Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 25 қазан – Республика күні Ұлттық мерекесін атап өтуге қатысты облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді.

Республика күнін кеңінен атап өту үшін арнайы жоспар әзірленіп, оған 50-ге жуық түрлі форматты, кешенді қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық және спорттық бағыттағы шаралар енгізілген.
Қала және аудан орталықтарында көрнекі безендіруге ерекше мән беріліп, мерекелік концерттер, Мемлекеттік ту көтеру салтанатты шаралары, жыр кештері, ақындар айтысы, шешендер байқауы, әскери-спорттық сайыстар, кездесу кештері және кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Зиялы қауым өкілдері, ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, сарапшылар кеңестері өтеді.

Брифинг барысында аппарат басшысы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен ұйымдастырылған игі шараларды атап өтті.
«Мәселен, «Алтын дән» мерекелік салтанатты шарасы, облыстың 85 жылдығы мен Қызылорда қаласының 205 жылдығына орай «Тұмары Сырдың – Қызылорда» гала-концерті, қала және аудандарда «Алтын дән-2023» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері және Ұлттық ат спорты бәйгесі өтті.

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Жанашыр жүрек» жалпыхалықтық акциясы аясында қайырымды азаматтар демеушілігімен әлеуметтік осал топтағы 1000 отбасына азық-түлік себеттері таратылды.
Жаңадан салынған әлеуметтік нысандар ашылып, Жаңақорған ауданында үй кезегінде тұрғандарға 50 тұрғын үйдің кілті табысталды.
Бірнеше күн бұрын Жаңақорған ауданында облыс әкімінің қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бір мектептің құрылысы басталса, жақын күндері Қызылорда қаласында тағы бір мектептің іргетасы қаланады. Жалпы облысымызда Президент бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.
Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасын орындау мақсатында аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Жақын күндері облыс әкімінің қатысуымен Қызылорда қаласында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, 240 мегаваттық жылу электр орталығының іргетасы қаланады. Құны 215 млрд. теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы іске қосылады.
Биыл облысымыздың 85 жылдық мерейтойы аясында көптеген мазмұнды шаралар жоспарланған. Негізгі басымдық ғылыми-танымдық, мәдени-көпшілік шараларға беріледі. «Сыр елі» энциклопедиясы мен облыс тарихына арналған кітап шығарылады. Өңірдің тарихы мен бүгініне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Бұл шаралар аймақ тұрғындарына, оның ішінде, жастарға аға буынның қайраткерлігін, бүгінгі жетістіктерімізді және алдағы міндеттерді бағамдауға септігін тигізеді.

Жыл аяғына дейін қала және аудандарда түрлі әлеуметтік нысандар, жолдар, көпірлер, көпқабатты тұрғын үйлер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, балабақша мен дәрігерлік амбулатория секілді 60-қа жуық әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне табысталады», – деді Ш. Байманов.

Алдағы уақытта Сыр өңірінде серпінді жобалар мен жүйелі жұмыстар жалғасын табады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған