Қызылорда облысына арнайы келген Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Евгений Бобровпен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кездесті.
Басқосуда аймақ басшысы Қазақстан мен Ресей Федерациясын 30 жылдан астам уақыттан бергі стратегиялық серіктестік және ортақ тарихи оқиғалар байланыстыратынын атап өтті.
«Ұлы Отан соғыс жылдары жүздеген жерлестеріміз ерлік көрсеткені үшін түрлі дәрежедегі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Осыған орай, Ресей Үкіметіне жерлесіміз Қалмағанбет Оспановтың ерлігін ерекше бағалағаны үшін батырдың ұрпақтары мен барша аймақ тұрғындарының атынан зор алғыс айтамын. Қаншама жыл өткен соң қаһарманның наградалары, яғни III дәрежелі «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі туған жеріндегі туыстарына салтанатты түрде табысталмақ. Осы сәтті пайдаланып, Ресей Федерациясының Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктеріне, консулдық қызметкерлеріне екі ел арасындағы әріптестік пен сенімді қарым-қатынасты нығайту жолындағы еңбегі үшін ризашылығымды білдіремін», – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде, Бас консул өңір басшысына алғыс білдіріп, Ресей мен Қазақстанның өзара тиімді әріптестігін әрі қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Айта кетейік, РФ Алматы қаласындағы Бас консулының Қызылорда облысына жұмыс сапары Байқоңыр қаласында жалғасты. Евгений Бобров жұлдызды қалашықта Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесіп, ондағы Ресей Федерациясының азаматтарын қабылдады.
Қызылордада Бас консул шіркеуге барды және «Достық үйінде» «Славяне» этномәдени бірлестігінің мүшелерімен кездесті. А.С. Пушкин атындағы қалалық кітапхана қорына әдеби кітаптар табыстады.
Аймақ басшысымен кездесуден кейін Евгений Бобров облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановпен бірге Ұлы Отан соғысының батыры Қалмағанбет Оспановтың үйіне барып, оның туыстарына медальдар мен орден кітапшаларын салтанатты түрде тапсырады.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар