Келбеті ажарлы, көркі жарасқан екі ғасырлық тарихы бар Сыр елінің бас шаһары Қызылорданың да қала күні мерекесі дүбірлі думаннан басталды. Алдын ала ақпарат бойынша қала мерекесі бір ай бойы, яғни тоғызыншы қыркүйек пен он бесінші қазан аралығында, оған қоса «Алтын дән» мерекесі де шаһар күніне қарай орайласып қос мейрам бірге тойланады. Он бесінші қазанға дейін әр аптаның сенбі-жексенбі күндері қаланың түкпіртүкпірінде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қала халқына ерекше сезім сыйламақ. Бұл орайда облыс және қала әкімдігінің басшылары, жауапты қызметкерлер күн-түн демей шара барысын бір пысықтап, мереке кестелерін әзірледі.
Осыған байланысты қала әкімінің мәдениет, білім, ішкі саясат, жұмыспен қамту салаларына жетекшілік ететін орынбасары Ақзира Қасымовамен сұхбат құрған болатынбыз. Алдағы уақытта атқарылмақ жұмыстармен қатар өзге де тақырыптарды тарқатып, өз аузынан естіп қайттық.
– Ақзира Бақтыбайқызы, кешелі бүгін жұмыс кестеңіздің қауырттығын байқадық. Әйтсе де, алтын уақытыңызды бөліп, бізбен сұхбат құруға келіскеніңізге рақмет! Әу баста қазақ халқы көріскенде жөн сұрасушы еді. Өзіңіздің салаңызда, қызметіңізде нендей жаңалықтар орын алуда?
– Бұл саланың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұрын тек білім саласында қызмет істегендіктен өзге салалар маған таңсық көрінетін. Әйтсе де, қазіргі күні әр саланың тетігін тауып, ішкі механизмін зерттеп, толықтай сіңісіп кеттім. Ең негізгі жұмыстардың бірі алдағы сайлау науқаны болмақ. Сонымен қатар, білім саласының да мәселелері бар. Қазір білім бөлімі облыстық білім басқармасына қарағанымен қаланың халқына қатысты сала болғандықтан білім мәселелерін ұдайы қадағалап, шешу жолдарын қарастырып отырамыз. Оның үстіне жылу маусымы келе жатыр… Қысқасы қазіргі кезең осындай қарбалас шаққа айналды. Қазірде маңызды мәселелердің бірі халықты жұмыспен қамту болып отыр. Халықты жұмыспен қамту бойынша әсіресе жастарға гранттар беріліп жатыр. Оны өздеріңіз де білесіздер. Бізде төртінші ауысым басталғалы тұр. Жұмыспен қамтуға тіркелген адамдар саны жеткілікті. Аталған ауысым барысында 814 азаматқа грант береміз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 300-ге жуық жастар бар. Биылғы жылдың өзінде «Жастар тәржірибесімен» 800-ге жуық жас маманға жолдама берілді. «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама өз басым маған ұнайды. Мәселен, белгілі бір мекемеде зейнетке шыққалы отырған қызметкер болса жас мамандар соның орнын басып әрі қарай ісін жарғастырып әкетеді. 18 ай бойы жұмыспен қамту орталығы қаржысын төлеп отырады. Одан кейін бағдарлама бойынша жұмыс жасап жүргендер сол орынға тұрақты жұмысқа орналасады. «Күміс жас» жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл зейнет жасына екі жыл қалған, жұмыссыз жүрген азаматтарға арналған. Бұнымен қатар «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасы бар. Бұл дегеніміз зейнет жасына жақын қызметкерлердің өз артынан шәкірт тәрбиелеп, болашақта орнын басар маман қылып қалдыруы. Қазірде жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында үздік мамандарды іріктеп жатырмыз. Мәселен қазір тігіншілерді іріктеу жүргізілуде. Дәнекерлеу, аспаздық жолда жүрген жастарды іріктей келе оларға грант беріп, өз өздерін жұмыспен қамтуға жол ашып жатырмыз. Мысалы қазіргі күні аспазшыларға жеткілікті жұмыстар бар. Өйткені олар сұраныстағы маман иелері болып табылады. Бұл тұрғыда «әттеген-ай» дейтін тұстар да жоқ емес. Зерделеу барысында біздің жастар арасында өз өзіне қол жұмсау жәйттары ойландырады. Көбісі жұмыссыз жүргендер, үйінде мәселесі бар жастар болып отыр. Сондықтан қазір біз өте керекті жобаны зерттеп жатырмыз. Жобаның мақсаты қалалықтарға арналған психологиялық көмек беретін орталыты ашу. Қазіргі таңда аталған жоба қаламызға өте керек.
– Өткен аптада біз қала мерекесін тойлауды бастап кеттік. Онлайн шара оффлайннан оңай еді. Пандемия салдарынан бұған дейін екі жылдай оқшаулануға үйренген халықты бұқаралық ісшараларға тарту қиынға соғып жатыр ма? (Ел арасында шараның көпшілігіне ұстаздарды, студенттерді әлі күнге күштеп әкеледі деген пікір де жоқ емес…)
– Әлеуметтік желінің дамыған заманында жұртшылықты шараға қызықтыру қиындық туғызбайды. Кешегі шараларды өзіңіз де көрген болуыңыз керек. Халық көп болды. Бұл шаралар бір күндік емес, әр апта сайын ұйымдастырылып отырады. Мерекені тойлау барысының басын жастарға арнадық. Қыркүйектің тоғызында басталған мереке қарсаңында республикалық мобилография сайысын өткіздік. Сайыс барысында кәсіпкерлер тарапынан талантты балаларға қызығушылық танытып, жұмысқа алғандары да болды. Кешке жақын жастар карнавалы өткізілді. Оның өзі ерекше жаңалық болды. Байқасаңыздар карнавал барысында салт-дәстүрге де, достыққа да, білім мен спортқа да мән берілді. Ол жерде Сыр елінің ақ күріштің отаны екендігі, Сырдария өзені жайлы қызықты қойылымдар бейнеленді. Үздіктері қала әкімінің қ «Алғысын» алды. Сонымен қатар «Жастар театрының» жаңа маусымы ашылып, «Отырар» атты қойылым сахналанды. Бұрындары театрға адам жинау қиын еді. Қазір халық мәдениетке үйреніп келе жатыр. (Күле отыра) Бүгінде қала тұрғындары бізден «қандай шаралар болады?»-деп өздері сұрап отырады.
– 10 000 адамға палау басылады?..
– Айта кету керек, 17-ші қыркүйек күні «Сыр ана» монументінің жанында «Ауыл – елдің айнасы» атты этнобағыттағы көлемді шара өтеді. Оның ішінде «ҚарбызҚауын, «Шұбат», «Бауырсақ» FEST секілді сайыстар болады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойналады. Садақ ату, күрес, алтыбақаннан сайыстар болмақ. Бұның астарында қала тұрғындарының түбі ауылдан шыққанын, ұлттық дәстүрді ұмытпауы жайында мән жатыр. Бірқатар тұрғындар заманауи шаралар өткізілгенін қалайды. Ондай шаралар да жоқ емес. Дегенмен, өз салт-дәстүрімізді міндетті түрде ұмытпай қолдап отыруымыз керек.
Шараның көркі болатын «Қырық қазан» сайысы ұйымдастырылмақ. «Абай-Дәулет» ЖШС-нің демеушілігімен жергілікті күріш сорттарынан палау басу сайысы өтеді. Бір қызығы, осы сайыстың арқасында қаламызда көптеген палаушылардың барын байқадым. Сайысқа қатысушы ретінде ниет білдірген 300-ге тарта күрішшінің 40- ын таңдап алдық. Оның ішінде Шымкент, Алматы қалаларынан да тіркелген палау басушылар болды. Дайындалған күріш 10 мың адамға жетеді деген болжам бар.
Одан бөлек «Қызылорда салауатты қала», «Қызылорда бақытты балалар мекені» атты шаралар болады. Соның ішінде «Бала Барысы» сайысын өткізгіміз келіп отыр. Республикалық деңгейде әлі болмаған. Біз бірінші болып өткізбекпіз. Ең бастысы, «Денсаулық – зор байлық» атты жалпыхалықтық акция болады. Орталық алаңды қажетті мамандармен қамтамасыз етіп, тұрғындар бір күн бойы дәрігерлерге тегін қаралады деген жоспарымыз бар.
ЖАСТАР ӨЗДІГІНЕН ДАМУДА
– Облыстық Білім басқармасында басшы болдыңыз. Білім саласы сізге таңсық емес. Қазірде қаладағы білімге, ғылымға құштар жастардың талғамы қандай? (Бұрынғы мен қазіргі жастардың арасы жер мен көктей ғой.)
– Айырмашылық үлкен. Қазіргі жастар ақпараттық толқынға ілесіп келе жатыр. Олардың өздігінен дамуы да мені қуантады. Мысалы «Елбасы» медалін алу үшін 18-12- 6 айға дейін қатысқан жастарды көрдім. Тәрбие бағытына келер болсақ, бүгінде қазақ халқының болмысына сай емес дүниелер де бар. Жастайынан шашын бояп, бөлек киімдер киеді. Мен оған қарсымын. Жақсы оқу мен тәрбие бағыты қатар жүру керек. Білім саласында жүргенде кейбір ата-аналарды түсінбейтінмін. Өйткені, бала тәрбиесі отбасынан басталатынын көпшілігі біле бермейді. Ал қазіргі ата-аналардың бағыты маған ұнайды. Олар балаларына тәрбиені де, білімді де үйретуде. Оқушы уақытын тиімді пайдалану үшін үйірмелер ұйымдастырылуда. Қазіргі жастар қарқыны жақсы! Педагогиканың өзінде, аталған салаға оқуға түсуге көптеген жастың құштарлығын байқадым. Былтырғы жылы 119 Алтын белгі алған оқушы педагогика мамандығын таңдаған. Демек, үш жылдан соң мықты мұғалімдер келеді деген сөз. Әрине, қазір де мықты мұғалімдер болғанымен алдағы лекте одан да мықтылары келмек.
ҚАЛА БҮЙЖЕТІНЕН ӘНШІЛЕР ШАҚЫРЫЛМАЙДЫ!
– Қала күнін тойлауға оралсақ… Әдетте қала күнін тойлаудың мәресі үлкен гала концертпен аяқталады. О баста шетел жұлдыздары, жергілікті өнерпаздар келіп ән айтып, халықтың көңілін көтеретін. Кейбір адамдар бұны далаға кеткен ақша деп те айтып жатады. Жалпы биылғы қала мерекесінің финалы қалай болмақ?
– Биылғы жұмыстарды үйлестіру барысында шығындардың болмауын қадағалап отырмыз. Аймақ басшысының тапсырмасына сай жүйелі шаралар өткізілуде. Қалалық бүйжеттен әншілер шақырылмайды. Олардың барлығы демеушілер есебінен болмақ. «Алтын дән» шарасымен қатарласа аяқталғанда, алдын ала болжам бойынша Ғ.Мұратбаев стадионында үлкен концерт жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Облыс бойынша үлкен жәрмеңке болып, келер айдың 14-15-і күндері «Алтын дән» шарасы ұйымдастырылмақ.
ШЕТАЙМАҚ НЕГЕ ТОЙЛАМАЙДЫ?
– Ұйымдастырылып отырған мерекелік думанның барлығы керемет. Бірақ, біз соңғы кездері шараның біразын қала орталығында өткізуге машықтанып алған секілдіміз. Кешке болатын шараға шетаймақта тұратын жұрттың келуге мұршасы да болмайды. Ол уақытта қоғамдық көлік жоқ. Такси пұл болса орталыққа дейін қымбат сұрайды. Осылайша орталықтың тұрғындары сауық құрып жүргенде шетаймақтағылар үйінде тыныш отыратын секілді. Алда бұл бағытты қолға алу жоспарда бар ма?
– Биыл ғана осы мәселені қолға алдық. Сабалақ секілді саяжайларда кішігірім концерттер, ойындар ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолы да қала мерекесін тойлау барысында «Ретро фестиваль» ұйымдастырмақпыз. Думанды шара «Тұңғыш Президент саябағында» өткізілмек. Оның арғы жағындағы Ақсуат, Сабалақ сынды елді мекендердің тұрғындары келеді деп күтілуде. Бұдан бөлек жастар шаралары да өте көп. Көшпелі концерт қойылмақ. Қаланың барлығын автобуспен аралап концерт беріледі деген жоспарымыз бар.
«БӨРІКТІЛЕР» ДЕП БӨЛМЕЙДІ
– Менде қызық сұрақ бар. Облыс және қала әкімдігінде көптеген ер азаматтар жұмыс істейді. Қала әкімінің нәзік орынбасары өзіңізсіз. Осы орайда бөріктілермен қызметтес болудың қиындығы неде?
– 29 жастан бастап мемлекеттік қызметте болғандықтан басшыларымның біразы ер адамдар болды. Ол кісілермен бірге жұмыс жасағандықтан әріптес ретінде қабылдаймын. Менің жұмыс стилім де бөлек. Маған ең бастысы халыққа қызмет жасау, нәтижелі жұмыспен айналысу. (Күле отыра) Гендерлік саясат бойынша мынау ер, мынау әйел деп бөлмейміз,-дейді Ақзира Бақтыбайқызы.
БАЛАҒА ТАЛАСАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ…
– Білім саласына көшсек, биылғы жылы қаламызда 3 жаңа мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы да жаңа мектептер ашылады ма?
– Ел Президенті былтырғы жолдауында 1000 мектеп салу бойынша тапсырма берді. Облыс бойынша бес жылда 57 мектеп салынады деп жоспарланған. Қызылорда қаласында жеке мектептер салу жұмысы жетілуде.
Ал Бәйтерек шағын ауданында 600 орындық мемлекеттік мектеп салынып жатыр. Жыл соңына дейін беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жеке мектеп қатарының көбеюіне байланысты оларда өзара бәсекелестік пайда болды. Мемлекеттік мектептер арасында да бәсекелестік бар. Қазір әр бала қайда барса қаржы сол жаққа барады. Бұл білім сапасын көтеруге үлкен мүмкіндік болып тұр. Балаға таласатын уақыт келді деп айтсақ та болады. Қазір бір бала кетсе оның ізінен қаржы кетіп қалады. Барлық мектептер ендігі сапаға қарата жұмыс жасайды.
Қалада үш ауысымды режимге айналу қауіпі бар 6 білім ордасы анықталды. Аймақ басшысының шұғыл шешімінің нәтижесінде «Абай» және 101-ші мектептердің жанынан қосымша құрылыс салу жұмыстары басталды. Келер жылы «Арай» мөлтек ауданында, «СПМК70» мөлтек ауданында мектептер салынбақ. Шанхай мөлтек ауданында балабақша салынуда. Қала мерекесі қарсаңында пайдалануға беру жоспарналып отыр.
– Қаладағы күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер саны қанша?
– Баршылық. Облыс бойынша 40 шақты мектепке күрделі жөндеу керек, соның басым бөлігі қалада орналасқан. Былтырғы есеп бойынша он бір мектеп болса биыл Ы.Алтынсарин атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Аталған білім ошағы 50 жыл бойы жөндеуден өтпеген.
– Қала әкімдігіндегі аппараттық мәжілісте қаладағы мектептің жылу маусымына дайын еместігі анықталды. Өжіресінің суреттерін көрдік. Құбырлары ескірген, дұрыс жалғанбаған… Бөлім басшысы Боданов мырза олқылықты жою үшін қаржы керек десе, сіз жан басына қаржыландыру арқылы мәселені бір жақты етуге болатынын айттыңыз…
– Өзім облыстық білім басқармасында жұмыс істегеннен кейін бұндай мәселелерді алдын ала шешіп қоятыным бар. Оның үстіне қалалық білім бөлімінде біраз уақыт басшы болмады. Қазір мәселе шешілді. Бүгінде мектептер жан басына қаржыландыруға көшкендіктен оқушыларға бөлінген қаржыны мектеп директоры білім ғимаратының қажеттігіне жұмсай алады. Аталған мәселе сол күні шешілді.
Сонымен қатар қазіргі таңда бір балабақша мен бір мектепті газдандыру жұмысын қолға алдық.
– Сұхбатымыздың соңғы сұрағы. Президент жолдауында айқын болғандай күз мезгілінде сайлау өтпек. Сайлауға дайындық қалай? Қандай қиындықтар бар?
– Бұрыннан да сайлау өтіп келеді. Уақыты анық болған бойда бұрынғы тәжірибемізбенен сайлау жақсы дәрежеде өтеді деген сенімдемін.
– Рақмет!
Дамир АМАНГЕЛДІ