Биылғы жылғы мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің мерекесінде облысымыздың бірқатар ақын-жазушыларына облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табыс етілді. Сыйлық иегерлерінің бірі – Несібелі Рахмет.

Иә, жұмыстас болғандар Сәңкібайдың осындай сорақылықтарын естіген, небір надандығын көрген. Бірақ көргеннен, естіп-білгеннен не пайда? Ешқайсысында «қыңқ» деу жоқ. «Қыңқ» десең біттің. Басың бәлеге, шегі жоқ дауға қалады. Қыр соңыңа түсіп алады. Сосын қит етсе бітті, не болса соны сылтау қылып тиіседі де отырады. Өзі онсызда майда, малтасын езетін мыжыма емес пе.

Тортан да бір-екі рет «тоңқылдап» көрген. Онысы жуас қойдың жантәсілім етер алдындағы тұяқ серпігеніндей ғана болды. Яғни еш нәтиже шыққан жоқ. Тоңқылдың, қарсылықтың күллісі демде «өліп» кетті, бәрі бекер боп шықты. Бекер болмай қайтеді, қолынан түк келмеді. Түк істей алмады. Бір өзі не істейді. Неге бір өзі дейсіз бе? Әшейінде Сәңкібайдың иісалмастығын жабыла айтып, «Ойбай, мұның миы ең болмаса осыған да жетпеді ғой, неткен таяздық, неткен топастық» – деп жақ жаппай, беттерін қос қолдап шымшитын әріптестері ондайда түк көрмеген, түк естімеген мылқау болады да қалады. Оны айтасыз, бұл солай тоңқылдап, кейде «тарс» етіп жарылып, бұлқан-талқан болып, бастықпен бет жыртысып, ырылдасып жүргенде жанына жан баласының жоламай қоятыны бар. Тіпті кейбіреулері амандасуды доғарып, танымайтын адамдай анадайдан бұрылып кетеді. Тек әнебір аңқылдаған ақкөңіл жігіт – Жайсаң ғана. Қай кезде де үйіріліп қасынан шықпайды. Ал әлгіндей жағдайда тіптен жақын болып кетеді. Мұның ашудан түтіккен жүзі мен түйілген қабағына қайта-қайта қарап:

– Қой, қой, Тортан, ашуланба, қайтесің сол Жексұрынға бола жүйкеңді тоздырып, – дейді шарасыз күйде. – Жексұрын ғой ол, нағыз Жексұрын.

Сондайда екеуі де шынымен-ақ шарасыз күйге түседі-ай! Түспегенде қайтсін. Қолдарынан бұрқырап ашуланғаннан, іштей налып, ренжігеннен басқа не келеді?! Боқ та келмейді! Жалпы адам ең бейшара, ең сорлы, ең қауқарсыз әшейін бір қыбырлаған құмырсқа сияқты екен ғой. «Адам» деген дардай аты ғана. Ал қолынан түк те келмейді. Түк те! Келсе кәне? Өйстіп ауыл шаруашылығының экономикасы түгіл, бір мен екіні қоса алмайтын, тіпті аты мен тегін дұрыстап жаза алмайтын дүмшенің жөн-жосықсыз төпелегеніне көніп, «іріген аузынан шыққан шіріген сөздерін» естіп құлағы сарсылып, есек құсап отыра берер ме еді. Бірақ отыра бермегенде қайтеді? Бастығының үстінен арыз айта ма? Жоғары жаққа шағымдана ма? Ал шағымданды дейік. Сонда олар не істейді? Сәңкібайды орнынан алып тастай ма? Неге алады? Осы жұмсақ орынтаққа жайғастырған солардың өзі емес пе? Сонда бұл не істеуі керек? Жұмыс ауыстыра ма? Не, басқа жер жетісіп тұр дейсің бе? Қай қатардағы маманның шекесі қызып, керемет бастыққа, мейлі керемет болмай-ақ қойсын, жәй, жібі түзу жетекшіге жари қалып еді? Бүгінде мекеме бастықтарының бәрі болмаса да, көбі осындай. Осындай болмай қайтеді, олар қазір ештеңеден, ешкімнен қорықпайды. Ұжымнан, көпшіліктен қаймығуды, кісіден именуді, жалпы ұят дегенді ұмытты. Ойларына не келеді, соны істейді. Өйткені оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Тәк, тәк деп отыратын «әжелер мен қожалар» сол жоғарыдағы дәулердің өзі ғой. Сонан Сәңкібай сияқтылар талтаңдамай, кім талтаңдасын?! Жерден алып, жерге салып қанша жамандасақ та, келмеске кеткен бұрынғы қоғамда басшылар аздап та болса қорқатын. Аздап емес-ау, жоғарғы орындардан, бағынатын сатылардан кәдімгідей сескенетін. Ал тәртіп бұзғаны, заңға қайшы әрекет жасағаны үшін жиналысқа түсіп, партбилеттен айырылу ше? Бұл – өліммен бірдей болатын! Осы жазадан бастықтар өлердей қорқатын. Сондықтан халықпен есептесіп, шектен шықпай, аяқтарын тартып-тартып басатын.

Бұл, әрине, Тортанның өткенді көксегені емес. Бірақ, мейманасы тасығандарды тәубесіне келтіріп тұратын сондай бір жүйе болса деп армандайды.

«Ей, Алла тағала-ай, кеңсің-ау, тым жомартсың-ау, – деп ойлайды кейде Тортан. – Әйтпесе, осыншама кең болмасаң, осындай, Сәңкібай сияқты имансыздарды өйстіп талтаңдатып, жазықсыз құлдарыңның төбесіне тыштырып қояр ма едің?»

Осындай күйінгенде Тортан тағы мынаны ойлайды және үнемі ойлайды: Шіркін-ай, ауылда ғой, қаншама азаматтар жүр. Бой десе бой, ой десе ойлары бар. Қолдарынан келмейтіндері жоқ. Істің көзін біледі. Қандай шаруаны болса да игеріп әкетеді. Әттең, қалталарында диплом жоқ. Оқымай қалған. Бірақ, кей бір емес, бақандай үш университет бітіріп, білдей-білдей мекемелер мен құрылымдарды басқарып, шырт түкіріп, шіреніп отырған оқығандарды он екі орап ала алады. Олардың білмейтіндері де жоқ. Май-май болып, ертеден қара кешке дейін айналдыратындары темір-терсек, атқаратындары қара жұмыс. Сөйтіп сылым-сылымдары шығып жүріп қолдарынан газет-журнал, кітап түспейтіндерін қайтерсін. Ой-бой, олардың шаң мен майдан көздері жылтырап әрең көрініп тұрып, әлемнің әр шалғайында болып жатқан дүрбелеңдер мен маңызды оқиғаларды айтып, саясатты соққандарын естігенде, қалада қатырма жаға көйлек киіп, шоқпардай гәлстүк байлап, пәпкі ұстап сіресіп, білдей қызметкермін деп жүргендер жолда қалады. Әттең, ауылға әлі ұялы байланыс пен интернет бармай тұр.

Өзінің саласын бір кісідей білемін, оның үстіне келешекте қорғаймын ба деп тынбай оқып, жан-жақты ізденіп, саяси да рухани да сауатын, білім-білігін жетілдіріп жүрген Тортанның өзі олардың кейбіреулерінен іштей қаймығады. Иә, иә, олай етпеске болмайды. Анда-санда Қоғалыға барғанда көріп жүр. Осылар трактор айдап, егін өсіруден басқаны білмейтін шығар десең, жо-жоқ, қателесесің. Ауылдағы атан жілік жігіттермен ойнапсың. Олардың сүйектері ғана мықты емес, бастары да мықты! Сол қауашақтарының бос емес, толық болғандарынан ғой, кешегі өліара шақта қолдарына балғалары мен тесік бас кетпендерін ұстап жұмыссыз қалған сабаздарың бүгін топ-топ боп бірігіп кооперативтер мен серіктестіктер құрып алғандары. Қазір олардың жағдайы жақсы. Шаруалары дөңгеленіп кетті. Күрішін де егеді, бидайын да өсіреді, қызанақ, қияр, қырыққабат, пияз дегендеріңді жайқалту шот болмай қалды. Өсіргенің не, сол дән мен көкөністеріңнің бәрін жинап-теріп, кептіріп, тұздап, одан тағы басқа да тамақ түрлерін жасап, қалталап, бәнкілеп көрші ағайындарға, тіпті одан да әріректегілерге сатып, пұл ғып отыр. Егер бойда қабілет болмаса, іскерлік болмаса, ұйымдастырушылық өнер болмаса осының бәрін олар қалай жасайды?! Тіпті оны айтасыз, қаладағы жайлы креслоларда шіренген Сәңкібай сияқтылар қалтасындағы қол басындай телефонының түймелерін жөнді баса алмай, алдарында айтабақтай болып тұрған компьютерлерінің тілін білмегендіктен, «тышқанын» да ұстай алмай отырғанда Қоғалыдағылар еврейлер мен немістердің күріш ақтайтын, шұжық жасайтын, айран, ірімшік өндіретін, көкөністеріңізді бұрыштап, тұздап, бәнкілеп, қалбырлап, қалталап беретін шағын зауыттарының мың сан автоматты тетіктері мен оны іске қосып, жалғап, ажырататын бау-шуларын дәл сол технологиялардың авторларындай меңгеріп алды. Ал Шығыстағы елдерден шыққан комбайндар мен тракторларды «оқымаған ерлеріңіз» ұршықша үйіреді. Сынып қалған бөлшектерін ауыстырып, майысқан жерлерін қалыпқа келтіру оларға түк емес. Өткен күзде барғанда көрді, сыныптасы Самалбек Кореяның пресс басатын кіп-кішкентай комбайнын мәстек мінгендей тізгіндеп алыпты. Шөпті қаттап басатын белтемірлерінің бірі Сырдың қатқыл қамысына шыдамай қайта-қайта сына берген екен, үлбіреген жұп-жұқа темірсымаққа жыны келген Самалбек қорада қаңқиып, қаңтарылып тұрған «Енисейдің» планкасын жонып-жонып әкеп салыпты. Сол-ақ екен Самекеңнің ісі ілгерілеп, қарыс қадам жүрсе болды дімкәс жандай «қақалып-шашалып», тас табандап қалатын комбайны бауырын жазған тұлпардай көсіліп сала беріпті. Ал бақташы Жәркеннің баласы Өркен қырманда қарауыл екен. Ол үйілген астықты итеретін «Фушай» деген су жаңа трактордың қалақ тұмсығы кедір-бұдыр асфальтқа тиіп істен шығып қала бергесін «не істеуге болады?» деп күндіз-түн бас қатырыпты. Енді, ойланбай қайтсін. Серіктестіктің жігіттері әппақ, маржандай күріштерін бір емес, екі емес, пәленбай вагонға тиеп алып, елден-ел асып, жерден-жер асып барып айырбастап әкелген «Фушай» ғой бұл. Сонда өйстіп бір маусымға да жарамай қала бере ме? Жо-жоқ, бұлай болмайды. Бір жолын табу керек! Бұл шет еліңнің техникаларының түрі үріп ауызға салатын арудай сүп-сүйкімді болғанымен, бәрі де байдың қатынындай бап тілейді. Жүретін, тұратын жерлері тақтайдай тегіс болуы керек, құятын суы қақ тұрмайтын мөлдір, майы қоспасыз таза болуы тиіс. Ондай кереметтер қайда? Ой-шұңқырсыз жол бола ма? Туғалы ондайды көрген жоқ, естіген де емес. Ендеше аумағы атшаптырым қырман да кедір-бұдырсыз болмайды. Не істеу керек? Сонан жатса да, тұрса да ойланып, «Фушайдың» астын-үстін қайта-қайта қарап, о жер, бұ жерін әбден шұқылап көрген Өркен ақыры тапты. Эврика! Тегістік тілейтін қалақ тұмсықты тиісті тетіктер арқылы болар-болмас көтерді де, етегін кәушік сияқты қалың резеңкемен әдіптеп тастады. Бітті. Енді жалтыр итергіштің жиегі бұдыр жерлерге тиіп желінбейді. Жақсысы, қарауыл жігіт қаптағыш резеңке іздеп қалаға сабылмайды. Қай жылдары мәшине жөндеу шеберханасы ауласының бір бұрышында егесіз үйіліп жатқан тулақтай-тулайқтай резеңкелерді ешкім керек қылып ала қоймағасын, бастырманың астына әкеп жинап тастаған. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен уақытта кеңшардың мүлкі мен малын, әкесінен қалған дүниедей, беттері бүлк етпестен, пышақ үсті бөліп-бөліп алған совхоз басшыларынан бұл резеңкелер қалай қалып қойғанын кім білсін. Әйтеуір көпке дейін бұрышта көмір құсап үйіліп жатты.

Мұндай, қолдарынан келмейтіні жоқ оқымаған «өнертапқыштар» айта берсе ауылда көп-ақ. Мәселен мына тапқыштыққа қалай таңғалмассың. Сауда жасайтын әйелімен бірге Түркияға барған Кәрімқұл ауылға келе іске кірісіпті. Сонда не істеген дейсіз ғой. Әйелі Бибіш о баста зат әкелуді Мәскеу жақтан бастаған. Сол кезде отарбамен әрлі-берлі зырылдап жүргенде өзі сияқты сауда-саттықпен күнелтетін талай «дос» тапқан. Бір жолы Саратовтың бір стансасында тұратын сапарласы Валя екеуі ар жақтарындағы үлкен қаладан артынып-тартынып келе жатады. Стансаға жақындағанда Валя Бибішке пойыздан түсіп, түстеніп кетуін өтінеді. Ауылдан шыққанына бақандай бес күн болған, бала-шағасы мен қыздай қосылған қосағы Кәрімқұлын қатты сағынған Биекең бұл ұсынысқа оңай келісе қойсын ба:

– Нелзия,- депті. – Не надо, – депті. – Кәрімқұл мой мұжық, – депті. – Апаздаем, бёт, – депті. – Потом плохо будет, – депті.

Сол кезде Валя түсіне қойып:

– Нет, нет не ругает. Ты ночевать не будешь. Вечером мы тебя отправим домой. Посадим на следующий скорый поезд, – депті.

«Жол азабы- көр азабы» деген ғой. Сонан жолдың талай қиындығын бірге көріп, бір түйір қиярын бөліп жеген, талай рет плацкарттың тамбурына бірге түнеген Бибіш айтқанға көніп, кішкентай стансадан сапарласымен бірге түсіп қалады. Біреуіне бір баспақтың еті бас-сирағымен сыйып кететін сөмкелерін көтеріп Валяныкіне келсе, үй деген жып-жылы, ұядай. Ауызғы бөлмеде Вәкеңнің өзі жол бойы жүз қайтара айтатын беттері «веснушка-веснушка» үш қызы қатарласып қол мәшине сияқты станокпен зырылда-те-е-еп бөкебай тоқып отыр.

Екеуі терлеп-тепшіп шай ішіп алған соң Валя шаруаның мән-жайын түсіндірді. Бұл бөкебайлар саратовтық емес, орынборлық үлгі бойынша тоқылады. Оның жіптерін Орынборда тұратын шешесі жібереді. Ал кейде өзі барып көп қылып алып келеді екен.

Сол жолы Бибіш Қоғалыға Орынбордың он шақты орамалын және Валяның өзі тоқып жүрген төртінші станокты үш қап жібімен қоса алып келді. Ақшасына әрине, ақша болғанда да келесі «командировкаға» деп жолай айырбастап алған Ресей рубліне.

Орамал, орамал ғой, ә дегеннен-ақ сатылып кетті. Бибіш ауылдың шетіне ілігісімен, «зат көреміз» деп үйіне жиналған әйелдер бір[1]бірден тартып алды. Ал станок…станок Кәрімқұлдың жұмыссыз отырған қарындасы Ақбөпеге жақсы болды. Жас емес пе, жеңгесі бір-екі рет көрсеткесін, онымен қоса Валяның тәптіштеп тұрып жазып берген қағазы мен станоктың нұсқаулық кітапшасын оқи отырып тез-ақ үйреніп алды. Сонан ауылдың бәрі болмаса да, түгелге жуық қыз-келіншектері мен кемпірлері Ақбөпе бөкебайын тартты. Жұмыссыз қыздың жұмысы жанданды.

Бірақ, соңғы уақыттары Ақбөпенің ісі ілгері баспай қойды. «Орынбор-Қоғалы» орамалы өтпейтін болды. Дұрыс та ғой енді. Алақандай ауылдың азғантай әйелдері қашанғы бас киім жаңалай берсін. Әуелгі пәтте бәрі бір-бір сыпырадан, тіпті кейбіреулері екі-үшеуден алып тартты. Қашанғы тартсын. Оның үстіне қазір оқушы қыздардан бастап орта жастағы қатындарға дейін қалпақ киетінді шығарды. Орамал өтпейді.

Өйстіп бірер жыл «бизнесі» жүріп дәуірлеген Ақбөпе екі қолын қалтасына салып, тағы да жұмыссыз қалған.

Қарындасының бейкәсіп болғаны жанына батып, не істерін білмей жүрген Кәрімқұл Ізмірден келісімен білек сыбана іске кірісті. Біраздан бері үстіне ескі көрпе жабулы күйінде қозғалыссыз тұрған станокты қолға алды. Өздері тауар әкелуге барған Ізмірдің шағын бір шұлық-ұйық кооперативінен көріп келді. Осындай станоктар. Дәл осындай болмағанмен, осыған өте ұқсас. Тек кейбір бөлшектерін ғана ауыстырып, бір-екі жерін қайта құрастыру керек. Бұрынғы білікті механизатор емес пе, қолы епсекті, көзі таниды ғой. Бибіш кооператив қожайынымен әңгімелесіп, заттарын алып жатқанда бұл станоктың қай жері қандай екенін көріп, қойын кітапшасына түртіп алды. Ал кетер кезде тығып апарған терілерінің қалғанын қолына ұстатып, Кемран шеберден станокқа қажет бөлшектер мен саймандар алды.

Осылайша бір кездері бөкебай тоқыған Валяның станогынан енді шұлық шығарыла бастады. Жіп дейсіз бе? Орамалдай емес, мұның жібінің жарасы жеңіл екен. Қалаға барсаң болды, қара базарда сөре емес, заттарын жерге жайып жіберіп-ақ галоштан бастап, кірқыстырғыш, қолбақыраш, леген, мәйкі, іш киім, көрпеқап пен тай-тай мақтаға дейін сататын өзбек әйелдер айтсаң болды, мақта жіптің түр-түрін тауып береді. Бір автобуспен бар да, бір автобуспен қайт. Қап[1]қап жіпті әкел де, носки, шұлығыңды, колготкі, гәмәжіңді зырылдатып тоқи бер. Кәрімқұл ойлайды: Бұл жолы Ақбөпе ұзаққа шабады[1]ау. Өйткені шұлық орамал емес қой. Жылына, немесе екі-үш жылда біреуін-ақ алатын. Мұны айына, тіпті кейде он бес, жиырма күнде жаңалап тұруға тура келеді. Және айналып кетейін шұлықты бөкебай сияқты тек төменетектілер ғана алмайды. Шәпкі киген ағайындарға да керек бұл шұлығың. Керек болмағанда қайтеді енді. Көстеңдеп жалаң аяқ жүре ме? Әп-әйдік еркектер түгілі, бірге толған бала да киеді бұл шұлығыңды. Тағы бір жақсысы, бөкебай сияқты салқын кезде ғана керек емес қой, жазда да, күзде де, көктемде де, қысқасы жыл он екі ай бойы ұйықсыз, шұлықсыз жүре алмайсың. Ендеше Ақбөпештің жаңа кәсібі өмірлі болады.

Тортан ауылға барғанда осындай-осындай әңгімелер естиді. Жерлестерінің жасап жатқан жарқын істерін көрген сайын ойға батады: Шынында мұның бәрі бастың алғырлығы емес пе?! Ойдың ұшқырлығы емей не?! Қабілеттің кереметтігі емей не?! Әттең-ай, әттең, осындай ойы да, қабілет-қарымы да мықты, бой-сойы, түр-түсі келіскен, екі иығына екі кісі мінгендей марқасқаларға анау Сәңкібайдың үстіндегі бақшадағы қарақшыға ілгендей болып сөмпиіп, қор боп жүрген қымбат кәстөмді кигізіп, бағалы галстугін байласа жарасар еді-ау, жарасар еді! Жараспақ түгілі – жанып кетер еді! Май-май марқасқаңыз көз алмай қарайтын мүсін боп шыға келер еді. Сосын… Сосын Сәңкібай мен сол типтестердің қолындағы билікті берсе… О-о, онда жұмыс жанданып, дүние түрленіп жүре берер еді. Бір жерде ұзақ уақыт іркіліп тұрған, сонан да иістеніп, борсуға айналған су сияқты ісі ілгерілемей, төрттағандап тоқыраған талай басқармалар мен ұйымдардың, мекемелердің маңдайы ашылып, өн бойына қан жүгіріп, бағы жанып, тірлігі түзелер еді. Бірақ, бірақ қайда ондай күн?! Қайда?

– Үһк, үһк…

Қиялға беріліп жағалау бойымен біраз ұзап кеткен Тортан селк ете қалды. Қараса дәл алдында Жайсаң тұр.

– Ту-у, зорға таптым ғой сені. Іздемеген жерім жоқ. Не болды? Тағы да сол бастық па? Өй, Жексұрын…

Жексұрын демекші, бұл Сәңкібайға көпшіліктің қойған лақап аты. Осылай атайық деп ешкім ешкіммен келіскен жоқ, ешкімді ешкім зорлап, мәжбүрлеген емес. Жұрт өзінен-өзі «Жексұрын» деп атап кеткен. Негізі кім-кімді де жақсы біліп, жазбай танитындардың дәл тауып айтатыны сонша, сол жаңа «есімі» оған сондай жарасып тұрады. Жексұрынға да жалғыз жарасатын нәрсе осы азан шақырмаған аты.

Жайсаң қалтасынан темекі алды да, бір талын бұған ұсынды. Екіншісін өзінің езуіне қыстырды.

– Жүр, – деді сосын. – Жүр, жүрек жалғап алайық. Дәмханада отырып сөйлесейік. Жексұрынның ішін кептірейік.

Тортан түк деместен темекісін бұрқыратып Жайсаңмен қатарласа берді.

Соңы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған