Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақтелеком» АҚ-ы Басқарма төрағасы Бағдат Мусинмен кездесті. Кездесуде жоғары сапалы цифрлық қызметтерді ұсыну, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті трансформациялау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда өңірдегі 21 медициналық ұйымда «Жасанды интеллект арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру технологиясын енгізу» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 млрд. 175 млн. теңге бөлінген.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында барлық ауданда талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, жедел басқару орталықтары жаңғыртылды. Осындай жұмыстар Байқоңыр қаласында және Ақай, Төретам елді мекендерінде де жүргізілді.
Қызылорда қаласында 1400 бейнебақылау камерасы, 80 «зияткерлік қиылыс» және 96 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылды. Облыстық жедел басқару орталығы қайта жаңғыртылып, жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе енгізілді.
Аталған жүйеге Ішкі істер министрлігі, облыс әкімдігі, облыстық ұлттық қауіпсіздік және полиция департаменттері қосылған. Жобаларды іске асыруға облыстық бюджеттен 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, қолданыстағы бейнебақылау камераларын Ұлттық бейнебақылау жүйесіне қосу жоспарлануда.
Кездесуде Бағдат Мусин ортақ бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Цифрлық қадағалау» пилоттық жобасына өңірлерден бірінші болып Қызылорда облысы қатысуда. Жедел әрекет ету орталығының «109-Бірыңғай байланыс орталығы»,«112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді. Қаңтар айында 10 пилотсыз ұшу аппаратын жалға алуға қаражат бөлінді.
* * *
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен жоғары сапалы цифрлық қызметтерді ұсыну, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті трансформациялау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі талқыланған жиын өтті. Оған «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, жетекші сала басшылары қатысты.
Жиында облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аймақ басшысы бірлесіп атқарылатын жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды бөлісті.
– «Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс» деп атап өтті. Жасанды интеллект негізінде цифрландырудың басты міндеттерін орындауды тапсырды. Олар – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару, Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика қатарына енгізу.
Осы мақсатта 2023 жылдан бері Қорқыт Ата университетінің базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен (SeoulTech) бірлесіп Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институты ашылды. Бүгінде институтта 240 студент білім алуда,оның 200-і бірлескен білім беру, 40-ы қос дипломды бағдарламаларда оқиды.
Өңірдегі 21 медициналық ұйымға жасанды интеллект арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға радиологиялық зерттеудің орталықтандыру технологиясы енгізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 млрд. 175 млн. теңге бөлінген», – деді Н.Нәлібаев.
Бүгінде облыстағы 223 елді мекеннің140-ы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған, 5G технологиясының 148 нүктесі іске қосылған.