Есім қою – адам өмірінің жазылған тағдырының жартысы. Бұл сөз – адамның бүкіл ғұмырында қандай есіммен жүретінін меңзейді. Десе де, бүгінде есім қоюда естілік керек екенін түсінудеміз. Баяғы бабаларымыздың, батырлардың есімін есту де тым сиреді. Себебі, отбасында дүниеге келген сәбиге мұсылманша, шетел есімдерін қою сәнге айналып барады.

Қызылорда облысы бойынша Дін істері басқармасының діни зерттеу орталығының теолог маманы  Арыстанбек Байқабыловтың пікірінше, балаға ат қоюда алаңдыққа мән бермей, мағыналы, салихалы есім қою керек.

  • Балаға есім қою – игі дәстүр. Сондай-ақ бұл рәсім әр балаға өмірінде бір-ақ рет жасалатын рәсім. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ бұл рәсімге атүсті қарамай, аса құрметпен және сақтықпен қараған. Себебі ғалымдардың пікірі мен халық түсінігінде адамның есімі оның болашақ тағдырына тікелей әсер етеді деген сенім бар. Балалар жазушысы Б.Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожа» шығармасындағы бас кейіпкер «Осы менің атымды неге Қожа деп қойды екен?» деп, өз есіміне көңілі толмай, іштей налитыны естеріңізде болар. Әрине «Қожа» деген есім жаман мағына бермесе де, бұл жерде баланың жан дүниесі, кіршіксіз көңілі жатқандығын ескеруіміз керек.Кей жағдайда үйдің еркесі деп, бесіктен белі шықпаған ұл-қызға есім қою мүмкіндігін беріп жатады. Ал, мұндай жағдайда білері аз ойын баласының таңдауы көк жәшіктен көріп жүрген түрік-үнді сериал кейіпкерлерінен аспай жатады. Бұл да ойланарлық мәселе, – дейді теолог.

Расында естілік керек кезде есерленіп кетеміз бе, әйтеуір, балаға есім қоюда араб, шетел жұлдыздарының есімін қоюды арттырдық. Мұның артында ұлттық ерекшелік, мәдениет ұғымдары шөгіп жатыр.

  • Елдің ішінде тоқыма, лақап нәрселер көп. Соның біріуі кімде-кімнің аты Мұхаммед болса, Алла Тағала о дүниеде азап беруге, сұрақ-жауап алуға ұялады екен деген сияқты сөз бар. Соған байланысты бәрі қызығып, бәрі пайғамбардың атын қойып жүр. Пайғамбардың атын қойсаңыз, құтты болсын! Бірақ ондай сөз жоқ. Адамның амалы, ісіне қарайды, – дейді имам Нұрлан Байжігітұүлы.

Имамның айтуынша, елде Омар, Мұхаммед, Хамзалар көбейген. Биылдыққа азан шақырып қойылған ер балалардың көбінің есім-сойы осы тектес. Есімдердің бастапқы ондығын Ұлттық статистика бюросы ұсынды. Мәліметке қарағанда ел ер балаларына араб есімін беруге құмар. Ал қыздарды Медина, Раяна дедік. Бұлардың да діни мағынасы бар. Мысалы, биыл 2362 балаға – Омар, 1928 сәбиге – Мұхаммед, 1468 бүлдіршінге – Хамза есімі қойылған. Ал қыз балалар арасында Медина есімі – 5307, Айша аты – 4390, Раяна есімі – 3019 рет қойылған. Халық қалауының жаппай араб есімдеріне түсуі – қоғамдағы діни қызығушылықтың артуынан деп түсіндіреді имам.

Елде есім қоюда осы дүние даулы мәселеге айналып кетпей тұрып, өқзіміздің ұлттық құндылықтарымызға бағытталған есімдер қойылуы керек. Осылай жоғарыда айтылғандай, ұлттық құндылық та орында болып, ерекшелігіміз де сақталады. Ендігі міндет – елге осыны насихаттау болып тұр.

Данагүл ДҮЙСЕНБАЙ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған