Сыр бойынан шыққан мықты мемлекеттік қайраткерлердің бірегейі, еліміздің Тәуелсіздігін қалыптастыруда, оны баянды етуде аянбай қызмет еткен тау тұлғалардың бірегейі, Мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр бойының перзенті Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қазасы қалың жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті. Ерім дейтін елі барда ер аты өшпейді… Азалап жоқтайтын жұрты барда есімі, жақсы ісі ел жадында жасайды.
Қызылорда топырағында туып-өсіп, еңбекпен есейіп, біліммен ержеткен, өз біліктілігімен, еңбексүйгіштігімен, таза жүрегімен еліне қызмет етіп, мемлекеттік жоғары деңгейге жеткен ол ғұмыржасы 71-ге қараған шағында қайтыс болды.
Осы аптаның сәрсенбісінде марқұмның отбасы, туған-туысқандары Сыр бойы жұртшылығына арнап марқұмның рухына бағыштап құран оқытты. Қабырғасы қайысып қайғырған ел азаматтары мемлекеттік басқару ісін жетілдіру бағытында Сапарбаев академиясын ашуға, қызметке берілген мемлекеттік қызметкерлерді дайындауда оның тұлғасын жастарға үлгі ететін Тұлғатану курстарын енгізуді, жалпы елге қызмет етуде Бердібек Машбекұлы ісін үлгі етуді ұсынды.
Жақсы адамның әрбір ісі, игі сөзі, ел үшін жасаған жақсылығы, халқына қалтқысыз қызметі елмен бірге қалады екен… Талайға аға болған, талайға ұстаз, үлгі болған бір елдің ғана емес, бүкіл елдің көшбасшы азаматы болған жақсы жанның жадыдағы жаңа өмірі басталды. Жатқан жері жайлы болсын…