Бензинге қарағанда жол шығынын үнемдеп газ тұтынатын көлік жүргізушілері үшін екі аптадан астам уақытта ортақ проблема шешімін таппай келеді. Газ құю бекеттерінде талон арқылы ғана төлем жүргізілуде. Қолында талоны жоқ жүргізушілер амалсыздан бензин құюға мәжбүр. Бұл мәселе тек жүргізушілер үшін ғана емес, жергілікті жұртшылық үшін де өзекті болып жатқаны жасырын емес. Такси қызметінің құны мен жедел жеткізу қызметіне тиесілі бағаның шарықтауына да сеп болуда. Осы мәселеге алаңдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әкімдіктің мәжіліс залында жиын өткізді.
Жалпы, біздің облысқа ай сайын орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөлініп келеді. Жеткізу жоспарына сәйкес қазан айында 6 791 тонна газ бөлінді. Атап өтер болсақ, «Қазгермұнай» – 5 427 тонна, «ПКОП» – 1 364 тонна. Алайда, «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы жоспардан тыс жұмыстарға байланысты бекітілген көлем 529 тоннаға қысқарып, жаңа жоспар бойынша 4 898 тоннаны құрады. Осыған орай Қызылорда облысына 6 262 тонна газ бөлінген.
Одан өзге өткен айда министрлік «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан облысымызға 288 тонна газ үлестірілген болатын. Тағы 144 тоннасы жөнелтіліп, аймаққа қарашада келеді деп жоспарлануда. Ал, бүгінде мұнай газдың қалдық қоры 221 тоннаны құрайды. Одан бөлек, 27 қазанда облысқа 224 тонна қосымша көлем бөлінген.
Қараша айына 7 458 тонна газ қарастырылған. Оның ішінде, «Қазгермұнай» компаниясынан 4 740 тонна бөлініп, бірінші онкүндікте 1 840 тоннасы жоспарға сәйкес жеткізіледі деп күтілуде. «Саутс Ойл» компаниясымен келіссөздер жүргізілгеннің нәтижесінде 104 тонна газ бөлінген. Бұл мәліметтерді Қызылорда облысы әкімдігінде өткен мәжілісте жергілікті жұртшылықты газбен қамтамасыз ететін мекемелердің басшылары тарқатып айтқан болатын.
Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен өткен басқосуда осы тақырып сөз болып, оны шешу жолы да талқыға түсті. Оған себеп – газдың өз құнынан жоғары бағада сатылуында.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
-Бизнес үшін табыс табу деген сөз емес. Арзан газды сатып, газ тапшы кезде еш әрекет етпей, қол қусырып отыруға болмайды. Үкімет халық үшін арзан бағамен газ береді. Ал сіздер сол газдан пайда табу үшін сыртқа сатасыздар. Жол салушы компаниялардың жанар-жағармай шығыны жобасында қаралған. Оларды газбен қамтамасыз етуге міндетті емессіздер. Біз ондай уәде берген жоқпыз! Арзандатылған газды халықтың аузынан жырып, қымбатқа сатуға жол бермеймін!, – деген ол операторларға газды сатуға қатысты шектеулер қою қажеттігін тапсырды.
Жиын соңында газдың аймағымызға әкелініп, тұрғын қажеттілігіне жеткенге дейінгі процесс енді арнайы топтың бақылауында болатыны нақтыланды. Сонымен бірге, газды тұрғындарға қолжетімді бағада сатылуы үшін арнайы комиссия құрылып, қадағалауға алу туралы шешім шығарылды. Одан бөлек, облыстың көршілес аймақтарымен шекаралас аумақтарында тасымалдау да назарда болмақ.
P.S: Мәжілісте талқыланғандай газ тапшылығы мен бағада кінәрат болмауы үшін тиісті жоспарлар құрылғаны белгілі. Газ құюға арналған бекеттерде ұзын сонар кезекті көруге болады… Бақылағанымыздай, нәтиже бар. Тапжылмай, кезегін күтіп тұрған көлік жүргізушілері үшін бұл қуаныш… Түйін: тапшылық қай қажеттілікте де болмасын…