Ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосатын, сондай-ақ кемел келешектің негізгі кілті саналатын білім саласы әрқашан маңызға ие. Осы саланың қарыштап дамуы арқылы өзге салалардың алдыға ілгерілеуіне жол ашылады. Осы аптаның сейсенбісі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов білім саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы міндеттер туралы брифинг өткізді.

Биыл аймақтағы білім саласына бөлінген қаржы 67 пайызға артып, облыс бюджетінің 44,8 пайызын құрады. Тиісінше, білім саласының серпінді дамуы бағытындағы негізгі жоспарлар жолға қойылды. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Осыған сәйкес, былтыр 10 білім ордасының іргетасы қаланса, осы жылы 11 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл ретте облыстағы 6 апатты мектептің 4-нің мәселесі аталған жоба аясында шешімін тапса, қалған 2 мектеп «Білім беру инфақұрылымын қолдау қоры» мен жеке инвестор есебінен шешілуде.

– Жарқын болашақтың кепілі саналатын балаларымызға сапалы білім беру – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Осы ретте, аймағымызда мектепке дейінгі білім беруде 680 ұйым жасақталған болса, онда 57 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бұл білім беру ұйымдарында 6 160 педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, облыс бойынша педагогикалық шеберлік орталығы филиалының базасында 120 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері ақысыз курстардан өтті. Биыл да педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан оқытылатын барлық курстарға бірінші кезекте жекеменшік ұйым ұстаздары жіберіледі,-деді басқарма басшысы.

Облыста барлығы 328 мектеп жүйелі жұмыс істеуде. Оның 297- і мемлекеттік болса, қалған 31-і жекеменшік мектеп. Онда барлығы 181 804 оқушы білім алады. Осы ретте, оқушылардың сапалы білім алуы үшін білім ордалары заманауи талапқа сай жабдықталуы аса маңызды. Бұл бағытта биыл құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Оның 6-ы Қызылорда қаласында болса, 1-і Жаңақорған ауданында орналасқан. Осы бағыттағы нақты жұмыстарды басқарма басшысы брифинг барысында баяндап берді.

– Бүгінде қаланың сол жағалауынан 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүр гізілуде. Бұған қоса, «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи бағыттағы Оқушылар сарайының құрылысы да салынуда. Биыл шығармашылық академиясының құрылысын бастауды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, Жаңақорған және Шиелі кенттерінен 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі құрылысына сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл құрылыс жұмыстары басталып, 2025 жылы халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан 200 орындық тынығу лагері, Қазалы ауданында «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығының аумағынан 160 балаға арналған жатын ғимараты, оқу ғимараты және бу қазандығы құрылысының жобалары әзірленеді, – деді Асқарбек Есжанов.

1-4 сыныптарда оқитын 66 мыңнан астам бала мен әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 1-11 сыныптардағы 20 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, оқушыларды қауіпсіз және жайлы тасымалмен қамту бағытында 30 автобус жаңаланды.

– Облысымызда 7 835 ерекше білім беруді қажет ететін балалар бар. Аталмыш санаттағы балалардың ой-танымын жақсарту мақсатында инклюзивті дамытудың жол картасымен мемлекеттік балабақшалар логопунктпен жабдықталып, арнайы мамандар қарастырылды. Ал 170 мектепте инклюзивтік қолдау кабинеттері, 8 мектепте инклюзивтік ресурстық орталықтар ашылды. Қазіргі таңда онда 417 арнайы маман қызмет көрсетеді. Жалпы өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Бұл ретте облыс әкімдігінің қаулысы негізінде «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылды. Жаңа орталық – балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталатын болады. Сонымен қатар, психологтардың кәсіби біліктілігін арттырып, әдістемелік қолдау бағытында «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» жұмысын бастайды,-деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында басқарма басшысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Басқарма басшысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын еңбек нарығына қажетті мамандықтармен толығуын назарда ұстап, жаңа қабілеттер мен дағдыларды қалыптастыратын оқу орталықтарына айналуы керектігін тілге тиек етті.

– Өңірімізде 28 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Бүгінде онда 20 213 студент 94 мамандық және 158 біліктілік бойынша білім алуда. Қазіргі таңда колледждерде кәсіпорындардың сұранысы бойынша мақсатты даярлау енгізілуде. Алдағы уақытта еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды қалыптастыру міндеті тұр. Тиісінше, алдағы 5 жылдықта экономикалық өндірістік дамуына талдау жасалып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа мамандықтарға оқыту жүзеге асырылады, – деді Асқарбек Есжанов.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері басқарма басшысына бірнеше сұрақтар қойды.

Соның бірі күз айында әлеуметтік желіде тараған ақпарат. Қазалы ауданында мектеп оқушысының пән мұғалімінен жүкті болған. Сол уақытта әлеуметтік желіде басқарма тарапынан ашық түрде ақпарат берілді. Нақтырақ айтқанда қыздың аты-жөні, тұратын мекен-жайы.

Ол туралы басқарма басшысы былай деп жауап берді.

– Ол ескі ақпарат. Себебі ол қыз бүгінде Алматы қаласында жоғарғы оқу орнында оқиды. Ол жерде жүкті болды деген ақпарат жоқ. Басқарма тарапынан ашық түрде ақпарат жарияланған жоқ. Алғашында әлеуметтік желіде басқарманың 3-4 фейк аккаунттары болды. Фейк аккаунттардың бәрін жауып, бүгінде бір ғана парақшамыз жұмыс жасауда,- деп жауап берді басқарма басшысы.

Өткен жылдың желтоқсан айында №11 мектепте 61 жастағы мұғалім 4 сынып оқушысына азғындық жасады деген күдікке ілінді деген ақпарат та тарады. Басқарма басшысынан мұғалімнің кінәсі дәлелденді ме, тергеу амалдары қалай жүріп жатыр деп сұрадық.

Бірақ та басқарма басшысы тергеу қалай жүріп жатқаны туралы полиция департаментінен сұрайсыз деп жылы жауап берді.

МҰХАММЕДШАХ КАЮП

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған