Осы аптаның сәрсенбісінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов Бақ өкілдеріне өткен жылдың қорытындысы мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
– Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы, мемлекеттік тіл, жастар, ақпараттық саясат, этносаралық қарым-қатынас және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс саласындағы қызметтерді жүзеге асырады. Өткен жыл облыс үшін қоғамдық-саяси маңызды жаңалықтарға толы кезең болды. Қызылорданың облыс болып құрылғанына 85 жыл, қалаға 205, бірқатар аудандарға 95 жыл толды. Облыстың 85 жылдығы жыл көлемінде түрлі салада кең көлемде атап өтіліп, 100-ге жуық нысан ашылып, 1000-нан аса шара өтті. Сондай-ақ, «Сыр елі» энциклопедиясы, «Сыр елінің тарихы» кітабы, «Қызылорда облысы: 1938-2023» кітап-альбомы әзірленді. Баспадан шығарылады. Облыстың 85 жылдық тарихын айшықтайтын арнайы деректі фильм, «Бұл – біздің Қызылорда» деп аталатын телесериал түсірілді,-деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Басқарма басшысының айтуынша өткен жылы облыста қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деп бағаланған. Аймақта заңсыз наразылық акциялары орын алған жоқ. Саяси трансформацияның жалғасы ретінде жыл көлемінде Парламент Сенаты, Мәжіліс пен мәслихаттар, пилоттық режимдегі Сырдария мен Шиелі ауданы әкімдерін сайлау барысы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізілген.
– Биылғы жылда мерейлік даталарға толы. Оларды жоғары деңгейде өткізу және ұйымдастыру қоғамды топтастыруда ерекше рөл атқарады. Атап айтқанда, 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл және 28 ақпан «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалысының құрылғанына 35 жыл, Кеңес Одағының батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойлары және т.б. іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда,-деді басқарма басшысы.
Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 121-і баспа БАҚ, 26-сі интернет-сайттар мен ақпараттық агенттіктер, 2-еуі телеарна. Қазір оның 61 пайызы тұрақты қызмет етеді.
Өткен жылы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 369 брифинг, оның ішінде 62 көшпелі және 28 баспасөз туры өткізілді. Оларға 424 спикер қатысты. Сондай-ақ, ақпараттық ағынды қалыптастыру бағытында әлеуметтік желілерде 2000-нан астам баннер мен 500-ге жуық бейнеоролик әзірленген.
– Биыл алғаш рет аймақ басшысының бастамасымен «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында 100 пәтер табысталады. Халықты жұмыспен қамту органдары арқылы 14 мыңға жуық жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жалпы несие портфелі 3,1 млрд теңгені құрайтын жас кәсіпкерлердің 65 жобасы субсидияланды. Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған 2,5% пайызбен жеңілдетілген несие беру арқылы 2,3 млрд теңгеге 504 жастың өтінімі мақұлданды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жастардың жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайыздан 3,5 пайызға төмендеді,-деді.
Аймағымызда 14 пен 35 жас аралығындағы 244 865 жас есепке алынып, жалпы халықтың 29,3%-ын құрады. Жастармен жұмыс барысында негізгі басымдық NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету болды. Ал жастар саясатына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан.
– Жыл көлемінде жастардың барлық санаттарын қамти отырып ірі көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау»,облыстық «Жайдарман» турнирі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы, ерекше жастарға арналған 3 күндік лагерь мен «Жастар баллы», NEET санатындағы және пробация есебіндегі жастар арасында өңірлік «Жастар спартакиадасы», жас мемлекеттік қызметшілердің облыстық слеті мен интеллектуалдық ойыны өтті. Сондай-ақ 15 жасқа облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығы, 18 волонтерге «Жыл волонтері» облыстық сыйлығы табысталды. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарына да басымдық берілді. Осының нәтижесінде «Айбын-2023» ІХ Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында «Сыр айбындары» командасы жалпы командалық есепте үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі I орынды иеленді,-деді Алмасбек Есмаханов.