Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауына келген қала тұрғыны көтерген мәселесінің тез арада шешім тапқанын айтып, ризашылығын білдірді. Қызылорда қаласындағы, Хангельдин көшесінің тұрғыны Сұлу Ділмағамбетова 29 маусым күні қабылдауда болған еді.
– «Біз тұйық көшеде 4-5 үй тұрамыз. Біршама уақыт бұрын Нұрлыбек Машбекұлының қабылдауына келіп, көше тұрғындарының атынан өтініш айттым. Көшемізге асфальт төсеп беруді сұрадым. Аймақ басшысы сол жерде менің мәселемді қарастыруды қала әкіміне тапсырды. Қала әкімі шілде айында жөндеуге уәде берді. Сол уәде бойынша көшемізге асфальт төселді. Бәрінен бұрын балаларымыз мәз! Бұрын әсіресе, қарлы-жаңбырлы күндері көшеден өту мүмкін емес еді. Басшыларымызға ризамыз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол», – деген осы», – дейді Сұлу Ибрашқызы.