Кеше еліміздің түкпір-түкпірінде адамдар бір-бірімен амандасып, жылы лебіздерін білдіріп, ұзақ өмір, саулық тілеп жатты. Осыған орай қаламызда да көрісу күніне «Амал» мерекесі атап өтілді. А. Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Достық» аллеясында өтті.
Аллея ұлттық нақыштармен безендіріліп, әсемденді. Киіз үй тігіліп, қала тұрғындарына дәм ұсынылды. Жігерлі жігіттер арасында сайыс өткізіп, ойындар ойнатылды. Кимешек киген әжелер әсем ән салса, жиылған жұрт бірлесіп тал отырғызды. Халықпен бірге қала әкімі Серік Қожаниязов шараға қатысып, мерекемен құттықтады.
«Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіптің өзі 14-ші наурызды көктемнің алғашқы күні деп, «Наурызнама» мейрамының тойлануын жазған. Бізде де биылғы жылы еліміз бойынша 14-23 наурыз аралағында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтіледі. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі және ол дәстүрге айналады. Міне, бүгін сол дүбірлі тойдың беташар сәті» – дей келе, «Оразамыз қабыл болып, Амалдан амалға аман-есен жете берейік!»-деген тілегін жеткізді.
Шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты басқармасының төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және қала ардагерлері арнайы қатысты.
Концерттік бағдарламамен қатар бүлдіршіндердің тұсауы кесіліп, қала әкімінің атынан бөбектерге тарту-таралғы ұсынылды. Қоғам қайраткері Болатбек Пұсырман елдің ынтымағы сақтау, елжанды қасиетті құрметтеу туралы тағылымды ой айтып, батасын берді.
Қазына Құлмышова