Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан қала көлемінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісіндегі бетон шатырлардың жай-күйі тексеріліп жатыр. Орын алуы мүмкін оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында тексеру барысында анықталған ақаулар қалпына келтірілуде.
Айта кету керек ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына (32-бап, 1-тармақ) сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті екендігі көрсетілген. Осыған сәйкес тұрғын үйдегі кез келген жөндеу жұмыстары тұрғындардың қаржылай шығыстарына қатысуымен және пәтер иелері кооперативінің бірлесуімен жүргізіледі.