Мектеп бітіру кештері қарапайым өтеді

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе оқу жылын аяқтау шаралары және жазғы маусымда балалардың демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов баяндады.

– Оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруда Қызылорда қаласы бойынша «Балабақшамен қоштасу», «Бастауыш сыныппен қоштасу», «Негізгі сыныпты бітіру», «Соңғы қоңырау», «Аттестат тапсыру» кештерін өткізу барысында бітірушілер мен ата-аналарынан ақша жинауға қатаң тыйым салу, ата-аналар тарапынан білім беру ұйымдары мен педагог қызметкерлеріне сыйлықтар берілуіне жол берілмеу туралы бұйрығы шығарылып, мектеп директорлары мен педагогикалық ұжымға таныстырылды. Сондай-ақ, мектеп бітіру кештері міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында барынша қарапайым түрде өткізу, үйлер мен мейрамханаларда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол берілмеу, бітірушілердің өмір қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медицина, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шаралар қабылдауды, білім алушылардың табиғат аясына серуендеуіне, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне тыйым салынып, кезекшіліктер ұйымдастырылады.

9-і сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-і және 13-і маусым аралығында, 11-і сынып білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары 5-і және 19-ы маусым аралығында өткізіледі. Осы жылғы бітіруші түлектер саны 2827 оқушыны құрап отыр. Оның 155-і «Алтын белгіге» үміткер оқушылар, «Үздік аттестатқа» 299 оқушылар үміткер. Ағымдағы жылдың 22-і мамыры мен 5-і шілде аралығында 2827 бітіруші түлектің 2695- і үш лек бойынша ҰБТ-ға қатысады. Мамыр айында -1544, маусым айында-1148, шілдеде-3 түлек. Келесі оқу жылында 1-і сыныпқа 8157 оқушы қабылданады деп күтілуде. Жалпы қала бойынша 1-11 сыныпта 68268 бала мектепте білім алады. Балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру және демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігін сақтау білім бөлімінің басты бақылауына алынатын болады,-деді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Шаһар басшысы соңғы кезде балалардың арасында құқық бұзушылық көп орын алуда екендігін айта кетіп, жаз мезгілінде құқық бұзушылық жағдайларын болдырмас үшін қандай шаралар қолданатынын сұрады.

– Қала әкімдігінің бекітіп берген іс-шарасына сәйкес қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Жақсымұратұлымен бірге қалалық полиция басқармасымен бірге 23-00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді іздестіріп, тиісті шаралар қолданып жатыр. Екі ескертуден кейін тағы ұсталып жатса, мектеп директорынан бастап, мектеп директорының орынбасарлары қатаң түрде жазаланатын болады.

Әкім тапсырмасы: білім бөлімінің басшысына балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда жұмыстарды жүйелеп, бақылау шараларын күшейту керек.

Жиын соңында қала әкімі Асылбек Шаменов ауылдық округтер мен кент әкімдеріне, тиісті бөлім басшыларына тиісті тапсырма беріп, аталған мәселелерге қала әкімінің орынбасары Сейілов Жанмұрат жауапты екенін айтты.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған