Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде сотталғандар мен тергеудегі азаматтардың денсаулығын сақтау және жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы түрде АДС-М екпесі жүргізілді. Іс-шараға мекеменің бас дәрігері Көжеков Нұрлан және №6 емхананың мейіргері қатысып, айыпталушылар мен жазасын өтеушілерге АДС-М вакцинасын салды. Аталған екпе дифтерия мен сіреспе ауруларына қарсы қорғаныс қалыптастыратын профилактикалық вакцина болып табылады және ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес әр 10 жыл сайын егіледі. Екпе жұмыстары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылып, вакцина алушыларға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай профилактикалық шаралар мекемедегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап, азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған.