Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады.

2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында қысқы IX Азия ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы 10 спорт тәртібі бойынша 6 спорт түрінен бақ сынайды. Қазір команда құрамы бекітіліп, ойынға 138 спортшы қатысатыны белгілі болды. Бұл қысқы Азия ойындары 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Ірі спорттық іс-шаралар өткізу халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түсетіні, сондай-ақ туризмге тың серпін беретіні белгілі. Бұл ретте қазақстандықтар үшін спорт инфрақұрылымы қолжетімділігінің маңыздылығы басым.

– Барлық спорт объектілері қалың көпшілікке қолжетімді болып қалуға тиіс. Бұл спортпен шұғылданушылар санын арттырып, осы нысандар айналасында бизнестің дамуына жол ашады. Әкімдіктер мен кәсіпкерлер аталған бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Тек сонда ғана халықты көптеп тартуға мүмкіндік туады. Ол бизнес пен спорт-туристік нысандар айналасындағы елді мекендерге мультипликативті әсер береді, – деді О.Бектенов.

Премьер-министр О.Бектенов Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп инвесторлар тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстанда және басқа аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді дайындық бағдарламаларын құру бойынша қарқынды жұмыс қажет екенін атап өтті.

Спортшыларды даярлаудың нақты жүйесінің жоқтығы, жаттықтырушы құрамның жетіспеушілігі, спорт түрлері бойынша өңірлер арасындағы бәсекелестіктің төмендігі байқалады.

– Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз – деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Спорт мектептерінің санын арттыру қажет»

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

– 2025 жылғы 7 ақпан – 14 наурыз аралығында Қытайдың Харбин қаласында тоғызыншы Қысқы Азия ойындары өтеді. Жарысқа мемлекетімізден 139 спортшы қатысып, ел намысын қорғайтын болады. Дене шынықтыру және спорт басқармасы, қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша нақты шаралар қабылдап, осы бағытта қызмет көрсетететін спорт мектептерінің санын арттыру қажет. Жұмыстарды күшейтіп «Мұз айдыны» спорт кешенінің, өңірдегі спорт мектептерінің әлеуеттерін барынша пайдалануымыз керек»,- деді аймақ басшысы.

Облыста барлығы 14 822 спорттық секцияда 342 223 адам, оның ішінде қысқы спорт түрлері бойынша 14 секцияда 153 спортшы спортпен шұғылданады. Спорт түрлеріне облыстық бюджеттен барлығы 1 млрд. 869 млн. теңге бөлінсе, соның ішінде қысқы спорт түрлеріне 51 млн. 476 мың теңге қаржы бөлінген. Аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты «Мұз айдыны» спорт кешенінде қысқы спорттың 3 түрі бойынша үйірмелер жұмыс жасайды.

Бүгінгі таңда республикалық чемпионаттарда орын алып жүрген 4 спортшымыз бар. Оның екеуі шорт-тректен кіші жасөспірімдер арасында болса, екеуі мәнерлеп сырғанаудан. Өңірде барлығы 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жасаса, оның ішінде спорт мектебінде қысқы спорт түрлерінен қызмет көрсетіледі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған