Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш кентіндегі кәсіпкерлік нысандар мен орталық алаңның абаттандырылуымен, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көлік қозғалысының кедергісіз болуы үшін базар маңындағы автотұрақтардың жай-күйімен танысты. Кенттің келбетін келтіретін кәсіпкерлік нысандарын аралаған аудан әкімі алдымен орталық базардың жаңа құрылысымен танысты. Қасбеттері ескірген кәсіпорындар бойынша кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж. Еспенбетке бір апта мерзімде атаулары мен түсіндірме тақтайшаларды жаңартуға, әрлеу жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді.
Орталық алаңның абаттандырылуын және жаяу жүргіншілер жолының заңдылыққа сәйкес тұрғындарға ыңғайлы етіп қайта салынуын Жалағаш кентінің әкімі М. Жамалатовқа, халық көп шоғырланатын орындарда тұрғындар қауіпсіздігінің алдын алу үшін көліктердің заңдылықтарға сәйкес орналасуын қамтамасыз етуді аудандық полиция бөлімінің бастығы Т. Лекеровке тапсырды. Кент орталығын аралау барысында аудан тұрғындары аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлына өз талап-тілектерін, ұсыныстарын айтып, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беретінін жеткізді.