“Титаник” жолаушыларының біріне тиесілі “Waltham” қалта алтын сағаты британ аукционында 1,48 млн долларға сатылған. Сағаттың алғашқы иесі 47 жастағы бизнесмен Джон Джейкоб Астордың денесі 1912-ші жылы “Титаник” суға батқаннан кейінгі жетінші күні табылған.
Сағат “Титаникке” байланысты тарихы бар заттардың ішіндегі ең қымбат бағаға сатылғаны. Оны жеке коллекционер сатып алған. Сағатқа дейін кеме суға батып бара жатқанда әуен ойнаған скрипка 1,4 млн долларға сатылған.
Джон Джейкоб Астор “Титаниктің” ең бай жолаушысы болған. Ол кездері оның байлығы 87 млн доллардан асқан. Әйелін соңғы сәтте құтқарушы қайыққа отырғызып үлгерген. Әйелі тірі қалған. Бизнесменнің мәйітін тапқанда сағаты бірге болған. Сағатында JJA деген жазуы бар екен.