Қызылорда облысының 85 жылдығы және қала күніне орай Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда гала концерт өтті. Мерекелік шараға жиылған қауымды алдымен аймақ басшысы Н.Нәлібаев мерекемен құттықтады.
-Қазір Қызылорда құрылыс жұмыстары қайнаған қалаға айналды. Мерейтой аясында аймағымыздың бас шаһарында тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерген бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Қаламызға сәулетімен ерекшеленген әсем ғимараттар, көзтартар көркем аллеялар тарту етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты, яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек» деген еді. Қала – өз үйіміз. Оған қамқорлықпен қарап, жанашырлық таныту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз, – деді аймақ басшысы.
Концертте бар ғұмырын Қызылорданың өсіп-өркендеуіне арнап, кейінгі буынға лайықты үлгі-өнеге болған азаматтар марапатталды. Атап айтқанда қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмагүл Божанова, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Нұрлыбек Жолдасбаев және «Дәнекер құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әбдімәжит Жансақаловқа ҚР Премьер-министрінің Алғыс хаты берілді. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібековке Қызылорда облысының Құрметті Азаматы атағы табысталды. Салтанатты іс-шарада бірқатар азамат Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков жерлестерін мерекемен құттықтады.
-Біздің кішкентай ғана еңбегімізді ескергені.Осындай марапаттар көп болсын. Әр уақытта еліміздің, облысымыздың, қаламыздың мерейі үстем бола берсін. Қызылорданың жақсылығына куә бола берейік,-деді.
Мұнан соң мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Айтулы кештің қонақтары эстрада жұлдыздары Еркеш Хасен, Еңлік, Садраддин, Ақбота-Нұр және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, мерейлі мерекеге арнайы жазылған композитор Рамазан Таймановтың «Қазақтың Қызылордасы» әні орындалды.
Алашқа ана, қамыққанға пана бола білген туған жеріміздің туы биік болғай!
Қаламыздың көркейіп, гүлденуінде әрбір қызылордалықтың қосқан үлесі бар, қосары әлі де өте көп. Қызылорда дегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, бойымызды тәтті сезім билейді. Қаламыз жасай берсін, жаңара берсін!
Мұхаммедшах Маратұлы