Қызылорда облысының жекпе-жек айқас, панкратион және грэпплинг федерациясы сотқа әкімшілік талаппен жүгініп, облыстық мәдениет және спорт басқармасының «Грэпплинг UWW» қоғамдық бірлестігін аккредиттеу туралы куәлігінің күшін жоюды сұраған.
Бірінші саты соты федерацияның талабын қанағаттандырып, басқарманың «Грэпплинг UWW» қоғамдық бірлестігін аккредиттеу туралы куәлігінің күшін жойған. Басқарманың әрекетіне жеке ұйғарым қабылдаған.
Дегенмен, басқарма мен қоғамдық бірлестік бұл шешіммен келіспей, апелляциялық жеке шағым түсірген.
Федерация өзіне аккредиттеу туралы куәлікті 2016 жылы алған соң, осыған сәйкес облыс аумағында осы күнге дейін жекпе-жек, панкратион, грэпплинг, грэпплинг «UWW» сияқты спорт түрлерін дамытумен айналысып келген.
2016-2024 жылдары федерация грэпплинг «UWW» спортынан спортшылар даярлап, олар Қазақстан, Әлем, Азия ойындарына қатысып, бірнеше дүркін жүлделі орынға қол жеткізген.
Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 1 қарашадағы бұйрығына сәйкес, спорт түрлерінің республикалық тізбесінде грэпплингтің «UWW» және «AIGA» түрлері бөлінген.
Облыс аумағында аталған спорт түрінен аккредиттелген спорт федерациясы болғанына қарамастан, басқарма грэпплинг спорты түрінен жаңа «Грэпплинг UWW» бірлестігін аккредиттеп жіберген.
Алайда, сала министрінің «Спорт федерацияларын аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, облыстардың әкімшілік-аумақтық бірлігінде тиісті аккредиттеуден өткен жергілікті спорт федерациясы жоқ болған жағдайда ғана, белгілі бір спорт түрінен жергілікті спорт федерациясы аккредиттелуге жататыны нақтыланған.
Бұл дегеніміз Қызылорда облысы бойынша грэплинг Федерациясы бар болған жағдайда, екінші дәл осындай спорт федерациясын аккредиттеуге жол берілмейді деген сөз.
Федерацияға 2016 жылы берілген аккредиттелген куәлік жарамсыз деп танылмаған.
Тізбеге өзгеріс енгізіліп, грэпплинг нұсқалары нақтыланғанымен, заң бойынша қайтадан аккредиттелген куәлік алу қарастырылмаған.
Осылайша, бірінші саты сотының шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз, апелляциялық және жекеше шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.