• Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Арал қаласынан екі мектеп салынуы жоспарланған. Қазір бір мектептің құрылысы басталса, екінші мектептің жер телімі белгіленген. Құрылысы басталған білім ордасына Ж.Әлімбетов көшесі арқылы баратын жол жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолағын салу арқылы абаттандырылмақ.
• Теміржол үстінен өтетін аспалы көпірге апаратын негізгі кірме жол ретінде Жылқаман батыр көшесін абаттандыру қажеттілігі туындауда.
• Арал қаласының тұрғындары теміржолдың екі жақ бетіне қоныстанған. Көпшілік демалатын орындардың басым бөлігі қаланың негізгі бөлігінде «Жаңауыл», «Шанхай» шағын аудандарында мәдени-демалыс орындары жетіспейді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, «Жаңауылдағы» Абай көшесінің бойынан және «Шанхайға» демалыс аллеясын салудың жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу керек.
• Теміржол вокзалын қайта жаңғырту және абаттандырудың құжаттары дайындалды
• Аудан орталығы 2015 жылы, Жақсықылыш кенті 2020 жылы газға қосылса, биыл Сексеуіл кентіне жеткізу жоспарлануда. Шижаға елді мекенін газдандыруды бастауға облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылмақ. Қалған елді мекендерді газдандырудың жол картасы әзірленуде. Бірінші кезекте халық саны мен автоматтандырылған газ тарату станциясынан қашықтығы ескеріліп, 14 елді мекенге газ қосу ұсынылды.
• Электр желілерін қайта жаңғырту бойынша 8 жоба дайын, 2025-2027 жылдары тағы 6 елді мекенге (Бөген, Тоқабай, Жаңақұрылыс, Қызылжар, Мергенсай, Жіңішкеқұм елді мекендері) жоба әзірленбек.
• Арал қаласында жалпы көлемі 76,5 гектар 5 ірі тұзды сор көл бар. «Жаңа ауыл» шағын ауданындағы сор көлдің тереңдігі 1,75 метр, ең кішісі «Суворов» сор көлінің орта шеніндегі тереңдігі 1 метр. Оларды көму – жергілікті тұрғындардың ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған мәселесі.
Аудан әкімі Арал қаласының экологиялық жағдайын жақсартудың жоба[1]сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлуді сұрады. Сор көлдер көмілсе, экологиялық жағдай жақсарып, олардан бөлінетін жағымсыз иіс жойылады. Құрғаған жерге жаңа құрылыстар, ойын алаңдары, гүлзарлар салынады.
• Биыл ауданда 14 құрылыс жүргізіліп, 54 жоба-сметалық құжаттама әзірленуде және бірінші кезекте жоба әзірлеуді қажет ететін 35 бағыт анықталған.
• Демеушілік есебінен 120 млн. теңгеге жуық қаржыға 30 жоба дайындалуда. Олар – 24 әлеуметтік нысанды газдандыру, 3 абаттандыру жобасы және «Ерімбетжаға», «Тастүбек» елді мекендерін ауыз суға қосу, теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту.
• «Хан» елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді 328 млн. теңгеге қайта жаңғырту 2022 жылы басталды. Қазір қайта түзетулер жасалуына байланысты мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Аудан тұрғындары үшін маңызды жобаға түзетулер енгізіліп, жол мәселесі толық шешілген. Қалқымалы көпір мердігер мекеме есебінен 80-85 пайыз аяқталған.
• «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба жүзеге асырылады, яғни, «Қызылжар-Шөмішкөл», «Самара[1]Шымкент-Бекбауыл», «Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс», «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс», «Қара[1]терең-Жаңақұрылыс» автомобиль жолдары салынуда.
• Моно және шағын қалаларды дамыту бағдарламасы негізінде өткен жылы басталған теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысы жалғасын тапты. Биылға республикалық және облыстық бюджеттен қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінді. Алайда, жобалаушы автор тарапынан ескерілмеген жұмыстарға байланысты қайта есептемелер жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгізілуде. Алдын ала болжам бойынша шамамен 800 млн. теңге қаржыға қажеттілік туындауы ықтимал.
• Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана құрылысы 2019 жылы басталған, қазір қабырғасын қалау 90% біткен.
• Былтыр «Көктем» елді мекеніндегі медициналық бекет салынып, бүгінде пайдалануға беруге құжаттары әзірленуде.
• Сексеуіл кентін «көгілдір отынға» қосу 2022 жылы басталды. Жұмысты жалғастыруға биыл облыстық бюджеттен 88,1 млн. теңге бөлінді. Толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 290,1 млн. теңге және Ұлттық қордан 436,1 млн. теңге қажет етіледі.
• Өткен жылы басталған Арал қаласындағы №4 шағын ауданға газ желісін тартуды жалғастыруға республикалық бюджеттен 310,8 млн. теңге, облыстық бюджеттен 30 млн. теңге қажет.
Әкім бағасы:
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:
– Өткен жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 24,3 млрд. теңгені немесе 148% құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділіктің төмендегені байқалады. Бюджет 98,2% игерілді. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд. теңге болса, 2023 жылы 3,2 млрд. теңгеге өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет.
Аудан қаржысы:
Аудан бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 15,2 млрд. теңге болып бекітілді. Өткен жылмен салыстырғанда 770,1 млн. теңгеге артық немесе 105,3% құрайды. Бюджеттің барлық кірістерінің 21,8 пайызын өз кірістері, 27,7 пайызын субвенция, 49 пайызын трансферттер, 1,5 пайызын несиелер құрайды. Осы жылға арналған өз түсімдері 3,3 млрд. теңге, оның 2,8 млрд. теңгесі немесе 84,1 пайызы аудан бюджетінің, қалған 527,4 млн. теңгесі немесе 15,9 пайызы дербес бюджеттердің түсімдері.
Облыс әкімі тапсырмасы:
Жиын қорытындысымен аудан әкіміне биылға межеленген көрсеткіштерді орындау тапсырылды. Сондай-ақ, облыстық басқарма басшыларына «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және салу, Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша міндеттер жүктелді.