Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан алғанда Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшудің мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет жаңа партиялар ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам. Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс.

Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді.
Елімізде саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне орын жоқ. Демократия – бұл, ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әрбір азамат, кез келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет. Барлық отандасыма айтарым: әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тәуелсіздігімізді сақтау және нығайту аса маңызды екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы. Біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Әрқайсымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізуі мүмкін. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс. Плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі тәуелсіздігіміз. Мен бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда айттым. Өйткені тәуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен және елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр. Болашақтың алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Кейінгі ұрпақ кімнің саяси ұстанымы қандай болғанына мән береді. Аға буынның оларға қандай мемлекетті мирас еткеніне қарап, бүгінгі күнін бағалайтын болады. Сондықтан біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек. Кез-келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс.
Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз. Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін.


Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзінен

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған