Осы атаумен Тасбөгет кентінің 75 жылдығы атап өтілді. Кенттің мерейтойы қарсаңында бір емес бірнеше бағытта шаралар ұйымдастырылды. Айталық, кент тарихында алғаш рет «Спорт-өмір серігі» атты марафон өтті.

Жүлде қоры 100 000 теңгені құраған спорт бәсекесіне қатысуға ниет білдіргендердің саны 100-ден асқан. Мұндай марафон Тасбөгет кентінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ, 3,5 шақырым қашықтықты құраған жарыс кенттегі №172 орта мектептен басталып, С. Майқанова атындағы мәдениет үйіне дейін жалғасты.

Тасбөгет кентінің тұрғындарын ғана емес, қала тұрғындары да қатысқан жарыстың жеңімпаздары анықталып, оларға ақшалай  сыйлықтар табыс етілді.

***

Сондай-ақ, Тасбөгет кентінің мерей тойы қарсаңында «Тарих белесіндегі Тасбөгет» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Кенттің құрылған уақытынан бүгінге дейінгі көрінісін сипаттайтын шарада «Тасбөгеттік тарландар» кітабының тұсауы кесілді.

Кенттің өркендеуіне өзіндік үлесін қамтыған кітап турасында кітапханашы Шамшахар Жанқожақызы сөз алып, басылымның құндылығына тоқталды. Айта кетерлігі, аталмыш кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан тұлға – мәдениет саласының ардагері Қабдеш Шағыров.

Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов жұртшылық алдында ардагерге алғысын жаудырды. Сондай-ақ, әр сала өкілдеріне мерекелік сыйларын да ұсынып, құттықтау лебіздерін жеткізді. Одан өзге, аудан дамуына үлесін қосқан тұлғалар да сөз алып, кент мерейтойына арнап жылы лебіздерін білдірді.

***

Тасбөгет кентінің 75 жылдық мерекесі орталық алаңдағы шарамен жалғасты. Сценарий бойынша концерттік бағдарлама кент тарихын қаузайтын қойылыммен басталды. Артынша қала басшысы Асылбек Шаменов сөз алып, кент тұрғындарын құттықтады.

Қала әкімі Асылбек Шаменов:

– Көлемі ұлғайып, құрамына «Сабалақ» бау-бақшалық серіктестігі мен «Иіркөл» елді мекені енген өрісті мекенге айналды. Әлеуметтің әл-ауқаты артып, кенттің экономикалылқ көрсеткіші еселенді. Биыл бюджет пен демеуші көздер және инвестиция есебінен 9 млрд. теңгеге кент тынысына жаңаша леп беретін жарқын жобалар жүзеге асты.

Расында, Тасбөгеттің бүгінгі ахуалы қуатты, халқының әл-аухаты тұрақты. Өзекті, күрделі деген мәселелер уақыт күттірмей шама-шарқынша де тауып келеді. Мәселен, шешімін кент орталығынан инвесторлар есебінен 338 пәтерлі көпқабатты 4 тұрғын үй жақын күндері пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, құны 542 млн. теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын. Сондай ақ, кентке тиесілі 41 көше жөндеуден өтіп, жарық шамдарымен қамтамасыз етілді.

Осындай ауқымды жұмыстарға толы кенттің 75 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Шара барысында қала әкімі Тасбөгет кентінің дамуына үлес қосқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, сыйақылар үлестірді.

Мереке елімізге танымал және жергілікті өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертке ұласты.

А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған