Асылбек Шаменов Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалғанына да бір жыл уақыт өтті. Осы уақыттың аралығында қала тұрғындары шаһар басшысын мақтап та, кейбір тұрғындар даттап та үлгерді. “Бес саусақ бірдей емес” демекші барлық тұрғынның көңілінен шығу мүмкін емес. Дегенмен қала әкімі кент пен ауылдық округ тұрғындарымен кездескен уақытта тұрғындар тарапынан жылы лебіздер естіп, аузы дуалы ақсақалдардан бата алып жүргені бәрімізге мәлім. Шаһар басшысы журналистермен бірге қала ішінде салынып жатқан нысандарды аралаған болатын. Аралап шығудың басты ерекшелігі әкім мен журналистер бір көліктің ішінде болды. Еркін форматта ашық әңгіме айтылып, қала әкімі тұрғындар тарапынан мазалап жүрген сұрақтардың шешімі табылатынын айтты.
Алғашқы нысан сол жағалау мөлтек ауданындағы 84 пәтерлі 7 қабатты тұрғын үйдің құрылысы. Жалпы жобаның құны 1 млрд. 604,3 млн теңге болатын көпқабатты тұрғын үй құрылысы осы жылдың ақпан айында басталып, 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталатын болады деп жоспарлануда.
– Биыл жоба бойынша сол жағалаудан 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Қазіргі таңда екі нысанның іргетасы қалануда. Әр тұрғын үйде 84 пәтер болады. Жалпы 6 тұрғын үй бойынша 504 пәтер болады. Жоба өтпелі болғандықтан құрылыс келер жыл соңында аяқталады,- деп түсіндірді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.
Шаһар басшысы мердігер мен құрылысшылардан қандай да бір мәселе барын сұрады. Мамандар мәселе жоқ екенін айтып, халық игілігіне берілетін нысанның талапқа сай болуын, сапалы әрі уақытында бітіру керектігін, алдағы уақытта тұрғындар риза болатынын айтып өтті.
Сол жағалау қазіргі таңда дамып жатыр деп айтуға болады. Мұнда 74 тұрғын үй мен мектеп, балабақша сияқты бірқатар әлеуметтік нысандар бар. Көпбейінді аурухана, облыстық қан орталығы, физика-математика мектебі бой көтереді. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы 9 қабатты тұрғын үйлер салу жоспарлануда.
Мұнан кейін қала басшысы Сұлтан Бейбарыс көшесінің Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралығын абаттандыру жұмыстарының жүру барысын бақылады. Осы жылдың наурыз айында басталған абаттандыру жұмыстары қараша айында бітеді деп жоспарлануда. Көшенің 1 шақырым аумағы 6 жолаққа кеңейтіліп, бір бөлігі тұрғындардың жазғы демалысына қолайлы скверге айналатын болады. Балалар ойын алаңы салынып, субұрқақтар, жайлы орындықтар мен жарық шамдары орналастырылып, демалыс орнына айналмақ. Жоба құны 1 млрд. 741 миллион теңге. Өңір экологтары осында жайқалып өсіп тұрған ағаштардың жағдайы не болмақ деп алаңдаушылық білдірді. Осы орайда Асылбек Шаменов тұрғындарды мазалаған сұраққа жауап берді.
– Ағашқа байланысты ешқандай мәселе жоқ. Сұлтан Бейбарыс көшесі бойында өсіп тұрған ағаштар тамырымен алынып, басқа аумаққа отырғызылды. Қалған жасыл желектер сол күйінше қалады. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары біткен соң, көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін боламыз,-деді шаһар басшысы.
Биыл Қызылорда қаласын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен жеткілікті қаржы бөлініп, көшелер бойына сквер-аллеяларға, аяқ су баратын аумақтарға 7000 түп көшет егіледі.
Тұрғындарды спортпен қамту бағытында салынып жатқан Тасбөгет кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын Асылбек Шаменов көріп қайтты. Жобаның құны 542,1 млн теңге. Осы жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары келер жылдың наурыз айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Мердігер мекеме “Интегрострой” ЖШС-і. Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов кешен туралы айтып өтті.
– Биылғы жылы Тасбөгет кентінің тұрғындары көптен бері күтіп жүрген денешынықтыру-сауықтыру кешені іргетасын қаланды. Кент тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар оң батасын берген болатын. Мердігер мекеме құрылысын мерзімінен бұрын аяқтап, күз айында пайдалануға берілгенін айтты,-деді ол.
Шаһар басшысы денешынықтыру-сауықтыру кешенінен болашақ чемпиондарымыз шығатынына өз сенімін білдіріп, құрылысшыларға нысанның сапалы салынуын ескертті. Саяхат тұрғын ауданындағы Ш.Бәкірова көшесінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Бір шақырымға жуық аумақты орташа жөндеу мердігер компания “Қызылорда-Траст” ЖШС-нің міндетінде. Асылбек Шаменов маусым айында бітетін жөндеу жұмыстарын ширатуды, сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
Қала әкімі Белкөл кентінде орналасқан сауын фермасының құрылысымен де танысты. 2021 жылы бастау алған құрылыс 2024 жылдың қыркүйек айында бітеді деп жоспарлануда. Жоба құны 1 млрд. теңге. Сауын фермасында 300 адам жұмыспен қамтылады.
– Жоспар бойынша 450 бас сауын сиырға арналған ферма болады. Бүгінгі күні 250 бас сиырға нысан аяқталды. Енді 100 бас ірі қараға арналған ферманың құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша күніне 3 тонна сүт өндірілетін болады,- деді «Абай» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Тоқман Абай.
Түстен кейін шаһар басшысы нысандарды аралауды жалғастырды. Алдымен Асылбек Шаменов журналистермен бірге “Бәйтерек” ықшам ауданына өтетін көпірдің құрылыс барысымен танысып қайтты.
Ұзындығы 47 метр, ені 10 метрді құрайтын көпір осы жылдың ақпан айында басталып, жаз айының соңына таман аяқталатын болады. Жоба құны 368,6 млн теңге. Қала мен мөлтек ауданды байланыстыратын көпірде жаяу жүргіншілерге арналған жол да қарастырылған. Сонымен қатар алдағы уақытта жарық шамдар орналастырылатын болады. Қала басшысы мердігер мекеменің басшысына көпір салудың сауапты іс екенін айтты. Сонымен қатар салынған нысан 1-2 жыл ғана емес, ұзақ 50-60 жыл ел игілігіне жарайтындай сапалы болу керектігін де айта кетті.
Ресми ақпарат:Қала әкімі бастаған топ ары қарай Қорқыт ата тұрғын ауданына ат басын бұрып, Күлтегін көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарын көрді. Бір шақырымнан асатын көшеде жұмыс қарқыны ширақ. Өйткені, мердігер мекеме «Қызылорда-Траст» ЖШС директоры Н.Көшеков маусым айына үлгертуіміз керек дейді. Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындары үшін жағымды жаңалықтардың бірі ауылға газ құбырлары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 662,7 млн теңгеге газ құбырлары жүргізілуде. Осы жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталатын болады деп жоспарлануда.
Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніне ұзындығы 9 метр жоғары қысымды жер үсті мен газ құбыры мен 4131 метр орташа қысымды, 21642 метр төмен қысымды жерасты газ құбыры жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Досан елді мекеніне жоғары қысымды 9 метр, төмен қысымды 86 метр, жер үсті және орташа қысымды 1922 метр, төмен қысымды 12890 метр жерасты газ құбырлары тартылуда.
– Құрылыстың сапасына аса қатты мән беру керек. Осыдан 4-5жыл бұрын Саяхат мөлтек ауданында сапасыз салынған газ құбырларынан халық қыс уақытында табиғи отынсыз қалған. Тағы да қайталап айтамын, сапасына мән беріп жасаңыздар, -деді шаһар басшысы.
Қала басшысының көріп қайтқан келесі нысаны бұл Қызылжарма ауылдық округіндегі Ә.Сайлыбаев көшесіне орташа жол жөндеу жағдайы.
Ұзындығы 450 метр 12 млн. теңгені құрайтын жоба жақын уақытта ел игілігіне пайдалануға берілетін болады. Бір байқағанымыз ауыл тұрғындары қала әкіміне арнайы келіп өз алғыстарын білдіріп жатты. Қызылжарма жыл сайын көркейіп келе жатқандығын айтып, тұрғындарға жағдай жасалғанын айта кетті.
Титов тұрғын ауданындағы Жанкент көшесіне жаяу жүргіншілер жолының құрылысы осы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. Ұзындығы 0,9 шақырымды құрайтын жобаның құны 18 млн. теңге.
Шанхай тұрғын ауданының халқына қуанышты жаңалықтардың бірі биыл жалпы құны 253 млн теңгеге ұзындығы 7090 метр болатын 18 көшеге орташа жол жөндеу құрылыстары жүргізілмек. Қала әкімімен бірге 8 наурыз көшесіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстық. 1 айдың ішінде сапалы біткен жолдың ұзындығы 400 метрді құрайды.
Асылбек Шаменов тұрғындар үшін жасалып жатқан жұмыстардан кемшілік табылмауы тиіс екенін айта кетті. Шаһар аумағындағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу жұмыстарына күнделікті бақылау жүргізіп отыру жөнінде тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Бір күнге созылған баспасөз туры кешке таман өз мәресіне жетті. Журналистер қауымы қала әкімімен бірге бір көлікте отырып, әкімге халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, әкімнен сол сұрақтардың жауабын алды. Әкім де ай сайын осындай баспасөз турын ұйымдастырып отыру керектігін айтып, бірге жүрген азаматтарға өз алғысын білдірді.
Мұхаммедшах Каюп
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар