Газет тілшісі Мұхаммедшах Маратұлының төбелес өршіп, тәрбие ақсап тұр деген мақаласын оқып ардагер ұстаз ретінде осы мақалаға орай өз ойымды білдіргім келеді.
Әуелі әңгімемді бастамас бұрын баспасөзде жарияланған мақалаға тоқталғым келіп отыр.
Бірде баласы жұмыстан келген әкесіне: «Әке күніге қанша ақша табасыз?»- деп сұрайды. Әкесі жұмыстан шаршап келгесін балаға онда не жұмысың бар деп жауап береді. Бала қайта сұрайды. Әкесі күнделікті табатын ақшасын айтады. Баласы маған мың теңге беріңізші дейді де, бөлмесіне барып жатып қалады. Бір кезде балаға әкесі келіп сұраған мың теңгесін береді. Баласы бұрыннан жинаған ақшасына мың теңгені қосып әкесіне беріп, маған күніне бір сағат уақытыңызды бөліңізші деп айтады. Осы бір сағат уақытыңызды бөліңіз деген сөздің мағынасы түсінген адамға терең ой салады ғой деймін. Себебі әкесіне баласына күнделікті сабақ оқуына, немен айналысатынына, тәрбиесіне, қандай балалармен жүргеніне қарамайтынына, әңгіме, пайдалы кеңестер айтпайтынына ой салып отырған жоқ па? Міне көрдіңіздер ме арамызда осындай дұрыс тәрбие бермейтін әкелер (жасыратын несі бар) кездесіп қалады. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлмейді. Осының арқасында бұзық, тәрбиесі қиын балалар өсіп шығады. Ұстаздық еткен жылдарымда баланың ата-анасымен сөйлескен уақытымда әке-шешесі балам біздің айтқанымызды істемейді дейтін. Сонда бала кімнің айтқанын істейді? Міне бұл да баланы жас кезінен бастап дұрыс тәрбие бермегеннің әсері. Ал енді бала тәрбиесі туралы өз ойымды айтайын. Баланы бес жастан бастап он төрт жасқа дейін еңбекке үйрету керек. Жастайынан еңбекке үйренген бала еңбексүйгіш, пайдалы жұмыспен айналысатын болады. Ненің жақсы, ненің жаман екенін, кімдермен достасып жүргенін күнделікті сұрап отыру керек. Қазіргі балалар қатты сөйлегенді көтермейді, ашуланады. Сондықтан балаға ұрыспай жай сөзбен айтып түсіндірген дұрыс.
Ал енді мектепте қандай жұмыстар атқарылуы керек десеңіз, мектепте тәрбие сағатын (сабағын) енгізіп, оны мектеп директоры, оның орынбасарлары, сынып жетекшілер, пән мұғалімдері кезектесіп өткізу керек. Мысалыға қоғамға белгілі қайраткерлердің өмірі, қызметі, жазушылар, ақындар, еңбек озаттары, пайдалы кеңестер туралы айтып отыруы керек. Сонымен қатар мектепте молда (имамдар) аптасына бір рет оқушылармен кездесіп, әсіресе жоғарғы сынып оқушыларымен ораза мен рамазан айының пайдасы, намаз, құран оқу т.б. тақырыптарда уағыз айтса мұның да тәрбиелік маңызы бар ғой деп ойлаймын.
Сынып жетекшілері оқушылардың ата-анасымен тығыз байланыста болу керек. Сыныптағы тәрбиесі нашар оқушының өзіне сен жамансың деп айта бермей, оның кейбір жақсы жақтарын айтса, сен жақсы баласың, бүгін сабақта жақсы отырдың, сабаққа дайындалып келіпсің, күнделікті сабаққа қатысып жүрсің десе мұның да жақсы әсері бар. Қорыта кете айтарым ата-ана, мектеп, тәртіп сақшылары бірлесіп оқушыларға дұрыс тәрбие беру керек. Сонда ғана балалар жаман әдеттерден сақтанып, жақсы азамат болып өсетініне сенемін.
Әжіхан Тобағабылов еңбек ардагері, «Ардагер ұстаз» төс белгісінің иегері. Тасбөгет кенті