыс алаңында болып, Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен заманауи, көпфункционалды кітапхана құрылысына инвестор есебінен 20 млрд. теңге қаралған. Жоба кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырмандарға қолжетімділікті арттыруға және өңірдің ақпараттық-мәдени әлеуетін күшейтуге бағытталған. Ғимараттың жалпы аумағы 13 000 шаршы метр, кітап қоры 1 миллионнан асады. Жыл сайын 250–300 мың оқырманға қызмет көрсету көзделген.
Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, заманауи каталог жүйесі, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеу бөлмесі ашылады. Сонымен қатар медиа-лаборатория мен подкаст студиясы жұмыс істейді.
Өңірде бой көтеретін жаңа театр мәдениет саласының дамуына тың серпін береді.
Жаңа ғимарат кең әрі заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бұл әртістердің дайындығына, күрделі декорациялар мен тың режиссерлік шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заманауи дыбыс және жарық жүйелері қойылымдардың мазмұны мен көркемдік деңгейін арттыра түседі.
Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын Alem Qurylys AQ серіктестігі жүргізуде. Бастапқы жобаға түзетулер енгізіліп, 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ қосылды. Жаңғырту аясында аллеялар, субұрқақтар, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары, workout және демалыс аймақтары салынады. Сондай-ақ фудкорт, теннис үстелдері, аттракциондар, велосипед және жүгіру жолақтары қарастырылған. Бұдан бөлек сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары бой көтереді.
Ботаникалық бақ аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2,41 гектар аумақ көгалдандырылып, Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскар елдерінде өсетін өсімдіктер отырғызылады.
Балалар лагерінің құрылысына 6,02 гектар жер бөлінген. Мұнда әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арналған алаң, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна және өзге де демалыс және техникалық нысандар салу жоспарланған.
* * *
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау және жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен жабдықтау жобасын көрді. Қолданыстағы «Қызылжарма» каналы 1957 жылы салынған. Ұзындығы – 13 800 метр, ені – 11 метр, техникалық жағдайы айтарлықтай тозған. Су ресурстарын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін каналды қайта жаңғыртып, заманауи талаптарға сай науамен жабдықтау қажеттілігі туындады.
Осы бағытта жоба әзірленіп, ол іске асқанда «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандары мен «Қызылжарма» ауылдық округінде тұратын шамамен 48 мыңға жуық тұрғын сапалы аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша және жеміс-жидек егуге, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді.
Суару маусымында каналдан шамамен 9,3 млн. текше метр су жіберіледі. Науа қойылған соң су шығыны шамамен 50 пайызға қысқарады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Бақ-Береке 2030» серіктестігі бастады. Келісімшартқа сәйкес жобаны іске асыру мерзімі – 14 ай.
Жоба бойынша 9 488 метр науа орнатылып, 34,3 гектар аумақ тазаланып, монолитті темірбетон конструкциялары тұрғызылады. Сонымен қатар 10 тіреу-бөгеттеу құрылғысы, 2 құбырлы өткел, жаяу жүргіншілер көпірлері, диаметрі 200 мм-лік 87 су шығару құрылғысы орнатылады. Оған қоса 56 400 шаршы метр кеспетас төселіп, 126 орындық пен қоқыс жәшігін қою жоспарланған.
Әрі қарай аймақ басшысы «Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту» жобасын жүзеге асыру барысын көрді. Мұнда 2,1 шақырымдық төрт жолақты жаңа автомобиль жолы салынуда.
Мердігер мекеме «Қыран», техникалық қадағалаушы «СК Энерго Ойл», авторлық қадағалаушы «Проинсет» серіктестіктері. Жобаның келісімшарт құны 1 673 132,0 мың теңге, ол бойынша жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарық шамдары орнатылады. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.