Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қатысты және тұрғындармен кездесті.
Аймақ басшысы Қызылжар елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын жөндеу барысымен танысты. Бас мердігер «Аван құрылыс» ЖШС жұмысты 2022 жылдың тамыз айында бастаған. Алайда жол сапасы сын көтермейді.
«Өздеріңіз көргендей, сапасы өте нашар. Бұл жобаға мемлекеттің қаражаты бөлінген. Президентіміздің қамқорлығының арқасында Сыр өңіріне, оның ішінде Аралға ауқымды қаржы бағытталды. Бірақ жұмыстың нәтижесі осы, яғни сапасыз жол. Арал ауданының әкімі Серік Сағитжанұлы, мына жолды қабылдамау керек. Осы жерде құқық қорғау органдарының басшылары да бар, заңдылығын тексеруі тиіс. Жұмыс барлық талаптарға сай, адал атқарылғанда ғана сапалы болмақ. Мына жолдың әсіресе, бас жағындағы 5-6 шақырымы ертең көктемде-ақ сыр береді. Сондықтан бұл жол қайтадан жасалған соң ғана қабылданады», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі қажет болса жол құрылысының басына арнайы зертхана әкеліп, жұмыс сапасын сараптамадан өткізуді, оған мамандарды тартуды тапсырды. Сол кезде кемшіліктер дәлелденіп, ашып көрсетіледі.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Нысан таяу арада пайдалануға берілмек. Ғимарат ішінде дәріхана, оқшаулау бөлмесі, зертхана, физиотерапиялық емдеу бөлмесі, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті, егу бөлмесі қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Еске салайық, өңірде ұлттық жоба аясында 27 медицина мекемесінің құрылысы салынуда. Аймақ басшысы мердігерге жұмысты сапалы жүргізіп, нысанды уақытылы ел игілігіне табыстау міндетін жүктеді.
Осы нысанда аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өңірде, Арал ауданында атқарылған жұмыстарды, алдағы жоспарлар туралы айтты.