(Ескерту: Сурет ғаламтор желісінен алынған)

Елді елең еткізген Петропавл қаласындағы №4 орта мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Алмагүл Қасымова балаларға балта ала жүгірген оқушы жайлы айтып берді. Меңгерушінің айтуынша, бала сабаққа оқу жылы басталғаннан бері келмеген, тек 28-қарашадан бастап сабаққа қатысқан. Бала жалпыға бірдей білім беру бағдарламасы бойынша оқушылардың қатарынан, инклюзивті оқыту болмаған. Оқушы көзге түспейтін, табиғатынан тұйық. Жат қылық та аса байқалмайтын. Оқушының мұндай әрекетке барауына не себеп?

-Бүгін таңертең балаларды мектепке қабылдағанда тыныш жүрді. Мектепке кірді, бәрі дұрыс болған. Сосын екінші қабаттағы дәретханаға көтеріліп, бетіне маска киіп алды да, дәлізге шықты. Сол кезде балалар бірінші сабаққа кіруге дайындалып жатқан. Ол алдымен ұл балаға (өзімен бірге оқып жүрген сыныптасына), одан кейін 9-сыныпта оқитын қызға жарақат салды. Мен келгенде үндемей қабырғаға сүйеніп тұрды-, дейді оқу ісінің меңгерушісі.

Оқушының қолында асхана балтасы, пышақ және қолдан жасалған маска болған. Зардап шегуші Владислав оқыс оқиға жайлы журналистерге айтып берген:

-Мен дәретханаға кіремін деп тұрғанмын. Есікті ашып қалып едім, балтамен ұра бастады. Үстінде мектеп формасы, бетінде маска, қолында балта. Пышағы да болды. Менен кейін бір жігіт пен қызға да жарақат салды-, дейді ол.

Қолындағы балтасымен 10-сынып оқушысының басынан 2 рет, тағы 1-сыныпта оқитын қыздың иығынан бір рет және сыныптасының басынан 2 рет қойып қалған. Зардап шеккен 2 оқушы ауруханаға жеткізілген. Қазір олар жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Олардың өміріне келер қауіп жоқ, жағдайлары орташа. Ал, үшінші оқушыға медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды.

Анықталғандай, құрдастарын балтамен жарақаттаған 9-сынып оқушысының психикалық ауытқуы болған. Оған мектепте білім алуға Алматы қаласы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы рұқсат берген.

Қоғамды дүр сілкіндірген бұл оқиғадан кейін Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу соты кәмелетке толмаған Д.-ны 2 ай қамауда ұстау жөнінде санкция берді. Осы оқиғадан кейін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Петропавлда мектепке кіріп, қылмыс жасаған баланың ісіне қатысты пікір білдірді.

-Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балаларының қауіпсіздігене алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан, бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек. Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын-деді, Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп қауіпсіздік сабақтарын әзірлеу тапсырылды. Осы оқиғадан кейін Қазақстанның барлық мектептерінде қауіпсіздік жүйесі тексерілетін болды.

Мұхаммедшах КАЮП

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған