Нәсібін кәсіп арқылы тауып жүрген бірқатар кәсіпкерлер Елорда тұрғындарына еңбектерін таныстырды. «ЕХРО» Халықаралық көрме павилионында «Қазақстанның үздік тауары-2023» көрме-байқауына қатысқан олар өнімдерін жергілікті тұрғындарға ұсынып, әрі сатып та үлгерді. Астана қаласында өткен көрмеге 20 өңірден барған 180 кәсіпкер қатысқан.

Республикалық көрме «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық түлік тауарлары» номинациялары бойынша ұйымдастырылған.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» көрмесіне Жаңақорған ауданынан «Орда Строй Март» ЖШС өндірген әк өнімін, Қызылорда қаласынан «NOMAD» ЖК» керамикалық қол жуғыш құралдарын, Қызылорда қаласынан «Қызылорда дизайн» ЖШС дайын металл бұйымдарын қойды.

Сонымен бірге, Қармақшы ауданынан «Жаңажол», күріш өндірісі, Қызылорда қаласынан «Алтын Орда» тұз өндірісі, Қызылорда қаласынан «Асыл дән LTD» күріш өндірісінің өнімдері «Үздік азық-түлік тауарлары» көрмесіне қойылды.

Арал қаласынан «Жұмашева Индира Жаилгановна» ЖК «Ай-Аружан» серіктестігі, «Казбергенов Н» ЖК-ның «Қазалы» кәмпиті» мен «Тәтті әлем» ЖК-ның кондитерлік өнімдері «Халыққа арналған үздік тауарлар» көрмесінде көпшілікке ұсынылды.

Облысымыздан барып, көрме көркін қыздырған жергілікті кәсіпкерлеріміздің пікірлері де оң бағытта.

 «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов:

-«Жаңажол» ЖШС облыс бойынша ірі күріш өсіретін мекемелердің бірегейі бола отырып, биыл «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысып, өңірден үздіктердің қатарынан көрініп, республикалық кезеңге жолдама алған болатынбыз. Астана қаласында өткен көрме-конкурста біз өз өнімдерімізді көпшілікке ұсына отырып, жақсы пікірлерге ие болдық. Көрмеде сонымен қатар, басқа өңірлердің кәсіпкерлері өндіріп жатқан өнім мен тауар түрлерімен танысып, тәжірибе алмасу бағытында әріптестік келісім шарттар жасалуына мүмкіндік алдық.

«Асыл Дән LTD» серіктестігі сату бөлімінің менеджері Айкүміс Киштаева:

– «Атамекен» ҚР ҰҚП ұйым дастырған «Үздік тауар 2023» жоғары деңгейде өтті деген тұжырым жасаудамыз. Әр облыстың мықты тауар өндірушілерін көріп, тауарларымен таныстым. Өзімнің де мақсатым, өз өнімімізді таныстырып, қандай мақсатта жұмыс жүргізетінімізді көрсету. Басты міндетіміз – халыққа сапалы, әрі табиғи өнімді жеткізу. Ұйымдастырушыларға осы мүмкіндікті ұсынғаны үшін алғысымыз шексіз.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме байқауының республикалық кезеңінде ақтық мәреге жолдама алып, онлайн дауыс беру кезеңіне іріктелгендердің қатарында біздің қызылордалық кәсіпкер Индира Жұмашева да бар. Ол түйе жүнін өңдеу арқылы жастықтар, көрпелер, жамылғылар және басқа да тоқыма өнімдерін шығаратын тігін орталығын басқарады.

«Ай-Аружан» серіктестігінің директоры Индира Жұмашева:

– Шыны керек, көрмеге тылсым бір дүние іздеп бармадым. Күткенім де көп болмады. Менің түйе жүн көрпелерім бір күнде сатылып кететінін, ҚР Парламент мүшелері мен лауазымды шенеуніктер түйе жүні Европада ең сұранысқа ие тауар екендігін айта отырып, ісіме сәттілік тілейтінін, «Атамекен» ҚР ҰҚП ұжымы тарапынан қолдау табатынын, Қазақстанның барлық аймағынан тапсырыс алып, ауылға қайтатынымды, кәсіпті нәпақа етіп жүрген өзім сияқты кәсіпкерлермен танысып, достық шеңберімді ұлғайтатынымды мен күтпедім. Осының бәрін ескере отырып, “АТАМЕКЕН” ҚР ҰҚП-сы ұйымдастырған “Үздік тауар -2023” көрме байқауы өте жоғары деңгейде өткендігін айтқым келеді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

Айта кетейік, көрме-конкурстың ендігі жеңімпаздары онлайн дауыс беру жүйесі арқылы анықталады. Жерлес кәсіпкер «Ай-Аружан» серіктестігінің директоры Индира Жұмашеваны қолдау үшін www. altynsapa.kz сайтына кіріп, 5 қараша сағат 24:-00-ге дейін дауыс беруге болады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған