Біз Қызылордаға июль айы бастала жеттік те, Сапар Мұстафин дейтін жігіттің үйіне түстік. Көптен сот қызметкері боп келе жатқан, Жоғарғы Соттың коллегия мүшесі және азаматтық істердің басқарушысы болып қызмет атқаратын ол, менімен көптен таныс, көңілдес болатын, пікір, іс жағынан адал коммунистің бірі саналатын, шыққан тегі ақмолалық, орысша да, қазақша да сауатты адам.
Июль айы басталған бұл шақта, Қызылорданың бұлтсыз аспанында шаңқиған күн жалын атып күйіп тұр екен, көлеңкеде болмаса, үйренбеген адам күн көзінде дем алып болар емес. Нәзік денелі, жұқа өңді Сапар да бұл ыстыққа шыдай алмай, терезелерге қоңыр түсті перде құрып, сумен шылаған сәкінің үстіне дымқос кенеп төсетіп, сонда жатып қана демалады екен. Кеңсенің қапалығын Сапар айтып жеткізе алмайды…
Аңқамыз кепкен адам, Сапардың пысық, қалада өскен, ортаға жақын білімі бар, мінезі жатық әйелі Мәриямға бір шайды тезірек қайнаттырып, ағып терлей отыра, сусынымызды қандыра ішіп болғанша, сөзуарлау Сапар, Қызылорданың мен көрмегеннен бергі жаңалығын айтып та бітірді.
Оның баяндауынша – Орынборда бірлескен “оңшыл-ұлтшыл” аталатындардың пашпырты бітуге жақын. Биыл Казкрайкомға секретарь болып келген Филипп Исаевич Голощекин, іскерлігінің үстіне тәсілқой адам боп шығып, Сәдуақасов пен Қожановты өзара атыстырды да, араларына жік түсіріп, ақырда Қожановты Садуақасовқа жеңдірді. Крайкомнан қуылған Қожановқа Қазақстан өлкесінен қызмет берілмей, Ташкенттегі досы, Өзбек орталық партия комитетінің секретары Икрамовқа паналады. Одан кейін, Голощекин Садуақасовтың өзін де қолға алып, Крайкомның көктемде өткен пленумінде біраз сілкіледі. Қазір Садуақасов басқа ұрған аттай жасқаншақ болып, ұлтшылдық пікірін бұрынғыдай көрнеу айта алмайды, бұқпантайлап өткізуге тырысады. Ол қулығына, кәрі большевиктердің бірі саналатын, патша өкіметі кезінде Коммунистік партияның жасырын қызметінде жүріп мейлінше ысылған, революция жылдары ақтар Екатеринбургтен құтқарып алмақ болған екінші Николайды өз қолынан атқан Голощекин бола ма?.. Садуақасов қазір желді күнгі қайықтай су үстінде қалтылдап отыр, заман толқыны тағы бір қаттырақ ырғап қалса төңкеріліп батып кететін түрі бар.
– Ұлтшылдарды осылай бүрумен қатар, – дейді Сапар, Голощекин қазақтың тәуір коммунистерін көтере бастауға айналды: Қожанов пен Садуақасов тізе қосқан күндерде, Совнарком председателі Нығмет Нұрмақовты шетқақпай ғып, қызметінен қууға бет алған еді. Қазір Нұрмақов Голощекиннің «бір» деген сенер адамы. Наркомзем – Садуақасовтың оң көзі – жағымпаз Сұлтанбеков еді ғой, “ол жуық арада ауысып, орнына Москвада оқып жатқан Абдолла Асылбеков келеді” десіп жүр. КирЦИК-тің председателі Жалау Мыңбаев та Садуақасовқа жақтас адам екенін білесің. Оның тағдыры да алдағы күзде еткізілетін Совет съезінде шешілмек. Орнына кім болары әзірге мәлімсіз. Мыңбаев соны сезіп, “сырқатпын” деген сылтаумен, туған жері Маңғыстауға кетіп балықшылар арасында, теңізде жүр деп есітем. Кейінірек көрінген жас жігіттердің ішінде өсуге мүмкіндігі бар сияқтанғандардың біреуі – Ораз Исаев еді. Бірлескен ұлтшылдар оны қудалаған еді ғой. Содан бері туған жері – Жымпитыда ауылдық қызметте жүреді екен. Голощекин оны шақыртып ап, Крайкомның ұйымдастыру бөлімін басқаратын Ребаконға орын басар ғып қойды. «Жуық арада бөлім бастығының өзі болады» деген қауесет тарап жүр. КЦСПС-тің председательдігіне Ізмұқан Құрамысов тағайындалды. Ол да «солшыл» аталып жүретін коммунистің бірі еді ғой. Оның қарамағында профсоюздың әлденеше ЦК-сы бар, Құрамысов солардың бәріне де Кәрім Дүйсекеев, Орымбек Беков, тағы солар сияқ ты жұмысшы табынан шыққандарды бастық қойып жатыр. Крайкомның үгіт-насихат бөлімін Дмитрий Фурмановтың «Бүлін шілігінде» сипатталатын Жетісу большевигі Ораз Жандосов басқарады. Бәрін атап тауысу қиын. Кейбірін білмеуім де мүмкін. Сөздің қысқасы, Голощекин Қазақстан басшылығын большевиктендіруге мықтап бет алған сияқты.
Қалада болып жатқан күнделік жаңалықтарды жұрттан бұрын естігіш Әбдірахман Бәйділдин де жуық арада Москвадан Қызылордаға келіп, кәсіпшілер одағының оқу жұмысын басқаратын ЦК-сына председатель болған екен. Сырт естуімше және баспада шығып жүрген мақалаларынан байқауымша, соңғы кезге дейін, Сәкен тілімен айтқанда, неонационалистердің (жаңа ұлтшылдардың) бірі боп жүретін Бәйділдин, Қызылордаға келе солақайланып, Смағұл Садуақасовтан бастап, «ұлтшыл» атаулыға қатты шабуыл жасап жүр. Көркем әдебиет мәселесінде солай. Осы қылықтары үшін, бұрын жек көретін оны кейінгі кезде сырттай ұната бастағам. Сонымды білгендей, мен Сапар Мұстафиннің үйіне түсе бір құшақ кітапты қолтықтап (солай жүру әдеті де) кіріп келді.
– Сволочьтар! – деді ол маған, амандық-саулықтан кейін, бетін алақанымен желпи сөйлеп, яғни ұлтшылдар, конкретно – қожановшылдар, республика орталығын осындай күйіп тұрған қалаға әкеліп, оның үстіне түк көркі жоқ қала… ыстығынан дем алуға болмайды, бұрқыраған шаңнан адам құмығып өлетін, осындай қала астана бола ала ма? Бұл ұлтшылдардың қазақ астанасынан жұртты әдейі жирендіру үшін істегені!.. Онымен оңған жоқ өздері: сиырдың бүйрегіндей бытырай бастады, кешікпей бәрінен де құтыламыз, сонан кейін астананы бұдан көшіру керек!..
– Қайда? – деді Сапар күліп.
– Табылады. Мәселен
– Ақмола.
– Ол тым кішкене қала ғой, – деді Сапар, және теміржолсыз тұйықта жатыр. Басқа облыстар оған қалай қатынасады?
– Ақмола ма, басқа ма, әйтеуір астананы бұдан көшіру керек! -деді Әбдірахман.
– Ол келешектің жұмысы ғой, – дедім де, мен Әбдірахманнан әдебиет жайын сұрап кеттім, себебі – былтыр газетте жарияланған хабарға қарағанда Әбдірахман Бәйділдин КазАПП-тың ұйымдастыру бюросына мүше де.
– На мертвой точке, – деді Әбдірахман.
– Неге?
– Сәкен ағаң былтыр күз кеткеннен Қызылордаға әлі оралған жоқ. Естуімше, елінде ит жүгіртіп, құс салып… дегендей, серілік құрып жүрген сияқты. Жақын арада Голощекиннің қолын қойғызып, Крайком атынан шақырту жібердік. Енді келуге тиісті. Әзірге хабар жоқ. Мұнда аты бар жазушы – Бейімбет Майлин ғана. Ол ұйымдастыру ісіне жоқ кісі екен. Крайком арқылы тапсырғанымызбен, маңайына жазуға талапты жастарды үйіре алмай-ақ қойды. Менің профсоюз жұмысынан қолым тимейді. Әдебиетте аты бар басқа кісі жоқ. Сені Крайком арқылы шақырттырған себебіміз де сол. Қызылжарда болған халіңді есіттім. Садуақасовтың ондағы сволочьтары енді ұзақ тұра алмайды, бет-бетіне қуылады. Сенің мұнда келгенің жақсы болды: саясат орталығы, өсетін жер…
– Сонда қандай қызметті лайықтап жүрсіңдер бұған? – деді Сапар Әбдірахманға мені нұсқап.
– Жазушылар одағына секретарь қоймақпыз. Бірақ онда еңбекақы жоқ, ақыны «Еңбекші қазақ» газетінен бергізбекпіз.
– Қалай?
– Газеттің партиялық бөлімін басқарады.
– Редакторы кім болды, сол газеттің? – деп сұрады Сапар.
Олай дейтіні Садуақасов редакторлықтан өткен көктемде босанып, уақытша редактор болып Тұрар Рысқұлов қол қойып жүрген, кейінгі кезде ол да өзгеріп, «уақытша» деген атпен Шәймерден Тоқжігітов қол қоятын. Бәйділдиннің айтуынша:
– Тұрар Рысқұлов – қазақтың мүйізі қарағайдай, жоғарғы саясатқа араласып жүрген мықты қызметкерінің бірі. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, Голощекин мен Рысқұловтың басы бір республикаға сыймады. Голощекин ескі большевиктігінің, жақсы жақтарының үстіне барып тұрған – эгоист. Оған ақылдасу керегі жоқ, билеу керек. Рысқұлов ондай ырқына көнбеді, сондықтан Голощекин одан дипломатиялық әдіспен тез құтылды.
– Онымен кішірейген жоқ қой Рысқұлов. РСФСР Халық Комиссарлар кеңесінің председателіне орынбасар болды ғой, – деді Сапар.
– Голощекинге оның қайда барып, кім болғаны қажет емес, Қазақстаннан кеткені қажет.
– Сонымен, – деді, бұл сөздің арғы жағын қазғысы келмеген кескінмен Сапар Мұстафин, – «Еңбекші қазақ” газетінің редакторы кім болатын болды?
– Ғаббас Тоғжанов, – деп жауап берді Бәйділдин. Ол Москвада әрі оқып, әрі ЦК ВКП(б)-нің баспасөз бөлімінде қызмет істейтін еді ғой. Голощекин редакторлыққа сұраған екен, ЦК бермек болыпты. Жуық арада келеді десіп жүр.
Мен ойланып қалған кескін көрсеттім. Онымды түсіне қойғандай:
– Тоғжанов байдың баласы екені рас, – деді Бәйділдин, жас кезінде алашордашылдық бағытта қаталасты да. Бірақ Москвада Плеханов атындағы экономикалық институтына түсіп марксизммен танысқаннан кейін және ЦК-ның аппаратында біраз жыл қызмет атқарғаннан кейін идеологиялық мәселелерде түзелді. Қазір ол қазақ жастарынан марксизмге сауатты адамның біреуі.
– Сауатты болу бар да, сол сауатын дұрыс іске асыру бар ғой, – деді Сапар, «көн құрысса қалыбына барады» дегендей, түбінде қыртысына тартып кетпесе?..
– Жалпы курс дұрыс болсын де, – деді Әбдірахман, — курс дұрыс болса, жеке адам қисайғанда ешқайда бара алмауын Қожанов пен Садуақасов тобы көрсетіп отыр. Тоғжанов олар дан күшті емес. Ал курсты алсақ, Голощекин республиканың саяси бетін партия жолына бұруға айналды. Ендеше, – деді Бәйділдин маған, – Тоғжановтан бай баласы деп үрікпей, «Еңбекші қазақтың» қызметіне бару керек. Бұл – Крайкомның үгіт-насихат бөліміндегі Ораз Жандосовпен, ұйымдастыру бөліміндегі Ораз Исаевпен келісіліп қойған мәселе. Крайком сені іздеп отыр. Асты ішкеннен кейін екеуміз Жандосовқа барайық.
– Мақұл, – дедім мен.
Жандосовты бұрын көрген жоқ едім. Бәйділдин екеуміз кабинетіне кірсек шоқша қара сақалды, қысқалау қою мұртты, көркем кескінді, сымбатты орта денелі сұлу жігіт екен. Жасы сол жылы жиырма сегізде боп шықты. Сәнге қойғандай сақал-мұрты жарасып тұр!..
Ораз қазақша сөзді де, орысша сөзді де жұмсақ, әдемі айтатын мінезі аса сыпайы жігіт боп шықты. Әбді рахман мені таныстырғаннан кейін:
– Сіздің бұл ұсынысқа қарсылығыңыз жоқ шығар? – деді ол, қызметке қайда қойылуым туралы ұйғарындыларын айта кеп.
– Жоқ – дедім мен.
– Ендеше, біздің аттас – Исаевқа барайық, – деді Жандосов.
Ораз Исаевты мен Орынбор дәуірінен білетін едім. Онымен алғаш Сәкен Сейфуллиннің үйінде танысқам: жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысында Халық Комиссарлар советінің председателі боп қызмет атқаратын Сәкен, 23-жылдың күзінде Орал облысына совет съезін өткізуге барып қайтқан. Орынбордан автомобильмен шыққан Сәкен Жайықты жағалап отырып, Текеге (Орал) барған да, одан бірнеше уездік қалаларды аралап кеткен. Ораз Исаев ол кезде Жымпиты қаласында уездік партия комитетінің секретары екен. Сол сапарда достасқан оны, Сәкен Қазақстанның Орынборда өтетін ІІІ Совет съезіне делегаттыққа сайлатқан да, машинасына мінгізіп Орынборға ала келген, өзінің пәтеріне жатқызған. Мен Оразбен сол кезде таныстым.
Орта, дембелше бойлы, қоңыр өңді, жалпақтау қазақы бетті, мұртын кеңдеу танауының астына ғана қоятын Ораз адамға жақындасқыш, сөйлескіш, ойыншы, қалжыңқой жігіт екен. Менімен де сөйтіп, бір көргеннен: «Ә-ә, білем сені, пролетарский писатель, шығармаларыңды оқыдым!» – деп жанаса кеткен. Чапаев отрядында болғанын айта кеп, ол маған азамат соғысына қатынасқан адам екенін аңғартқан. Бір сөздерінің ретінде Алашордаға қарсымын деген сөздің шет-пұшпағын шығарып қойған, екеуміз солайша тез ұғынысып, бірден-ақ дос бола қалғанбыз. Секретарьлықтан түсіп еліне кеткеннен бері Исаевты көрген жоқпын да… Енді көрсем, қоңыр кескіні әжімденіп, күлегештеу мінезі байсалданып, аз жылда егде тартып қалған сияқты. Есіктен кіре, ол: «Ә-ә-ә, Сәбит келген екен ғой!» деп стол сыртындағы орнынан түрегелді де, оң қолын созып қарсы жүрді:
– Жолдас Ребаконға кірейік, – деді ол, бізбен қолдасқаннан кейін басқа сөзге келместен.
Биік, толық денелі Ребакон аз сөзді кісі боп шықты. Исаев оған менің жайымды айтқаннан кейін: «Ертеңгі бюрода қарайық», – деді де қойды. Біз шығып кеттік.
Ол күні біз жаңа қонысты тойладық. Сонда бірге болған Әбдірахман Бәйділдин ертеңіне ертемен жетіп келді де, әуелі, «осынша көп ұйықтап!» деп ұрсып ап:
– Ал, тез киін! – деді маған.
– Қайда барамыз?
– Голощекинге.
– Неге?
– Жаңа телефонмен сөйлесіп, сенің жайыңды айттым да, бюро алдында қабылдауын өтіндім. Жарайды деді.
– Сәскелік асты ішіп алайық.
– Құрысын, сәскелігің! Қолы тимейтін адам. Жауапкер қызметкерлердің де талайы қабылдауында бола алмай жүр. Саған әлдеқалай сәті түсе қалды. Бол, тез!..
Әй-түйге қаратпаған Әбдірахман екеуміз тысқа шыққанда:
– Мүмкін, өзіңді ғана қабылдауы, – деді ол жолшыбай маған, – мен қабылдауында болып жүрген адаммын. Кабинетінде ерсілі-қарсылы жүріп сөйлеуді ұнатады, сөзін бөлгенді жек көреді. Сәкенді әлдекім жамандап қойған ба, қалай, – әлі дидарласпағанмен, сырттай ұнатпайтын қалпын байқадым. Ол жағынан сен сақ болып, ыңғайына қарай көш: жамандаса, сен де жамандай бер…
– Не деп?..
– Былай… әлгі.. – деді Әбдірахман күтпеген сұрауына кенет жауап таба алмағандай сасқалақтап, жіңішке, ұзын саусақтарын ербеңдетіп, үлкен көзілдірігінің үстінен сүзіле қарап, – Сәкеннің аристократтығы бар ғой, менменси қалатын?.. Сонысын айтып және ұйымдастыру, басқару істеріне олақтығын айтып…
– Мен оларды айтпаймын…
– Ендеше үндемей құтыл, шала білетін адам сияқтанып.
– Көрерміз, – дей салдым мен.
Жәрдемшісі айтып шыққаннан кейін Голощекин мені ғана қабылдады. Кеңірек кабинетінде ол, расында да, екі қолын шалбарының қалтасына салып, ерсілі-қарсылы жүр екен. Ме нің кіргенімді аңғармады ма, әлде елемеген болғысы келді ме – берген сәлемімді алмады, қарамады, жүрісін доғармады. Мен түр-тұлғасына көз жүгіртіп, босаға алдында үн-түнсіз тұрдым да қойдым. Голощекин: қалың ақ бурыл шашты, ұшы қысқа қалың мұрты мен иегіне ғана шошитқан сақалы да ақ бурыл, сүйір иек, дөңес мұрын, сүйір тұмсық, ақ құба кескінді екен. Киімдері түс-түрімен түп-түгел Сталинше киінген: френч, шалбар, жылтырата майлаған етік: жүрісін де соған ұқсатып, аяқтарын сылбыр басады…
Бір сәтте ол әлдене есіне түскендей кілт тоқтап, «ұмытқаным сен екенсің ғой” дегендей маған жалт қарады да, «отыр!» деп орын нұсқап, мен отырғаннан кейін тағы да әлгі жүрісіне сап сөйленіп кетті:
– Бәйділдин маған айтты. Исаев та айтты. Оқасы не? Жазушылардың ұйымдастыру бюросына уақытша секретарь болуға бекітеміз бүгінгі бюрода. Арғы істің тетігі өздерінде. Қазақта пролетариат жазушысы жоқ деседі. Ол сөздің қисыны келеді: пролетариаты жоқ елде жазушысы қайдан болады? Кедейшіл жазушылар бар дейді. Ол да ақылға сыяды – қазақта да кедей бары рас. «Кедей» деген «ұсақ буржуа». Одан еш уақытта идеолог шыққан емес. Байқап көреміз: партияның басқаруымен, мүмкін, өсер ондайлар. Болар-болмасын істе көрерміз!.. Мақұл ма? – деді Голощекин, тоқырап, маған қарап.
– Мақұл, – дедім мен.
– Маған айтарыңыз бар ма?
– Жоқ, – дедім мен.
Қызылордаға кешікпей Сәкен де келіп қалды. Оның былай да қоңырқай өңі жылға жақын аңшылап далада жүргендіктен шегірен былғарыдай жылтырап апты. Бұрын да ұзын, қалың мұрты енді тіпті молайып, талпынған қаршығаның қанатындай, екі жақ ұртын жауып кетіпті.
Бәйділдин Сәкенге Қызылорданың Маркс және Энгельс аталатын көшелерінің тоғысқан жеріндегі биік ағаш үйден үш бөлмелі жақсы пәтер даярлап қойған екен. Сол пәтерде, сол күні кешке Қызылордада тұратын қазақ жазушыларының бірнешеуі бас қосты: «әдебиет сыншысымын» деп жүретін Әбдірахман Бәйділдин; әңгімелері, фельетондары газет-журналдарда көп басылатын Әбдірахман Айсарин; жұмысшы табынан көтерілген жазушы дейтін — Орымбек Беков; прозалық шығармалары және әдебиеттік мақалалары газеттерде көріне бастаған – Елжас Бекенов; Қазақ педагогика институтында оқып жүріп, өткен жылдан бері артист бола бастаған, күлдіргі сөзді Сейфолла Байғожин; партиялық коллегияда қызмет атқаратын, әдебиет мәселесіне белсенді араласатын Хамза Жүсіпбеков; ГПУ-де қызмет атқаратын, журналистикаға көптен қатынасы бар Әбдірахман Бегишев, тағы біраз адам. Әдебиет мәселесін, әсіресе ұйымдастыру мәселесін талқылаймыз деп жиналғанмен, бұлардың мәжілісі солғын өтті. Олай болуға бір себеп: Сәкеннің бұл мәселеге салқын қарауынан еді.
Өзге біраз адамның сөздерін тыңдап алғаннан кейін, салмақпен тыңдап отырған Сәкен, «сіз не дейсіз?» дегендерге:
– Сөйлегенде не деймін? – деді, ондайда салмақтана, қабағын түйе қалатын қалпымен, әдебиет профсоюз емес, көрінген еңбекші мүше бола беретін. Ар жағында таланты болмаса, қанша сүйрегеніңмен жазушы жасай алмайсың. Өзі төбе көрсетпесе таланты барды табу да оңай емес. Қайдан іздейсің оны? Қалай іздейсің? Табылғанның бәрі жазушы бола ала ма? Мысалға осы үйде отырғандарды алайық. Егер осының бәрі жазушы болса, ұйымды ойланбай-ақ құра беруге болар еді. Кейбіреудін көңіліне келсе де айтайын: олай емес қой бірақ!.. Жазушы болуы былай тұрсын, бола ма деген үміт беретіндері көп пе ең алдымен? Аз ғой ондайлар!..
– Сонда, сеніңше не істеу керек? – деді, Сәкенге еркіндеу сөйлесетін Әбдірахман Бәйділдин. – Ұйым құрмау керек пе?
– Сен олай кекетпе, – деді Сәкен тігіне кеп, ұйым керек болса құра бер. Онда менің не ақым бар. Менің айтып отырғаным: ұйымға шын жазушы ғана алынсын да, өтірік жазушы кірмесін.
– Кімнің өтірік, кімнің шын жазушы екенін немен өлшеу керек, сонда?
– Шығармасымен.
– Онда бізге ұйым құрудың қажеті жоқ.
– Неге?
– Сен атап отырған «шын жазушы» қазақта қазір қанша? Алашордашыларды қоспағанда, ондай жазушылар: (Бәйділдин бармағын бүгіп отырып санады) Сәкен өзің – бір, Бейімбет Майлин – екі, мына Сәбит Мұқанов – үш… тағы кім?
Бұл сұрауға жауап болмай қалды. пАз кідірістен кейін Орымбек Бековтың тапқан жауабы:
– Өсеміз де, алдағы күндерге. Сол күндерге арнап КазАПП-тың платформасын құра бермейміз бе?
Жұрт осы ұсынысты мақұл көрді. Оның жобасын жасау маған тапсырылды.
КазАПП-тың маған тапсырылған платформасы жазылды да, 1926 жылдың 4 октябірінде еңбекші қаламгерлердің жалпы жиналысында талқыланып бекітілді. Сол күннен бастал КазАПП осы платформаның бағытында қызмет атқарды.
Қазақ совет әдебиетінің белгілі бір дәуірінде туған, бұрын баспада жарияланбаған бұл платформаны, тарихи документ есебінде енді жарияласақ, өткен дәуірдің тарихи шындығын түсінуде пайдадан басқа келтірері болмас деп ойлаймыз.
1
Патша үкіметінің отаршылдық саясаты бірінші жақтан, қазақтың байлары, ақсүйектері екінші жақтан құл қылған қазақ еңбекшілерінің де көзі Октябрь төңкерісімен ашылды. Орыс пролетариатының қолдауының арқасында қазақ еңбекшілері де тегістік негізіне құрылған кеңесті республика жасады. Қазақ еңбекшілері де қазіргі күнде Коммунист партиясының нұсқауымен социалистік дәуірге беттеді. Қазақ еңбекшілері Октябрь бастаған жұмысты жәрдемдесіп орнына келтірісуге орыс пролетариатымен бір жолда.
(Басы өткен нөмірде. Жалғасы бар)