Өткен аптаның жұма күні қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Қалаға қарасты үлкенді-кішілі басшылардан құралған жиында кешеге дейін Тасбөгет кентінің әкімі болған Семсер Сыздықовты жаңа қызметке, яғни Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметіне сәттілік тілеп, шығарып салудан басталды. Жаңа қызметке жайғасқан кешегі кент, бүгінгі аудан әкімінің жаңа орынбасарының бүгінге дейін атқарған қызметіндегі айтулы істерін ерекше атап өтті.
Жиындағы алғашқы мәселе кент және ауылдық округтердің ағымдағы жылдың соңғы 10 айында атқарған істері мен нәтижелері. Төмен нәтиже көрсеткен қай ауылды алса да, барлығында кәсіпкерлер, мемлекеттік жобалар, жұмыс орындары ашылып жатқанын айтып, жұмыссыздықтың артуына тікелей кент және ауылдық округ әкімдерінің салғырттығы себеп екенін айтты. Осыған дейін біраз олқылықтың әлі де шешім таппағанына тікелей басшыны кінәлі деп тапқан қала әкімі барлық әкімдерге бірнеше ескертулер жасады. Қайсібір істі бастаса да, халыққа хабардар етіп отыруды, халыққа мән-жайды түсіндіру керектігін айтты. Қала әкімі осы тұста:
– Мәселе әлеуметтік желіге шығады, оған уақытылы жауап берілмейді. Берілсе де, «айтамыз» деп ауыз жиып қоя салады. Сонымен болды. Олқылықтың болмауын қадағалап, күнделікті жұмыстар атқарылуы тиіс, – деді.
– Тағы бір айтатын дүние – «Ауыл аманаты» бағдарламасының пилоттық жобасы. Осы жоба аясында 264,1 млн. теңгені құрайтын 30 жоба ұсынылып, одан 174,7 млн. теңгені құрайтын 18 жоба мақұлданды. Біз мемлекеттен берілген барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұрғындар үшін барынша қаражат тарту қажетпіз. Осы тұста кент және ауылдық округтің әкімдері, сіздер ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімімен бірлесіп, мезгілінде тиісті іс-шаларды қамтамасыз етіңіздер. Кәсіпкерлердің көбі «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытып отыр. Оның бірі – талсуаттық кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық. Ұсынылып отырған жобалардың бәрі өндірістік бағытта. Осыларды үйлестіру керек, – деді қала әкімі.
Кезекті мәселеге өтпес бұрын шаһар басшысы Асылбек Шаменов аталған сын-ескертпелердің бәрін жіпке тізіп, аппарат басшысы Жасұлан Абатовқа берілген тапсырмалардың түгел орындалуын қадағалауды тапсырды.
Мұхаммедшах Каюп