Сыр елінің бас шаһарында республикалық оқушылар айтысы өтті. «Көктем нұры» атауымен айшықталған дәстүрлі дода Алашқа белгілі ақын, сыншы, аудармашы, жерлесіміз Жарасқан Әбдірашевтың 75 жылдығына арналды. Айтыста еліміздің 6 өңірі мен Қызылорда қаласынан және Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан келген 10 жас ақын бақ сынады.

Айтысты ашып беріп, талапкер жас ақындарға сәттілік тілеген шаһар басшысы Асылбек Шаменов сөз додасына түсетін жас ақындарға жүрекжарды лебізін білдірді.

 – Аралдың айдынынан ұшып шығып, атағы Алатаудан әрі асқан, әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігінің, поэзияға деген құштарлығының арқасында небары 21 жасында КСРО Жазушылар Одағына мүше болған қайталанбас дарын Жарасқан шайырдың 75 жылдығына арналған дәстүрлі оқушылар айтысының жас таланттарға берері мол, жетелер шыңы биік деп білемін. Бүгінгі сөз бәйгесінің көрігін қыздырсақ деп келген ақындар жыр байрағын биіктен желбірете бергей!» – деді қала әкімі Асылбек Шаменов.

Сөздің құнын жоғары қойған жас ақындардың өнеріне «Құрмет» орденінің иегері, белгілі айтыскер ақын, «Көктем нұры» айтысы жобасының авторы Мамыр Байдәулетов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және белгілі жыршы-термеші, халықаралық конкурстардың лауреаты, халықаралық ақын-жыраулар Одағының мүшесі Амандық Бүрлібаев төрелік етті.

Жыр додасының қорытындысымен халық ақыны Манап Көкенов атындағы бас жүлде мен ақшалай сыйлықты жеңіп алған Сырдария ауданынан келген жас өрен Нұрахмет Мансұровты қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов марапаттады.

Биылғы жылдың басты ерекшелігі, бас жүлде иегеріне белгілі өнер қайраткерлері мен арқалы ақындар, барша алқалаған әлеумет А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында тұлпарға мінгізіп құрмет көрсетті.

І орын маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановқа, ІІ орын Арқалықтан келген Рағат Нұрисламға бұйырды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Аққұм ауылының тумасы Жүнісбек Айсұлу, қызылордалық Ұлықбек Бектай және жаңақорғандық Мұхамедали Абдуллаев ІІІ орынды өзара бөлісті.

Мұнан бөлек, «Сүре айтыстың Сұржекейі – Серік Өтеуов», «Қайым айтыстың хас шебері – Бекұзақ Тәңірбергенов», «Түре айтыстың тарланы – Махамбетқали Тұрсанов», «Тап берме сөздің тапқыры – Серік Ыдырысов» және «Аламан айтыстың ақтаңгері – Кенжебай Жүсіпов» атындағы арнайы номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден 5 жүлде табысталды.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған