Күннің ысығанының басы да, соңы да осы емес сияқты.
Білетіндердің айтуынша соңғы сегіз жылдан бері жаз болса жер беті ыстықтан күйіп тұр. Өткен жылы Еуропа мен Қытай өздерінде бұрын болмаған ыстықтан “күйіп” кете сақтағанда метеорологтар “әлі қайда, климаттың бұдан да зор өзгерісіне әзірден бастап дайын болу керек” деген екен…
Биылғы жылдың мамыр айының бас жағында БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы. “2023-2027 жылдар аралығы, яғни биылдан бастап 5 жыл бойы өте қатты ыстыққа төзуге мәжбүр боламыз. 2016-шы жылғы ең ыстық температура жаңарады» деп болжам жасапты. Арада бар болғаны 2 айға тарта уақыт өтті. Ыстық температура рекорды жаңарып та үлгірді. Биылғы шілденің 3-де жер бетінде орташа температура 17,0 t болып АҚШ Ұлттық экология бақылау орталығының мәлімдеуінше бұл күн бақылау тарихындағы ең ыстық күн болып тарихта қалды. Әзірге. Күні ертең ауа-райы тағы қалай құбыларын кім білген?..
Иә, әлем жанып тұр. Ресми ақпарат көздерінің хабарлауынша Еуропа, Азия, Америкада ауаның ыстықтығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ауа-райын болжаушы синоптиктердің пікірінше бұл ыстық ыстық па, алдағы уақытта бұдан да ыстық болады.
Еуропа ғарыш агенттігінің ақпараты бойынша өткен аптада Еуропадағы Сицилия мен Сардиния аралдарында тарихтағы ең жоғарғы температура 48t-ға көтерілген.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі Солтүстік Американың Оңтүстік және Батыс штаттарында адам төзгісіз ыстық болады деп ескертуде. Үкімет 80 млн.-нан астам америкалықтарға анамальды ауа-райы туралы хабарлаған. Жер бетіндегі ең ыстық жер калифорниялык Ажал алқабында шілденің 16-да рекордтық температура 52 t болып тіркелген. Оңтүстік Калифорния орасан зор орман өртімен арпалысып шаршады. Жапон Үкіметі де ел тұрғындарын қатты ыстықтан қорғаныңдар деп қорғап отыр. Климат өзгерісінің әсерінен болған су тасқыны мен селден қырыққа тарта адам қазасынан кейін Оңтүстік Корея Президенті де ауа-райының кілт өзгерісіне қарсы күресті тұтастай қайта қарауға ниет етіп отыр.
Ұлы Британияның метеорологиялық қызметі мәлімдеуінде шілденің 16-да Қытайда өте қатты ыстық болды. Синьцзянның батысындағы Саньбао қаласында күн ыстықтығы 52,2t-ға жеткен.
Климат өзгерісін зерттеп жүрген ғалымдар пікірінше “Жер үстінде температура жоғарылай береді. Біз үйренген бұрыңғы климат өткен шақ тарихы болып қалады. Бәрінің себепкері – Адам. Әзірге ол өзінің іс-әрекетінің зардабынан болып отырған климат зардабына шамасы келер емес. Денсаулыққа, қоршаған ортаға, су мен тамақтың қолжетімділігіне қауіп бар. Оған дайын болуымыз керек”.
Климаттың өзгергені ауа-райының салқындау жүйесінің тұрақтылығына, су мен ауа айналымына өзгерістер әкелуде. Құрғақшылық, дауыл, орман өрті, су тасқыны көбейді. Кедейшілік өсіп, қоныс аудару көбейіп, ақша шығыны артып, жағдайды одан сайын ушықтыруда.
Адамдар да қаза болуда. Осы айдың бас жағындағы ақпарат бойынша Мексикада жүзден астам адам ажал құшқан. Сәуір айынан бері қатты ыстықтың үшінші толқыны өткен, енді төртіншісі өтеді.
Испанияның оңтүстігінде құрғақшылық, ауа температурасы 44 t-дан асып кеткен. Жалпы 2011 жылға дейінгі 35 жылда маусым айында мұндай ыстыққа Испания бес рет тап келсе, соңғы 12 жылда алты рет болып отыр екен.
Ал Ұлыбританияда түн жылы, ауа құрғақ болып, салқын соққанменен де оның лебі ыстықты баса алмай тұр екен. Германияның бас өзені – Рейн мерзімінен бұрын құрғап қалған.
Пакістан мен Малайзия арасындағы миллардтаған азиялықтар да күн ыстығынан күн көре алмай отыр. Қытай астанасы Пекинде айналдырған 10 күн ішінде екі толқын ыстық ауа өткен. Сондай-ақ 1950 жылдан бері алғаш рет қатарынан үш күн бойы 48t ыстық болған. Үнді еліміз бұдан да бетер күйіп тұр дейді. Солтүстігі мен шығысында термометр 46t-дан асқан. Ондаған адам ыстықты көтере алмай қаза болған. Жергілікті билік өңірлік аурухана бас дәрігерін “Ыстықтан адам өліп жатыр” деген жауапсыз мәлімдемесі үшін жұмыстан шығарған.
Биылғы қажылық ыстық маусымға тура келді. Ауа температурасы 44t-дан түспей тұрған Сауд Араб еліне келген жүздеген мың мұсылман қауымның біразы осында мәңгіге қалды. Билік мәліметінше екі мыңнан астам адам зардап шегіп, екі жүзден астам адам қаза болған.
Жалпы әлем бойынша өткен жыл да климат өзгерген, өте ыстық жылдардың бірі болды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым есебінше Еуропаның өзінде климат шығыны 2 млрд. доллар, адам шығыны 16 мың болған. Жалпы болжам бойынша жаһандық жылыну әсерінен болатын табиғи апат шығыны 2030 жылдары жылына 11 млрд.долларға жететін көрінеді.
Ғалымдар пікірінше ауа-райының мұнша ыстық болуы көмір қышқыл газын ауаға көп тастаудан, климат өзгерісінен бөлек, “Тынық мұхитының экватор бөлігіндегі Орталық және Шығыс зоналарындағы судың үстіңгі қабаты температурасының анамальды жоғарылауынан болатын табиғи феномен – Эль-Ниньоға» көп байланысты екен. Тағы бір ғалымдар пікірінше осы Эль-Ниньо күзде тағы келіп бір екі жылға аялдар болса климат дағдарысы үдей түседі екен. Мәселен 1982-1983 және 1997-1998 жылдардағы Эль-Ниньо әлемнің жақсы жағдайын 5 жылға нашарлатып, көп елдерді тұралатқан. 1997-1998 жылдары әлемдік экономикаға 5,7 трлн.доллар зиян келіп, 23 мың адам ажал құшқан. Биылғы жылдың шілдесінің алғашқы аптасы тарихта ең ыстық күндер болып қалар түрі бар. Ғалымдар пікірінше жер бетіндегі өте ыстық мезгіл ретінде тіркелген маусым айынан бергі ыстықтың да бірден-бір себепкері Эль-Ниньо әлі де жаңа рекордтар жасауы мүмкін. Ал бұл табиғи құбылыс 2024 жылға дейін жер бетінде аялдары сөзсіз. Әрине қазірдің өзінде ыстық кім-кімге де оңай соғып отырған жоқ. Дегенменен “оның нақты зардабын жыл аяғына қарай анық сезінеміз. Эль-Ниньо әзірге қаһарына толық мінген жоқ” деген ғалымдар болжамынан кейін денең түршігеді екен..