Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барша мадақ пен мақтау Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммед пайғамбарымызға, оның отбасы мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болғай! Баршамызды айлардың сұл­таны болған қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын!

Адамзат баласына тура жол нұсқаушы ретінде жіберілген Құран Кәрім түсе бастаған, он екі айдың сұлтаны Рамазан – мұсылман үмбеті үшін рухани жаңғыру мен кемелдікке ұмтылу кезеңі. Ол – жай ғана аштық пен шөлдің айы емес, рухани кемелденудің, нәпсіні тәрбиелеудің және Алланың шексіз рақымына бөленудің алтын діңгегі. Осы айдың әрбір сәті, әрбір минуты – мұсылман баласы үшін зор мүмкіндік. Біздің асыл дінімізде бұл ай «сауаптар еселеніп жазылатын ай» деп сипатталады.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, солайша тақуалыққа жетерсіңдер»деп бұйырған.Осы қасиетті аят ораза ғибадатының түпкі мақсаты – «тақуалық» екенін айқын көрсе­теді. Тақуалық – Жаратқанның алдындағы жауап­кершілікті сезіну, тыйымдарынан алыс болып, бұйрықтарына мүлтіксіз бойұсыну.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Рамазан айының артықшылықтары өте терең баяндалған. Алла елшісі: «Рамазан айы келгенде жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады және шайтандар кісенделеді» деп сүйіншілеген. Бұл хадистің терең мәні бар. Шайтандардың кісенделуі – адамның бойындағы жаман қасиет­тердің, нәпсінің тізгінделуіне мүмкіндік береді. Ал жәннат есіктерінің ашылуы – бұл айда жасалған әрбір игі істің сауабының ерекше екенін, Алланың рақым есігі баршаға ашық екенін білдіреді. Расында да, Рамазан – адамның ішкі әлеміндегі ізгілік пен жамандықтың арпалысында иманның жеңіске жететін шағы.

Оразаның сауабы туралы айтқанда, оның басқа құлшылықтардан айырмашылығын еске­руі­міз қажет. Барлық жақсы амалдар үшін он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылса, ораза­ның жөні бөлек. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім беремін»деген. Бұл – ораза ұстаушының ықы­ласы мен ниетіне берілген ең жоғары баға. Ораза ұстаушының сауабын ешбір таразы өлшей алмай­ды, оны тек Алла Тағала Өзінің шексіз жомарт­тығымен береді. Сондықтан, Рамазан айында жасалған әрбір садақа, оқылған әрбір аят, айтыл­ған әрбір жылы сөз мың еселенген сауап болып қайтады.

Рухани тұрғыдан алғанда, Рамазан айы – пенденің жүрегін дүниеуи кірлерден, қасаңдықтан және күнәлардан арылтатын ұлы тәрбие мектебі. Осы кезеңде адам баласы тек физикалық қажет­тіліктерден ғана емес, сонымен бірге жаман ойлар­дан, ғайбаттан, өтірік пен арам істерден ірге­сін аулақ салуы тиіс. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өтірік айтуды және соған сәйкес амал етуді қоймаса, оның ішіп-жеуден тыйылуының Аллаға қажеті жоқ»деп ескерткен. Демек, оразаның кемелдігі – оның ішкі мазмұны мен әдебінде. Шынайы ораза – тілдің, көздің, құлақтың және жүректің оразасы.

Сабырлылық – иманның негізі. Ал Рамазан – сабыр айы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сабыр – иманның жартысы, ал ораза – сабырдың жартысы» деген сөзі оразаның адам ерік-жігерін шыңдаудағы рөлін айқындайды. Аштық пен шөлге төзу, нәп­сінің қалауларына «жоқ» деп айту – адамның өз-өзін басқару қабілетін арттырады. Осы сабыр арқы­лы пенде қиындықтарға қарсы тұруға, өзге­лердің мұқтаждығын түсінуге және қана­ғат етуге дағды­ланады.

Рамазан – жомарттық пен қайырымдылықтың салтанат құратын айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда бұрынғыдан да жомарт болып, мұқтаждарға қол ұшын созуға асығатын. Тіпті, оның жомарттығын сахабалар «соққан желден де жылдам еді» деп сипаттаған. Мұсылман қауымы үшін осы айда берілетін садақаның, жасалатын жақсылықтың орны бөлек. Әсіресе, ораза ұстаған жанға ауызашар берудің сауабы орасан зор. Хадисте: «Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, оған да ораза ұстаушының сауабындай сауап жазылады. Бұл ораза ұстаушының сауабын еш кемітпейді» деп баяндалған. Бұл қоғамдағы бауырмалдықты, ауыз­біршілікті және мейірімділікті арттыратын маңыз­ды фактор. Ал садақа беру – тек мал-мүлік­тің азаюы емес, керісінше оның берекесінің артуы.

Берекелі айдың тағы бір ұлы нығметі – Қадір түні. Құран Кәрімде «мың айдан да қайырлы» деп сипатталған түнде жасалған құлшылықтың сауабы адамның бүкіл ғұмырына татиды. Рама­занның соңғы он күндігінде жасырылған аталған түнді іздеу, оны құлшылықпен, дұғамен өткізу – әрбір мұсылманның басты мақсаты.

Рамазан айындағы құлшылықтардың жүйе­лілігі мен тереңдігі мұсылманның өмір салтын реттейді. Таң сәріден сәресі ішу, күні бойы ораза ұстап, кеш батқанда ауыз ашу, содан кейін тарауық намаздарына қатысу – мұның барлығы адамды тәртіпке, уақытты тиімді пайдалануға және жамағатпен бірлікте болуға тәрбиелейді. Оразаның физиологиялық пайдасымен қатар, оның психологиялық және әлеуметтік маңызы ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Алайда, мүмін үшін басты мақсат – Жаратушының әмірін орындау арқылы Оның разылығына бөлену. Сонда ғана рухани және физикалық саулық қатар келеді.

Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Рамазан айының руха­ни мәнін халыққа жеткізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мешіттердегі уағыз-наси­хат жұмыстары мен ғылыми-танымдық материал­дар мұсылман үмбетінің діни сауаттылығын арт­тырып, оразаның шарттары мен әдептерін терең түсінуге септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, Рамазан – пенде мен Жара­ту­шы арасындағы байланыстың ең жоғары дең­гей­ге көтерілетін кезеңі. Осы айда жасалған әрбір дұға, оқылған әрбір аят пен берілген әрбір садақа ақы­ретте біз үшін нұр және шапағатшы болады. Ораза – қиямет күні иесіне: «Раббым, мен оны күн­діз ішіп-жеуден тыйдым, менің ол үшін жасаған шапаға­тымды қабыл ет»деп араша түсе­тін ұлы құлшылық.

Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, жаса­ған құлшылықтарымызды, берген садақалары­мызды қабыл еткей! Қасиетті айдың берекесін бар­шамызға бұйыртып, жүректерімізге иман, отба­сы­ларымызға бақ-береке, елімізге тыныштық берсін! Тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болып, Рамазан­нан Рамазанға аман-есен жете беруді нәсіп етсін. Әмин!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған