Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа 2023 жылдың оңай болмасын ел-жұртқа алдын ала ескертті. Әлемдегі геосаяси жағдайларды ескере отыра халық қажеттіліктерінің де құны артып, жұрттың әмияны жұқарғаны анық.

Көпшілік сене қоймас, бірақ еліміздегі кейбір азық-түлік бағалары Британия елімен иық теңестірер жағдайда. Бірақ, осы екі елдің азық-түлік бағасы бір болса да жұртының жалақылары әрқалай. Содан болар, тиынға тиын қосып, алатын азғантай жалақысын не өзіне, не баласына, не болмаса үйінің коммуналдық шығынына немесе азық-түлігіне жеткізе алмайтын тұрғындар саны артуда.

Осындай қаржылық тапшылық туындаған кезде жаңбырдан кейін қаптап шығатын саңырауқұлақтай ломбардтар мен займ бергіштер көбейді. Қазіргі қоғам бұрынғыдай емес. Осыдан он жыл бұрын ағайын-туыстан ойланбастан қарыз алып, қажетіңе жұмсап, уақытында қайтарып жүретін болсақ, қазір жақынның да, алыстың да ешкімге қарыз бергісі де, ешкімнен алғысы да жоқ. Сондықтан бүгінгінің жақыны займ болып отыр.

Дәл осы уақытта алыстағы жақыныңнан артық болатын займ бергіштер, ондағы кассирлердің өзі туғаныңа айналып, төмен пайызбен ауық-ауық ақша ұсынып, өз жарнамасын көшеге де, ғаламтор бетіне де қойып, көпшілікті қызықтыратыны да шындық. Қаладағы ломбардтардың өзіне алтын әшекей өткізіп, ақшасын алып дәрісіне, баласының оқуына, үйінің басқа да қажеттіліктеріне жұмсап жүргендер жеткілікті. Баршылық заманда әшекей-бұйым тойдан-тойға, әжеден қызға мұра болып, сый болып жүрген шақтарда уыс-уыс алтын жинағандар бүгінде сол байлығын ломбардтарға беріп жүр. Ломбард атаулысы әшекейден бөлек, ішік, тон, телефон, тұрмыстық техника, бағалы заттардың барлығын қабылдай береді. Оны сатып алатын адамдар да табылады. Қазір көпшілік сауда үйінен зат алмайды, алса сол ломбардтағы біреуден қалған затты алады.

Жыл өткен сайын ломбардтардың да сан-саласы артып, кеңінен қанат жаюда. Техноломбард деген ұғым пайда болды. Жұрттың ескі телефонын, ноутбугін алып, сыртын жаңалап, нарықтағы құнынан төмен сатуда. Бұл ломбардтардың ішінде көпшіліктің қызығатын «IPhone» телефоны да бар. Сырты жаңа, бағасы да дүкендегіден 100-200 мың теңге арзан сатылады. Бұлардың саудасын жүргізіп отырғандардың дені жастар. Көпшілігі қашан да мақтануға, қымбат зат ұстауға әуес. Сондықтан сырт көзге қымбат көрінетін қалтафонды арзаннан алып үлгеруде. Ал сол арзан телефонға жастар ақшаны қайдан алады? Кейбірі студенттік шақта түрлі жұмыс істеп, ақша жинайды. Амалы жоқтар займға барады. Себебі, ломбардқа баруға оларда уыс алтын да, ішік тон да жоқ. Сондықтан, займның талаптары оларға ұтымды. Тек, уақыт өте қайтарар ақшасының еселеп артып кетерін білмейді. Бұдан бөлек автокөлікті де қабылдайтын ломбардтар бар кей жерде. Бұның арты не болары айтпаса да түсінікті.

Займнан ақшаны алудың оңайлығы сонша, студенттерден бөлек оқушылар да бұл ұйымдардың көмегіне жүгінеді. Қоғам болған соң әртүрлі отбасы бар. Он бірінші сыныптан кейінгі дүркіреп өтетін бітіру кешіне де ақша керек. Пысықайлар әке-шешесіне ауыртпашылық түсірмей, займнан 100-200 мың теңге алып тұрады. Займның да атаулары қызық-қызық, көптің психологиясына әсер еткіш атаулар. «Көке», «Айлықтан айлыққа дейін», «Займ 24», «Жан» тағысын тағы кете береді. Біздің қалада көрер көзге есептесек, ең көп займның, ломбардтың, банк филиалдары орналасқан Абай даңғылы екені де шындық. Бұдан бөлек, «Жаңа базар», «Ескі базар» маңдарында да ломбардтар жеткілікті.

Мәселен, Абай даңғылының бойындағы нөмірі 140 мектеп пен Ғани Мұратбаев көшелерінің қиылысы аралығында шамамен бір шақырымдай жер жатыр. Сол аралықта 13 ломбард, 6 банк филиалы, 7 займ ұйымдары халыққа есігін айқара ашып отыр. Көрер көзге бұл сұмдық цифр. Неліктен универсам маңында қаржы беру ұйымдары кеңеюде?

Сырт көзге сараптап қарасақ, дәл осы жол арқылы қалалықтардың жартысы өтеді екен. Кең жол болғандықтан тасбөгеттіктер де, ақсуаттықтар да, қаланың шеткі аймақтарында тұратындар да, студент пен зейнеткерлер де бұл арамен өтеді. Қаланың ортасындағы «алтын көпір» іспетті универсамда пәтер бағасы да аса қымбат емес. Ескі үйлер болғандықтан арзанырақ сатып алып, кәсіп ашуға да болады. Дәл осы маңда керек десеңіз лото клуб та орналасқан. Ақшасынан ұтылғандар кез-келген сәтте займға бара алады екен.

Сарапшылардың айтуынша Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда үлкен ломбард ашу үшін шамамен 50 миллионнан басталатын қаржы болу керек. Қызығы сол, елу миллион теңге салып, ломбард ашқан кәсіпкер ақшасын әрі кетсе бір жылдың ішінде қайтарып алады. Бұл өте жылдам қайтарым. Бейресми деректерге сүйенсек Қызылордада 140-қа жуық ломбард бар. Займерлер саны да аз емес. Көбіне 100 мың – 200 мың теңге аралығында бір ай мерзімге дейін қарыз беретін ұйымдар қаптап тұр. Сырт көзге қарағанда, ломбард пен займ ашу оңайланып кеткендей. Кішігірім кеңсе ашып, заңды тіркеп, жарнаманы үйіп-төксеңіз болды, бағалы заттары бар тұрғындар ақша үшін өздері келеді. Бұны кедейліктің арқасында баю деп атаса да болады. Мәселен, біздікіндей кіші қалаларда ломбард ашуға 10-15 миллион теңгенің өзі жеткілікті.

ranking.kz-тің есептеуіне сүйенсек былтырғы жылы қазақстандықтар займ ұйымдарынан 838 миллиард теңге алған көрінеді. Оның қайтарымы да еселенетінін ұмытпаған абзал. Түптеп келгенде, аталған ұйымдар мен орталықтардың көптігі халықтың әлеуметтік тұрмысының жағдайын ашық көрсетіп отыр. Сорақысы сол, қаламыздың кейбір дүкендерінде банк арқылы пайызсыз бөліп төлеуге азық-түлікті де алуға болады. Бұл шешім көпшілікке майдай жағуда. Бұнымен қоса ел тұрғындарының банк алдындағы да берешегі артуда. Қысқасы, көпшілігі ішсе де, жесе де, оқыса да, тоқыса да қарызға кіреді. Әр қадамы бір қарызбен өлшенуде… Бұл біздің қоғам шындығының бір көрінісі.

Екінші көріністің барын да жоққа шығару мүмкін емес. Азық-түлік, Түркия мен Қытайдан келетін киім-кешектің бағасы ұшып тұр. Бір кездері ағасынан, үлкеннен қалған киімін киетін балаларды қазір таппаймыз. Амал жоқтан, ай сайын көйлегі мен шалбарын әперіп отырғандар баршылық. Қаламыздағы орталық алаң маңындағы көшелерде, өзге де шағын аудандар бойында орналасқан киім дүкендері бар. Бір кездері қарапайым жейденің құны 90 мың теңге екенін көріп, таңқалғандар да болды. Егер, қымбат дүкен бар болса, оны тұтынушылар да бар деген сөз емес пе? Бірақ, орта жағдайлы адамдардың да қымбат дүкеннен киінуіне шектеу жоқ. Себебі ол жақта да пайызсыз бөліп төлеу қарастырылған. Шыны керек, киімінің қарызын төлеп бітемін дегенше киімі де тозып тынады. Бұл көріністен шығатын түйін біреу. Қоғамда бай барған сайын баюда, кедейлер кедейленуде. Дәлелдеуді керек етпейтін аксиома осы болып отыр. Жеке кәсіпкерлер болған соң қымбат киімнің бағасы мен азық-түлікті реттеу жергілікті органның қолынан келе қоймас.

Д.АМАНГЕЛДІ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған