Еңбек тәжірибесін облыстағы ана мен баланың саулығына арнап, осы бағытта бірнеше жыл еңбек етті. Ол 20 жыл перзентханада қызмет жасап, білімін аймақ медицинасының дамуына арнады. Балалардың бабымен дүниеге келуіне себепкер болып, аналардың алғысын алған маман. Бүгінде зейнет жасына шықса да, жұмысын жеке клиникада жалғастыруда. Ол – Жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы, жоғары санатты акушер-гинеколог, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «NazDarMed» клиникасының негізін қалаушы – Жұмашева Гүлнара Хамзақызы. Жақында ашылған отбасылық клиниканың иесімен тілдесіп, оның бағытын, жұмысын, қызмет көрсету сатысы мен сапасы жайында сұхбат арқылы білдік.
– Зейнетке шығып, бүгінге дейін жиған біліктілігіңізді жеке клиникаңызда жалғастырудасыз. Жұмыс барысы қалай жүзеге асуда?
– «NazDarMed» клиникасы бүгінгі таңда сол жағалауда орналасқан бірінші медициналық нысан. Атауынан да байқалған шығар, бұл отбасылық және интегративті медициналық клиника. Бүгінде әлем дәстүрліге қосымша альтернативті медицина әдістерін қосып интегративті медицинаға бейімделіп келеді. Америкада осыдан 20 жылдан аса уақытта қолданысқа енгізілген. Бізде бұл жүйе енді ғана қолға алынуда. Мәселен, интегративті терапевт, интегративті педиатр, нутрициолог, тұзды шахта, медитация, коррекция, психолог және тағы да басқа қызмет түрлері қамтылады. Барлығы бұрыннан қалыптасқан ұғым. Тек қызмет көрсету бағытында жаңашылдық бар. Неге олай десеңіз, адам ауырса оның шипасын тек дәрі-дәрмектен ғана емес, психосоматикалық негізбен, дұрыс тамақтанумен де емдеуге болатынын ұғындыру.
Сондай-ақ, адам режим қалыптастырып, ішкі жан дүниесінің тыныштықта болуына мән беріп, дұрыс тамақтану секілді қағидаларға зер салу керек. Біздің клиниканың ерекшелігі де осы да. Әр науқастың диагнозын назарға алып, соған сәйкес күтім түрі, тамақтану режимін қалыпқа түсіру арқылы ем түрлерін жүргізеді.
– Сонда клиникаға келген емделушілер барлық дәрігерлердің кеңестеріне құлақ түріп, жекелей көрінулері міндетті ме?
– Емделуші өзі үшін барлық қажетті маманның көмегіне жүгінгені жақсы. Біз ұсыныс ретінде айтамыз, бірақ міндетті дей алмаймыз. Алайда, осы интегративті әдіске біздің жұртшылық үйренісуі тиіс.
– Қателеспесем, бұл бағыттағы клиника біздің облыста алғаш рет ашылып отыр ғой?
– Иә, алғашқы деп айта аламын. Жалпы, еліміз бойынша интегративті медицина туралы мағлұмат та, ондай клиникалар да аз. Бізде көбіне дәстүрлі медицина жақсы қолға алынған. Мен тәжірибе алмасу мақсатында шет елге жиі шығып, біраз жаңашылдықтарға куә болғанмын. Мысалы, бір адамның организмінде қандай да бір ауырсыну болғанымен, оған дәрі-дәрмекті үйіп бермей, жәй ғана коррекцияның көмегімен ем жасауы мүмкін. Бұл альтернативті медицинаның жемісі деп айтуға негіз бар. Аталған әдіс шет мемлекеттерде бұрыннан бар, ал біздің тәжірибеге енді енгізіліп жатыр. Өзім перзентханада 20 жыл жұмыс жасадым. Министрліктен бір штат психологпен қамтылу керек делінген бұйрық болды. Әйелдер әртүрлі жағдайда босануға келіп жатады ғой. Сол кезде кейбірінен үрей, қорқыныш секілді түрлі эмоцияларды көреміз және ол өзі мен баланың денсаулығы үшін қолайлы босануға дайын болмай келеді.
Психолог маман осындайда қорқынышты жеңіп, адамның ішкі халін жақсартуға көмектеседі. Сол сәтте туысқандарына психологтың көмегіне жүгінсін деп бір ауыз рұқсат сұрағанымызда, барлығы қорқып бас тартып жатады. Негізінде, ол психиатр маманы емес психолог, шатастырмаңыздар деп түсіндіреміз. Көрген тәжірибеме орай, мен ашқан клиникадан ересектер үшін де, балалар үшін де жұмыс жасайтын тәжірибелі психолог мамандарды жұмысқа алдым.
Сондай-ақ, осыдан он жыл бұрын перзентханада қосымша жаңа әдістерді игеру үшін мамандарды оқуға жиі жіберетінмін. Бүгінде біліктіліктерін тар буын маманы болу үшін резидентура арқылы ғана арттыра алады. Тар буынды мамандардың жетіспейтін себебі де осы. Қазір тар буынды мамандар бірнеше мекемеде жұмыс жасайды. Біздің клиникада да тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етілген, олар кесте бойынша науқастардың жазылу уақытына сәйкес медициналық көмек көрсетеді.
– Сонда отбасылық клиникада бас-аяғы қанша маман бар?
– Клиникада медициналық қызмет көрсету бойынша 15-ке жуық маман жұмыс істейді. Кардиолог, пульмонолог, гинеколог, балалар және ересектерге арналған психологтар, невропатологтар, терапевт, педиатр, неонотолог, гинеколог, уролог, травматолог, хирург, проктолог, генетик, УЗИ дәрігері және тағы да басқа бөлім бойынша қызметкерлер бар. Одан өзге клиникаға келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін түрлі қызмет түрін көрсететін мамандар да біріктірілген.
– Сөзіңізге қарасам, бүгінде медицинаның бір бағытымен шектелмепсіз. Негізі өзім сіз ашқан клиника тек ана мен балаға бағытталған деп топшылағаным рас. Әртүрлі мамандарды біріктіріп, жалпы медицинаның дамуы үшін жұмыс жасауда екенсіз. Зейнетке шыққаныңызбен, жауапкершілік бұрынғыша. Қиындық туғызып жатқан жоқ па?
– Қиындығы – жеке өзің үшін жұмыс жасағанда жауапкершілігі бұрынғыдан да артады екен. Жоғарыда атап өткенімдей, тар буынды мамандарды ұстау да, оларға жұмыста қолайлы жағдай жасаудың да маңыздылығы бар. Барлық талаптарына көнесің. Өйткені, клиника құндылығы ондағы дәрігерлердің тәжірибесімен көрінеді. Иә, әрине қиындығы бар. 20 жыл бойы ана мен бала бағыты бойынша жұмыс істегенмен, оның алдындағы медициналық білімім де үлес қосуда.
Жалпы,бір жүкті әйел болғанымен, оның бойында бірнеше ауру түрлері болуы мүмкін. Оның үстіне перзентханада тек акушер-гинеколог маманы ғана жұмыс істемейді. Кез келген бағыттағы дәрігермен байланыста боламыз. Әсіресе, реанимацияға түскен науқастың жағдайына орай қажетті маман иесін шақырып, бірлесе жұмыс жасалатын. Сондықтан, әр бағытты қамтыған медицинада жұмыс істеу мен үшін жаңалық деп айтпаймын.
– Клиникаға келушілердің қатары артуда ма? Басым көпшілігін әзірге тек сол жағалаудың халқы құрайтын болар?
– Сол жағалаудың тұрғындары біздің клиникаға тіркелу үшін өтініш айтқан болатын. Бүгінде 1700-ден аса халық тіркеліп, сол тұрғындарға үкіметтің емханасы секілді ақысыз қызмет түрлері көрсетілетін болады. Қаланың қай бұрышында тұрса да, кез-келген тұрғын біздің отбасылық клиникаға тіркеле алады. Аудандарда жоқ мамандар бізде болса, жолдама арқылы келіп көріне алады.Сол кезде оларға да тегін медициналық көмек көрсетіледі. Жақында ғана ашылса да, бүгінде жұмыстар қызу жүргізілуде.
– Емханада ем алушылар үшін қолданылатын аппараттарыңыз жайлы білейік…
– ЭКГ, КТГ, қалада өзге емханаларда кездеспейтін «4 D» УЗИ, дәрігердің жолдамасымен адамның ми қыртысын сағаттап, тәуліктеп түсіретін ЭЭГ, холтер және өзге аппараттар бар. Басым көпшілігі Корей елінің аппараттары. Біздің ең басты мақсатымыз – науқасқа сапалы медициналық көмек көрсету, науқасқа бейімделу, қолайлы жағдай жасау. Баланы ЭЭГ-ге тәулік бойы тексеру кезінде қолайлы болу үшін келген ана мен балаға арнайы ыңғайлы керуерт те қойдық.
Келесі маңызды мәселе, пациенттердің кауіпсіздігі. Ол үшін жаңа технологиялар бойынша қол жууда, залалсыздандыруда, ауа тазалалығына қажетті аппараттар мен бұйымдар қаматамасыз етілді. Келген пациенттерде түрлі вирустық және басқа да инфекциялар болуы мүмкін. Ол науқастағы ауруды келесі келуші жұқтырмас үшін, әр кабинет ауадағы микробтарды 99,9% жоятын ауа залалсыздандырушы аппаратымен қамтамасыз етілді.
Тұзды шахта кабинетін де ашып қойдық. Тұзды шахта қаладағы медициналық мекемелерде көп емес. Бар болғанымен жабық мекемелерде ғана кездеседі. Алайда, көпшілік денсаулықтары үшін жолдың алыстығын да сылтау етпей келуде. Бүгінде тек рентген қызметі емханалармен келісімшарт арқылы жасалуда. Сосын «Invivo» лабораториялық мекемесімен келісім шартқа отырдық. «NazDarMed» клиникасына тіркелген адамдар тегін анализ тапсыра алады. Бұл осы сол жағалаудың тұрғындары үшін де тиімді.
– Негізі қателеспесем, бастапқы жоспарыңыз жасанды ұрықтандыру жолы арқылы бала сүюге ниетті жандар үшін арнайы клиника ашу болды ғой?
– Иә, дұрыс айтасыз. Алайда, бұл жоспарым әзірге орындалмады. Өйткені, аппараттарының және дәрідәрмектерінің шығыны өте көп болды. Одан бөлек, арнайы мамандармен қамтамасыз етілу де негізгі проблемалардың бірі. Елімізге белгілі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқаровамен тілдесіп, филиал ашуға ниетті екенімді жеткізгенде құптамады.
Өйткені, қанша жерден аппарат әкеліп, клиника ашқанмен, білікті маман болмаса оның пайдасы жоқ екенін жеткізді. Жергілікті жердегі мамандардың бұл жұмысты игеріп әкетулері де екіталай деді. Сондықтан, сапаға мән берген дәрігердің бірі ретінде клиниканың бағытын отбасылық етіп ашуды жөн көрдім.
Әйткенмен, біздің клиникада ЭКО-ға дейінгі ерлі-зайыптылардың қатар тексерілулері, қаралулары, оларды емге дайындау және жүктілік болған кездегі күтімге қатысты жұмыстар атқарылады.
– Жалпы, қоғамда ана мен балаға қатысты әртүрлі проблемалар жоқ емес. Сізді маман ретінде не толғандырады?
– Кез келген аурудың алдын алған дұрыс. Жүктілікті жоспарлауға мән беру керек. Оны жалғыз әйел емес, отбасы жоспарлаған дұрыс. Бала босанған соң, әйелдің организмі толығымен қалпына келгені жақсы. Өйткені әйелдің бойындағы бүкіл дәрумендер мен микроэлементтер балаға беріледі, ол келесі жүктілікте сол бала үшін де дәрумендер орнын толтырулары қажет. Ол үшін кем дегенде екі жыл керек. Бізде жарты жылға жетпей жатып, қайтадан жүкті болып келетіндер жоқ емес. Сөйтіп, оның босану барысында не босанған соң денсаулығында қандай да бір проблемалар туындап жатады. Ата-ананың жауапкершілігі баланы тек дүниеге алып келумен шектелмейді. Дені сау болып дүниеге келуі үшін, әкенің де, ананың да денсаулық жағдайлары жақсы деңгейде болғаны маңызды. Мысалы, шет мемлекетте баланың болашағы үшін ойланып шешім қабылдайды. Біз осындай пікірді айтқанда, кейбір кісілер халықтың санын азайтуға үгіттеп жатсыңдар деген де ойларын жеткізген. Негізінен олай емес, біз үшін ұрпақ саулығы маңызды. Мәселен, қарапайым қан жетіспеушілігін алайық. Анемияны емдемей, бала көтерсе ол кезде іштегі нәрестеге толық ауа бармайды. Ол баланың денсаулығына да әсер етеді. Тағы айта кетерлігі, жүкті әйелге үйіндегілердің қолдауы да маңызды. Жүкті әйелге жақсы көңіл күймен қарап, дүниеге немере, немесе бала әкеледі деп психологиялық тұрғыдан да қолдаған жөн. Немереге ғана емес, оны дүниеге әкелген анаға да сондай мейіріммен қарау керек. Бұлай деуіме себеп көп. Өйткені, біз перзентханада әйелдерді ғана емес, оның отбасындағы жағдайды көреміз. Ол әйелге деген отбасындағылардың көзқарасы, балаға көзқарасы барлығы айқын білінеді. Қандай да бір дұрыс емес нәрсе болса, тек ананы кіналайды.
Сондай-ақ, дәрігерлерді де кінәлауға дайын тұрады. Олар тек алдына келген адамның денсаулық жағдайына қарап жұмыс істейді ғой. Сондықтан, уақытына жетіп, дүниеге дені сау бала әкелу үшін әрбір адамның жауапкершілігі бар екенін ескерген жақсы.
Тағы бір мәселе адамдар дәрігерге көрінбей, үй жағдайында ем жүргізеді. Кішкене ауырса, антибиотик ғана көмектеседі деп ойлайды. Негізі иммунитетін түсіріп жатқанымен шаруасы жоқ. Клиника жанынан дәріхана да аштым. Осында жас келіншектер балаларына антибиотик алу үшін көп келеді. Дәрігерлердің нұсқауын сұрасақ, өзім ішкізгелі жатырмын дейді. Бұл тұста бізге саудадан бұрын, адам саулығы маңызды болып тұр. Сол себепті түсіндіріп айтамыз. Олай болмайды ғой. Өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарай білулері керек.
– Алайда, ситуация әрқалай ғой. Біліктілігі аз дәрігерлердің кездесетіні де жасырын емес.
– Әрине, тек бір жақпен шектелмеймін. Бұл пікірмен де келісемін. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтындарды бүгінде аздап кезіктіреміз. Мен жұмыс істеймін деп емес, талаптарын арта келеді көбісі. Жұмысқа медбикелерді қабылдар уақытта, жас маман мен аумақта жұмыс істегім келмейді, басқа жұмыс тапсырсаңыз дегені бар. Олар қайда жіберсеңіз де, осы саланы үйренгім келеді деген ниетпен жұмысқа тұрулары керек қой. Тәжірибелі емес, бірақ талап мықты. Біз де жас болдық. Жұмысқа қабылданғанның өзіне қуанған едік. Өзім Ақтөбенің тумасымын, бірақ осында жұмысқа жіберді. Туысым да, танысым да жоқ мекенге келіп, Қызылордада есейдім. Тұрмысқа да осы жақтың жігітіне шықтым. Адал еңбегімнің арқасында жетістіктерге де жеттім. Әлі де еңбектеніп жатырмын.
– Соңғы сұрағым, клиниканың атауын неліктен «NazDarMed» деп қойдыңыз?
– Назар және Дарын деген екі немерем бар. Бастапқыда клиника атауын «Исида» деп атағым келген. Исида – ежелгі Египет құдайы, ана мен баланың қорғаушысы. Ойлана келе, бұл атауды дәріханаға қойып, клиниканы екі немеремнің құрметіне «NazDarMed» деп атағанды жөн көрдім. Өміріміздің бір бөлшегі ұрпағымыз болса, екіншісі бізге абырой әкелген жұмысымыз ғой. Сондықтан, екеуін осылай ұштастырғанды дұрыс деп таптым. Немере деген тәтті екен ғой. Дүниеге нәресте келгенде, ата-анасының сезімдері бөлек, дегенмен ата-әжелері қатты қуанды. Сонда түсіне бермейтін ем, ертең немерелі болғанда түсінесіз дейтін. Расында, немере тәтті екен.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан