Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосовты 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
– «Біз Сыр топырағында дүниеге келіп, Алаштың ардақты азаматына айналған аға буын өкілдерін ұлықтауды, олардың жүріп өткен жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуді үзбей жалғастырып келеміз. Бүгінгі жиынымыз да адал еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Имандосов Самұрат Жұманұлының 75 жасқа толған мерейтойы құрметіне арналуда.
Құрметті Самұрат Жұманұлы, сіз белсенді қоғамдық жұмысыңызбен бірге егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына әлі де аянбай қызмет етіп келесіз. Өзіңіз негізін қалаған «РЗА» акционерлік қоғамы Қызылорда облысының үлгілі кәсіпорындарының біріне айналды. Оның өнімдері Қазақстанда жоғары сұранысқа ие және Еуропа елдеріне экспортталуда. 2011 жылы кәсіпорын өнімі «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жүлдегері болғанын, 2014 жылы «Алтын сапа» сыйлығының «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» атанғанын мақтанышпен айтамыз. Сіздің өнегелі өмір жолыңыз бен еңбек жолыңыз ізіңізден ерген жас ұрпаққа үлгі-өнеге», – деді аймақ басшысы.
Сыр елінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Самұрат Имандосовқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Мерейтой иесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаев, «Родина Агрофирма» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр, мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Самұрат Имандосов Қазалы ауданының Майлыбас ауылында дүниеге келген. Техник-механик мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын Қазалы суландыру жүйелері басқармасынан бастады. Әрі қарай басқармада инженер-экономист, гидротехник, бөлім бастығы, Қазақ КСР-нің №64 минералды су шаруашылығының аға прорабы, бас инженері, бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Еңбектен қол үзбей 1977 жылы инженер-гидротехник дипломын алды. №86 жылжымалы механикалық колонна бастығы, «Қазалысуқұрылысы» тресінің басқарушысы, 1994-1995 жылдары Қазалы ауданының әкімі, 1996 жылдан «Жер-Су» акционерлік қоғамы вице-президенті, президенті болды. 2000 жылдан бері «РЗА» акционерлік қоғамының президенті. Жоғарғы Кеңестің ХІІ, Қызылорда облыстық мәслихатының ІІ, ІІІ, IV және V шақырылымдарының депутаты болды.
Самұрат Жұманұлының қоғамдық қызметін де ерекше атап өту қажет. Ол тәуелсіз еліміздің, туған жеріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өзіне артылған халық сенімін ақтады. 2016 жылы Сыр өңірінде құрылған облыстық қоғамдық кеңесті алғашқы күнінен басқарды. Талапшылдығы мен табандылығының арқасында кеңесті аяғынан нық тұрғызып, қоғамдық өмірдегі орнын қалыптастырды.
Самұрат Жұманұлы – Халықаралық «Объединенная Европа» сыйлығының иегері. Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.