Бүгін Қызылорда облыстық сотында сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселелеріне арналған шара өткізілді.
Шараға облыстық соттың судьялары, Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің бөлім басшылары мен мамандары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы қатысты.
Жиынды Қызылорда облыстық сотының судьясы Ш.Маликова ашып, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi екенін атап өтті.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Б.Әбдірасылова ресми мәтін және іс қағаздарын жазу барысында жиі кездесетін кемшіліктерді, сөздер мен синтаксистік құрылымдарды, сонымен қатар, мемлекеттік тілге қатысты құқықтық актілер жайында баяндады.
Шара барысында жиынға қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша өзара пікір алмасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі