Премьер-Министр орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына іс сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Үкімет басшысы орынбасарының өңірге жұмыс сапары Шиелі ауданынан басталды. Алтай Сейдірұлы Иіркөл ауылдық округі Жансейіт ауылындағы апатты жағдайдағы №133 негізгі мектеп жұмысымен танысты. Нысан 1979 жылы салынған, ғимаратында ыңғайластырылып жасалған 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі, медициналық кабинет бар. Спорт залы, асхана, акт залы жоқ, материалдық-техникалық базасы талаптарға сәйкес келмейді. Қосымша сабақтар, үйірмелер өткізуге мүмкіншілік жоқ. Мектеп оқушылары екі ауысымда оқиды, қазіргі таңда мектепте 90 оқушы білім алуда. Елдімекенде 0-6 жас аралығында 70 бала бар және алдағы уақытта оқушылар саны одан әрі артатын болады, сондықтан мұнда жаңа білім ордасын салу қажеттігі бар.
Әрі қарай Алтай Көлгінов Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Байсын ауылына барып, 250 орындық №207 мектеп құрылысын саралады. Екі қабаттан тұратын мектеп ғимаратын бас мердігер -«Авангард ПГС» ЖШС салуда. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 942,5 млн теңге, нысан бір жыл ішінде бой көтермек.
Бұдан бөлек Шиелі кентіндегі апатты жағдайдағы №45 мектеп-гимназиясының жұмысымен танысты. Мекеме 1922 жылы ашылып, 1958 жылы бейімделген жобадағы мектеп ғимаратына көшірілді.
Сыйымдылығы 640 орынды құрайтын ғимаратта қазір 777 оқушы білім алуда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, педагогтерді қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім деңгейін теңестіру үшін жағдайлар жасалуда. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі биыл басталатын “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында шешім табады. 2023 жылы «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынады, оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты бар, – деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Өңірге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары Шиелі орталық көпбейінді аудандық ауруханасын аралап көрді. Қызмет ету тарихы бір ғасырдан астам бұл мекеме 1974 жылы Бәйгеқұм ауылынан жаңа ғимаратқа көшіріліп, Шиелі аудандық ауруханасы болып қайта құрылды. Ғимараттың жалпы алаңы 66 мың ш.м. астам, мұнда 271 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 41 дәрігер, 127 медбике, 63 техникалық және тағы басқа қызметкерлер бар.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023- 2024 жылдары Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд. теңге.
Президент тапсырмаларын орындау аясында білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда. Мектеп тапшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы және «Білім беруді қолдау» қорының көмегімен шешілетін болады. Соның арқасында үш жыл ішінде өңірде 30-дан астам білім беру нысанын салу межеленген.
Қызылорда облысында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін биыл облыстық қан орталығы, мамандандырылған емханасы бар 300 төсектік (онкологиялық бөлімшесі бар) көпсалалы аурухана, Арал ауданы Сексеуіл ауылында 40 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарланған.
Жастарды жұмыспен қамту – Қызылорда облысындағы өзекті мәселелердің бірі. Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде мемлекет ұсынған мүмкіндіктер туралы айтылды. Атап айтқанда, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуде жалақыны субсидиялайтын «Бірінші жұмыс орны» және оқу процесінде еңбек тәжірибесін жинауға көмектесетін «Жастар практикасы» жобалары іске қосылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5-7 жылдан аспайтын мерзімге, жылдық 2,5%-дан бастап, икемді шарттармен 5 млн теңгеге дейін кредиттер беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайды. Қызылорда облысында 2023 жылы осындай жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 7 өтінім мақұлданды. Бизнесті дамытудың тағы бір тәсілі-халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін өтеусіз грант табыстау.
А. Көлгінов жастармен белсенді жұмыс істеу, қолдаудың барлық тетіктері туралы түсіндіру қажеттілігіне назар аударды.
– «Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мәселелерін шешудің пәрменді тетіктері енгізілді. Жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу және басқа да бағдарламалар қолға алынуда. Көбінесе жастар мұндай мүмкіндіктер туралы білмейді. Ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін қолдану қажет. Өйткені жастарды қолдауға қаражат қарастырылып, толық көлемде бөлі[1]нетін болады»,-деп атап өтті ҚР Премьер Министр орынбасары.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған. Оны Қызылорда облысында іске асыруға биылға 3 млрд теңге қарастырылған.
Премьер-Министрдің орынбасары Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның шарттары туралы айтып берді.
– «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен кредит мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ауылда жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалуда: мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым салынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы-ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырудың тағы бір қадамы»,-деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар