2026 жылдан бастап Қазақстанда онкологиялық скринингтер барлық азаматтарға, МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді. Бұл – онкологиялық аурулармен күрестегі маңызды қадам.

Сұхбат барысында Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының онколог-дәрігері Сәуле Жансарина ерте диагностиканың мүмкіндіктері, қатерлі ісік даму қаупін арттыратын себептері және өзін-өзі емдеудің қауіптілігі туралы айтып берді. Қатерлі ісік аурулардың пай­да болу себептері қандай?

– Қатерлі ісік – ағзадағы мутацияға ұшыраған жасушалардан дамитын ауру. Бүгінгі күні оның пайда болуының бір ғана нақты себебі анықталған жоқ. Алайда негізгі қауіп факторларына дұрыс тамақтанбау, темекі шегу, имму­нитеттің әлсіреуі, созылмалы қабыну аурулары, радиация мен ультракүлгін сәулелердің әсері жатады.

Мысалы, қорғанышсыз ұзақ уақыт күн сәулесінің астында болу тері қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ Helicobacter pylori микроағза созыл­малы гастрит пен асқазан жарасын тудыратыны белгілі. Егер ол уақытында емделмесе, асқазан қатерлі ісігінің дамуына ықпал етуі мүмкін.

Дені сау ағзада қатерлі ісіктер дамы­майды. Түрлі созылмалы аурулар мен уақытында емделмеген жаралар қатерлі ісіктің дамуына негіз болуы мүмкін.

Соңғы жылдары онкологиялық ауру­лардың «жасаруы» байқалуда. Қатерлі ісік жас адамдарда да жиі анықталуда. Сондықтан әрбір адамға медициналық тексеруден жүйелі түрде өту өте маңызды.

– Шиелі ауданында онкологиялық аурулармен есепте тұрған науқастар саны қанша?

– 2025 жылы ауданның шамамен 700 тұрғыны диспансерлік есепте тұрса, оның 156-сы алғаш рет анықталған нау­қастар. Жыл сайын 100–150 жаңа жағдай тіркеледі. Бірқатар пациент­тердің бес жылдық өмір сүру шегінен асып кеткені қуантады. Алайда, өкінішке орай, аурудың кеш сатысында, ағзада қайтымсыз өзгерістер басталған кезде жүгінетіндер де бар. Біздің дәрігерлер әр пациенттің өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салуда. Ауданда онко­логиялық аурулардың басым бөлігі – өкпе обыры. Одан кейін сүт безі және асқазан-ішек жолдарының ісіктері жиі кездеседі.

Бұрын өңеш қатерлі ісігімен ауы­ратындар көп болатын. Ол кезде тұр­ғындар самаурыннан шай ішетін. Айта кету керек, өте ыстық сусындарды ішуге болмайды. Өңешті күнделікті күйдіру ауыр ауруларға әкелуі мүмкін.

Тағы бір мәселе – фастфуд пен майлы тағамдар. Бізде бір жағдай болды. Көкшетау қаласындағы жо­ғары оқу орындарының бірінің 1 курс студентіне асқазанның қатер­лі ісігі диагнозы қойылды. Ол тез дайын­да­латын кеспелермен жиі тамақтана­тынын айтты. Өкінішке қарай, диагноз қойыл­ғаннан кейін үш айдан соң ол қайтыс болды.

Сонымен қатар алкоголь, вейп, кальян және темекі шегу онкологиялық аурулардың дамуына әсер етеді.

– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап онкологиялық скрининг барлық аза­маттарға қолжетімді болды. Кімге және қандай скринингтік тексеруден өту қажет?

2026 жылдан бастап онкологиялық скрининг МӘМС жүйесіндегі мәрте­бесіне қарамастан Қазақстан азаматта­ры­ның барлығына тегін жүргізіледі.

40 – 70 жас аралығындағы әйелдер әр екі жыл сайын сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған скринингтен өтеді.

30 – 70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жыл сайын жатыр мойны обы­рына скринингтен өтеді.

50 – 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер әр екі жыл сайын колоректальды қатерлі ісікке скрининг­тен өтеді.

Тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау үшін гемокульт-тест жүргізіледі. Бұл нәжістегі жасырын қанды анықтайтын экспресс-талдау. Ол белгілер болмаған кезде қан кету көзін анықтауға мүмкіндік береді. Жасырын қан ісік қалыптасудан бірнеше жыл бұрын пайда болуы мүмкін. Нәтиже оң болған жағдайда пациентке колоноскопия жасалады.

– Онкологиялық ауруларды анық­тау және емдеу үшін қандай заманауи медициналық құрал-жабдықтар бар?

– Бүгінде Қызылорда облысы кажет­ті заманауи диагностикалық жабдық­тармен жақсы қамтамасыз етілген. Шиелі ауданында компью­терлік то­мограф жұмыс істейді. Эндос­ко­пиялық зерттеулер, биопсия мате­риал­дарының цитологиялық және гистологиялық талдаулары қолжетімді.

Қатерлі ісікті емдеудің үш негізгі әдісі бар: химиялық препараттармен, хирургиялық әдіспен және сәулелік терапия. Қазіргі ғылым тұрғысынан ісікті оның түбірімен бірге хирургиялық жолмен алып тастау ең жақсы нәтиже береді.

– 2026 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік маңызы бар ауруларды, оның ішінде қатерлі ісіктерді диаг­ностикалау және емдеу тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қол жетімді. Яғни, егер науқаста қатерлі ісікке күдік болса, ол барлық медициналық қыз­меттерді тегін ала ма?

– Иә, МӘМС жүйесіндегі мәртебе­сіне қарамастан, онкологиялық ауруы бар пациенттерге барлық диагнос­тикалық және емдік шаралар тегін тағайындалады. Айта кету керек, Қазақ­стан – онкологиялық ауруларды емдеу тегін жүргізілетін бірегей ел. Басқа мемлекеттерде бұл қызметтер ақылы және «медициналық туризм» ретінде көрсетіледі.

Оңтүстік Корея, Израиль және Гер­манияда медициналық туризм кеңінен дамыған.

Егер 10 жыл бұрын Қазақстанда қатерлі ісіктің I–II сатылары 45–46% жағдайда анықталса, бүгінде бұл көрсеткіш 60%-дан асты. Бұл дәрі­гер­лердің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Шетелде бұл көрсеткіш шамамен 70%-ды құрайды.

Неліктен өзін-өзі емдеуге бол­майды?

– Кейбір тұрғындар дәрі-дәрмектерді қолдану немесе халық емшілеріне жүгінуді оңайырлақ деп санайды. Алай­да өзін-өзі емдеу қымбат уақытты жоғал­туға әкеледі.

Қатерлі ісік ерте сатысында анық­талса, сәтті емделеді және асқыну­лардың алдын алуға болады. Сондық­тан дәрігерге уақытылы жүгініп, профи­лактикалық тексерулерден өту өте маңызды.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл Аханова

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған