Қызылорда қаласындағы қалалық мәдени және демалыс паркі жаңа маусымын бастады. Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған әсем де жайлы демалыс орнына арнайы барып, қызылордалықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен және жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтады.
– Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз. Жайнаған жаз мезгілін көңілді өткізіп, бірлік пен берекені, ырыс пен ынтымақты ту етіп жүре берейік. Бүгінгі қос бірдей мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге шат-шадыман көңіл-күй, отбасы ордаларыңызға бақыт тілеймін,-деді Ибадулла Дүйсенбайұлы.
Қалалық мәслихат төрағасының ізгі лебізінен соң А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі өнерпаздары Қызылорда аспанын әнге бөлеп, тұрғындар мен шаһар қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Өзінің қалыптасу кезеңінде қызылордалықтардың ерекше жақсы көретін орнына айналып үлгерген Демалыс паркіндегі барлық аттракциондар түбегейлі тексерістен өтіп, тұрғындарға жақсы әсер сыйлауға сақадай сай тұр.
Қала халқының жаз маусымында уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында биыл да түрлі мәдени шаралар, көңілді кештер өткізіліп, келушілерге жайлы орта қалыптастырылатын болады.
– Бұл мәдени және демалыс паркі қаламызда орталық парк болып есептеледі. Қала тұрғындары және балалар асыға күтетін демалыс паркі бүгін ашылды. Толықтай дайындық жұмыстары жүргізілді. Жалға алған жеке кәсіпкерлер өздерінің орындарын толықтай санитариялық нормаға сәйкестендірді. Аттракциондардың барлығында қауіпсіздік ережелері сақталған,-деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыппар Тажмаханов.
Тағы бір жағымды жаңалық бұған дейін жартылай сенімгерлік басқаруда болған қалалық мәдени және демалыс паркі былтырдан бастап қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгеріміне қайтарылды.